Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Келіннің аяғынан...

Келіннің аяғынан...

   
Қайбір күні әлеуметтік желіде жаңа түскен келіннің аяғының астына қасқыр ішік тастап, беташар дәстүрі жасалған бейнежазба желдей есті. Бұл жазба ғаламторда кеңінен таралды. Ел арасында үлкен талқыға түскенін де білеміз. Бас-аяғы бес минутқа жетер-жетпес видеоның соңы мұндай дауға ұласуына не себеп? Той жүргізген асабаның "Беташар рәсімінің алдында келінді "қасқыр жүректі ұл тусын" деген ниетпен осындай ырым жасап жатқан жайымыз бар" деген бір-екі ауыз сөзі отқа май құя түскен тәрізді.    Ықылым заманнан қалыптасқан баба салтынан хабары бар желідегі оқырмандардың көбісі "Жас келіннің аяғының астына "қойдай жуас болсын" деп қой терісін тастайды", "Қасқырдай төске шапсын дедіңдер ме?", "Қайдағы жоқ ырымды шығарып жүресіңдер" деген ренішті пікірлерін жарыса жазып жатты. Олардың арасында осындай жағдайлардан соң беташар секілді келін үшін тәлімі көл-көсір әдет-ғұрыптың бұрмаланып кететінін де жанашырлықпен айтқандар табылды.
         Бұл мәселе сырт көзге түймедей нәрсені түйедей ету секілді көрінетін шығар. Дегенмен, оның астарында тұтастай ұлт, ұрпақ тәрбиесі тұр емес пе? Осыны естен шығармаған жөн. Көреген қазақ "Келіннің аяғынан" деп қашанда бұл мәселені назардан тыс қалдырмаған. Тіпті, ақылман аналар дүниеге келер сәби тәрбиесін жатырда жатқан сәтінен бастап-ақ біреудің ала жібін аттамауға, халықтың баласы болуға баулып отырған. Бабадан қалған салт-дәстүрдің бірін де қаза етпей, жөн-жоралғысы бойынша жүзеге асырған. Себебі, оның төркінінде бұл дәстүрлер шынымен де ана мен сәби өміріне ықпал етеді деген сенім қалыптасқан.
         Қала тұрғыны Үрпатша Тәңірбердиева – көпті көрген кейуана. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Талай келінге тәлімді тәрбие берді. Ақжаулықты ананың бұл жөнінде айтары аз емес.
         – Қазақ айналада орын алған әрбір өзгерісті жақсылыққа балаған, ізгілікке ниет еткен. Сондықтан жаңа түскен келіннің беташар рәсімін де ата жолынан аттамай жасаған. "Болашақ бір әулеттің үлкен анасы болар оның мінезі жұмсақ болсын" деп иленген қой терісін немесе ақ ешкінің тулағын тастаған. Бұл келініміз қойдай жұмсақ болсын, балалары көп болсын деген наныммен байланысты. Ырымшыл халықпыз ғой. Ал, жүкті келіншектің ішіндегі ұл "батыр болсын" деп, жыртқыштың жүрегін жегізген" деген де әңгімелер бар, – бар деді ол кісі.
          Расында, ел аузындағы әпсаналардың бірінде жолбарыстың жүрегіне жерік болған аналар болғандығы баяндалады. Ал, Үрпатша әжеміздің айтуынша, жаңағы заманауи тойдың бірінде орын алған келіннің аяғының астына қасқыр ішігін тастау – салт-дәстүрімізді өрескел түрде бұрмалауға келіп саяды екен. Оны бүгін біреуіміз жасасақ, келесіде оны өзге біреу тағы да қайталауы мүмкін. Сосын беташар салтының мазмұны да, сипаты да бұзылып шыға келмесіне кім кепіл? Сондықтан халқымыздың рухани құндылықтарына айналған дәстүрлерін үлкен сауаттылықпен жөн-жоралғысын жасап, өнеге еткеніміз дұрыс.
         Расында, "Беташар" рәсімі қазақ салт-дәстүрінің, әсіресе, келін түсіру салтының ең тамаша, барынша салтанатты, көркемдік өресі өте жоғары, бізде ғана бар озық мәдениет саналады. Ендеше, "Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса" деп немқұрайдылыққа салынбай, әрбір той иесі қуанышында жасалар салт-дәстүрлерді өз биігінде ұлықтай білгені абзал.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
26 ақпан 2019 ж. 3 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам