Әлеуметтік баға – әлеуметке көмек
Ел ішіне таралған індетпен бірге ілесіп келген қиыншылық ол базардағы азық-түлік өнімдерінің бағасының шарықтап кетуі еді. Тапқан нәпақасы күнделікті қорғаныш құралы, дәрі-дәрмектен зорға артылып, күнделікті нан мен сүтінен артылмай отырған қарапайым ағайынды әбігерге түсірді. Әрине, мұндайда ел көмекті атқамінерлерден күтеді. Ел ағалары осы қымбатшылыққа тосқауыл қоюды дереу қолға алғаны көңілге медеу болды. Қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыруға терең мән берілді. Осы мақсатта мамандар тарапынан зерделеу үздіксіз жүргізілгенінің нәтижесінде бүгінде қала аумағында халыққа арзандатылған бағада азық-түлік өнімін ұсынатын 30 әлеуметтік дүкен жұмыс жасауда. Оған қоса 300-ден астам тауар түрін қолжетімді бағада сататын «Әлеуметтік маркет» көпшілік көңілінен шығуда. Ірі сауда орындарында нарық бағасынан 10-15 процентке төмендетілген әлеуметтік сөрелер орналастырылған.
– Қалада нан бағасы тұрақты. Басқа өңірден келген туыстарымыз риза болуда. Басқа жақта қымбаттаған бағаға қарамастан бізде бөлке нанның орташа бағасы 62,5 теңгені құрайды. Тіпті ерінбей, әлеуметтік дүкенге барсаңыз тіпті 55-тен де аласыз. Көп тұтынатынымыз нан ғой. Әсіресе, біз сияқты көпбалалы отбасыларға бұл үлкен жеңілдік, – қала тұрғыны, көп балалы ана Р.Аманова.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Б. Мәмен берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде тұрақтандыру қорында 3050,0 тонна өнім бар. Оның ішінде қант – 175,5, 1 сортты ұн – 2023,75, рожки –145,9, сұйық май – 127,8, қырыққабат – 0,01, күріш – 426,8, тұз – 17, қарақұмық – 9,1 тоннаны құрайды. Ал жұмыртқа 1, 5 млн дананы шамаласа, сиыр еті – 33,8, құс еті – 46,7, сүт – 38,5, картоп – 5,5 тонна шамасында. Оның айтуынша, ет өнімін тұрақтандыру мақсатында «Б.Рсалиев» шаруа қожалығымен келісім-шарт жасалған. Нәтижесінде қаланың 6 аумағында орналасқан жеке сауда орнында сиыр еті 1600 теңгеден сатылуда. Алдағы уақытта шаруашылық ет сату орнын көбейтуді жоспарлап отыр.
Шынында, қазіргі нарық екі бүйірден қысқанмен, жергілікті атқарушы органдар елдің базынасын ескеріп, үздіксіз рейд жүргізіп, бағаны жосықсыз жоғарылатуға тыйым салып, өнім өндірушімен тиімді шарт жасасып, дүкен сөресіне арзан өнім жеткізуде. Ал тұрғындар әлеуметтік дүкендердің көбейгеніне дән риза.
Г.Асқарқызы