Кәсіпкер көмегі
Сыр жұртшылығы сын сәтті жұмыла еңсеруде. Ерікті жастар науқастарға көмек көрсетуге қолғабыс жасаса, аймақ кәсіпкерлері ауруханаларда дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғы тапшылығы орын алмауын қадағалауда. Осы орайда шаһар кәсіпкері «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС-нің директоры Нұрболат Ибраев елмен бірге екенін білдіріп, Қызылорда теміржол ауруханасына құны 1 млн теңгені құрайтын 2 оттегі конденсаторын алып берді.
Індет асқынған сәттен облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан теміржол аурухансында провизорлық стационар ашу туралы шешім қабылданған болатын. Алғашқы тәуліктен-ақ белгіленген орындар толып, ем-дом жүргізу қолға алынған. Дәрігерлердің сөзінше, ем қабылдаушылардың жағдайы орташа дәрежеде. Бүгінгі келіп түскен оттегі конденсаторының негізгі міндеті – науқастардың тыныс алуын жеңілдету. Сондықтан, кәсіпкердің көмегі науқастың өміріне араша түсер амал екені сөзсіз.
– Әлемді шарпыған пандемия Қазақстанды да айналып өтпеді. Осынау сын сәтте қала кәсіпкерлері бірлесе көмек жасауды қолға алды. Біз де өз үлесімізді қосқып, науқастарға жәрдемдесу мақсатында 2 оттегі конденсаторын табыстадық. Аймақтағы барша кәсіпкерлерді елге демеу болып, көмек көрсетуге шақырамын, – деді «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС директоры Нұрболат Ибраев.
Аурухана қызметкерлері де кәсіпкерге алғаусыз алғыс білдіріп, тұрғындардың ықыласын жеткізді.
– Құрылғы науқастардың дем алуын жеңілдетіні белгілі. Сондықтан, кәсіпкердің көмегі – Сыр жұртшылығына жасаған жәрдем деп қабылдаймыз. Сол себепті, Нұрболат Балтабайұлына үлкен алғыс білдіргім келеді. Қала әкімдігі мен еріктілер тарапынан көрсетілген көмектер де айтарлықтай жеңілдік туғызды. Соның арқасында жағдай тұрақталып, бастапқыға қарағанда шақыртулар саны азайды, – Қызылорда теміржол ауруханасының директоры Сұлтанбек Кенжебаев.
Бұл пандемия кезіндегі Сыр кәсіпкерлерінің алғашқы көмегі емес. Бұған дейін Қызылорда қаласы әкімдігінің ұйтқы болуымен шаһар кәсіпкерлері, құрылысшылары мен елжанды азаматтары атынан 41 млн теңгені құрайтын 48 оттегі конденсаторы ауруханаларға жеткізілген. Оған қоса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев Ана мен Бала орталығына екі кислородтық концентратор сыйға тартқан. Ал, «Қызылорда», «Bella Vista», «Бәйтерек» қонақ үйлерінің егелері коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге қонақжайдан орын бөлген еді.
– Қала әкімдігі тарапынан дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында індетпен күресіп жүрген дәрігерлерді орналастыру үшін «Сырдария» лагерінен 100 орын дайындалды. Сонымен қатар, оттегі баллондары, медициналық құрал-жабдықтар, жүк тасымалдайтын автокөліктер және медицина қызметкерлері ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қызылорда қаласы әкімдігінің 30-ға жуық қызметтік көлігі емхана мен ауруханаларға қызмет көрсетуде. Аталған көмек індет басылғанша жалғасатын болады, – деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ