Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тектілік тамыры тереңде

Тектілік тамыры тереңде

Ата-бабаларымыз ат үстінде жү­ріп, көшпелі ғұмыр кешсе де, киелі сөзді қастерлеп, ұлтымыздың салт-дәстүріне терең бойлап, өміріне бағдаршам еткен. Қазіргі қой үстіне бозторғай ұялаған  заманда осындай кеңдік пен кемелдік адамның міне­зінде жетіспей тұратыны кей кезде ойландырады. Ол заманда кіші мен үлкеннің, ата-ана мен баланың, келін мен ененің, ата мен келіннің арасында бір-бірін қас-қабағынан үнсіз түсіну қағидасы қалыптасқан еді. Ағайын арасындағы сыйластықтың алтын тіні үзілмеген болатын. Сол өнегенің үлгісін шешендер мен билер төрелі сөзден түйін жасап, елге аманаттап отырған. Өркениеттің төріне шық­сақ та, бүгінде ескіден қалған есті сөздер адамзатты бейәдеп қы­лықтан аулақтатып, ізгілікке жете­леп отыратыны жасырын емес. Сондықтан көңілге нұрлы сәуле тарататын, рухани әлеміңе шырағдан болатын  дүниеге терең бойласақ, көңіл марқаятыны сөзсіз.  Тектіліктің тамыры тереңдеген сайын құнарлана беретіні сөзсіз. Мына тәмсілдің мәні осындай ізгілікке бастайды.
Қаз дауысты Қазыбек бидің ата­сы Шаншар би де өз заманында өте көреген, парасатты, кемел жан болған екен деседі. Көшпелі қазақтың үрдісімен жолға дайындалады. Таң қылаң бере көшкен ел кейде көз байлана, кейде ақшам ау­ғанда, судың ұшырасуына байланысты, қонуға тоқ­тайды екен. Оты-суы ке­ліскен жерге бірер күн еру қылса, тақырға тап болғанда көп бө­гелмей, үдере көшетін көрінеді. Сондай салқар көштің үстінде ауыл адамдары ел иесі Шаншар ақсақалға келіп, баласы Келдібектің аяғы ауыр келіншегі Тоқмейіл кейіндеп қалғанын, межелі жерге әлі жете алмай жатқанын хабарлайды. Мұны естіген абыз қарт жігіттерге «Келіннің аты болдырып қалған-ау шамасы.  Алдынан менің қара жорғамды жі­беріңдер. Басқа жылқы оны көтере алмайды.  Өйткені келіннің ішінде ал­тын жатыр ғой» депті. Сөйтіп, ауыл адамдары Тоқмейілдің алдынан қайын атасының қара жорғасын алып шығады. Еру қылған жерге ол да таяп қалған екен, жорғаға мінуден бас тартып «Атасының атына келіні мінгені жарамас, обал болар. Мен ертоқымның үзеңгісінен ұстап-ақ ба­райын» деп, ауылға жаяулап жеткен екен. Келісімен толғатып, тал түсте аман-есен босанады. Сонда туған нәресте кейіннен алты Алашқа аты мәшһүр болған өзі шешен, өзі көсем Қазыбек би екен.
Осы бір қып-қысқа әңгімеде қан­дай терең мән жатыр десеңізші. Шаншар абыздың алыстан болжап, ақыл айтатын көрегендігі мен келіні Тоқмейілдің ел анасына тән тектілігі мен биязылығын байқамау мүмкін емес. Шаншар бидің келінінің әрбір әрекетіне, сөзіне, ісіне, оның арғы тегі мен тамырына қарап, дүниеге қандай бала келетінін бұрыннан біліп, күтіп жүрген парасатты болмысы қайран қалдырады.
Ал, өн бойы ұлағатпен үндескен келіні болса, қанша жерден жаны қиналса да, адалдықтың ала жібін аттамай, атасының мінген атына міну­ді жөнсіз санап,  сабыр танытты.  Алтын құрсақты ананың пайым-пара­саты қандай керемет! «Алып анадан туады» деген бәлки,  осы шығар.
Г.Қожахметова
31 шілде 2020 ж. 446 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам