Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Облыс әкімі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: Оқушылардың 83 проценті бірінші тоқсанды қашықтан оқиды

Облыс әкімі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: Оқушылардың 83 проценті бірінші тоқсанды қашықтан оқиды



Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта жаңа оқу жылына дайындық шаралары белсенді жүргізілуде. Жақында ғана қала және аудан әкімдерінің қатысуымен аппарат мәжілісі өтіп, аталмыш мәселе төңірегінде нақты тапсырмалар берілді. Биыл облыстағы 293 мектепте 168 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Ал, 1 сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданбақ. Ағымдағы жылы облыстағы 55 білім беру нысанының күрделі жөндеуіне 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, бүгінде оның 70 проценті аяқталған. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында айтты. Аймақ басшысы онда білім саласында қолға алынған шаралар мен оқу жылын қашықтан өткізу форматының ерекшеліктеріне тоқталды.
«Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев:
– Гүлшара Наушақызы, қыркүйекте балалардың қашықтан оқу форматында білім алатыны белгілі болды. Оқушыларға компьютерлер, планшеттер алынып беріле ме? Жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді ме?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Сұрағыңыз орынды. Қашықтан оқытуда электронды құрылғылардың, интернеттің  болуы маңызды. Осы ретте оқушылардың компьютер, планшет, ноутбук, смартфондармен қамтылуы талданды.  Жетіспейтін құралдар, бірінші кезекте мектеп балансындағы техникаларды беру арқылы, екінші  жергілікті жерде демеушілердің қолдауымен  шешілуде. Ал, жергілікті бюджет есебінен 2 635 планшет алуға 176,0 млн. теңге бөлінуде. Барлық бала назардан тыс қалмайды.
«Qyzylоrda» телеарнасының редакторы Шолпан Исабекова:
– Ата-аналардың бірі ретінде мені де бастауыш сыныпта оқитын балалардың қалай білім алатыны алаңдатады.  Бұл мәселе қалай болмақ?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Бұрын алғашқы қоңырау балалар мен ұстаздар үшін де, ата-аналар  үшін де ерекше мереке еді. Әсіресе балалары мектеп табалдырығын аттайтын ата-аналар үшін зор қуаныш еді. Расында, жаңа оқу жылын ерекше жағдайда бастау барлық білім алу процесіне қатысушыларға оңай болмайтыны анық. Оның ішінде, әрине бастауыш сынып оқушыларына, әсіресе, 1 сыныпқа баратын балаларымыз ерекше қолдауды қажет етеді. Осыны ескере келе, ата-аналардың өтінішімен мектепте 1-4 сыныптар үшін кезекші топтар жұмыс жасайды. Топтағы бала саны 15-тен аспауы тиіс. Облыс көлемінде оқытудың бұл форматы өз деңгейінде жүзеге асырылады. Кезекші топтар бойынша әр сыныпқа 1 ғана мұғалім сабақ беретін болады.
«Хабар 24» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбек:
– Жаңа оқу жылына дайындық бары­сында оқушылармен қатар мұғалімдерге де мән беру қажет. Бүгінгі облыстағы педагогтарға қаншалықты жағдай жаса­лады. Жасыратыны жоқ, компьютері жоқ ұстаздар бар. Бұл мәселе қалай шешіледі?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Қазіргі таңда балалармен қатар ұстаздарымыздың қашықтан оқыту дайындығы біздің назарымызда. Облыста 20259 мұғалім қызмет етеді. Ақпараттық технология дамыған уақытта әрбір педагогтың өз техникалық құралының болуы заман талабы. Дегенмен, мәселені шешу үшін аса қажеттілігі бар ұстаздарға мектептердегі компьютерлер беріледі. Сонымен бірге педагогтарға 306 ноутбук тапсырылады. Біз педагог мәртебесін көтеру үшін қажетті жағдайларды жасайтын боламыз.
Облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі София Алдамжарова:
– Мектептердің әжетхана мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектеп әжетхана­ларын ішке кіргізу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқтала ма?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Әрине, балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Бүгінгі күнге облыстағы 91 мектептің әжетханасын ішке енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен 158 млн. теңге қаражат қаралған. Аталмыш жұмыс 15 тамызға дейін аяқталады деп күтілуде.
Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Ғазиза Әбілда:
– Облыста мектеп құрылыстары жыл сайын жүргенімен, апатты мектептер, оқушы орнының тапшылығы мәселесі әлі де бар. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынуда?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Өңірде соңғы жылдары демографиялық өсім жоғары болуының нәтижесінде жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп келеді. Бұл бізге қосымша мектеп салуды сөзсіз қажет етеді. Мектеп құрылысын салуда бірінші кезекте апатты және үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін басымдық беріледі. Облыста қазір Жаңақорған және Жалағаш аудандарында 2 апатты мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Жалағаш ауданындағы №34 мектеп жаңа оқу жылына тапсырылады. Ал, Арал ауданындағы бір мектепке жоба-сметалық құжаттар әзірленуде.
«Ұстаз мәртебесі» газетінің тілшісі Елдос Асан:
– Жыл сайын мектеп оқушылары үшін «Мектепке жол» акциясы өткізілетінін білеміз. Биылғы пандемия шараларына сәйкес әлеуметтік акция жалғаса ма? Көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларға қандай нақты көмектер жасалады?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Өздеріңізге белгілі, «Мектепке жол» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп, балаларға киім-кешек, оқу құралдары берілетін. Биыл акцияның бағыты өзгерді. Яғни, демеушілер есебінен әлеуметтік осал топтағы отбасы балаларына электронды құрылғылар мен интернет роутерлері беріледі. Бүгінгі күні жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға 100 планшет берілді. Мұнан бөлек, Алматыдағы «Дара» қайырымдылық қоры арқылы үйден оқытылатын балаларға 124 планшет, 233 ноутбук 1 қыркүйекке дейін тапсырылады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қолдау білдірген демеушілерге ерекше алғыс айтқым келеді.
Қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Бағлан Тілеубергенова:
– Жыл сайын колледждерге едәуір гранттар бөлінетінінен хабардармыз. Биыл қанша грант бөлінді?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Пандемияға байланысты облыстағы колледждер де оқуды қашықтық форматында өткізеді. Биылғы талапкерлер емтихан тапсырмайды. Аттестаттың орташа балл негізінде оқуға қабылданады. Биыл жаңа оқу жылына 3128 грант бөлінді. Сонымен қатар «Нәтижелі еңбек» бағдарламасы бойынша 1515 орын қарастырылып отыр. Бұл гранттар бойынша аймаққа қажетті педагогика, медицина, өнер, құрылыс, техникалық, ауыл шаруашылығы, тау-кен, қызмет көрсету салаларына қажетті мамандар даярланатын болады.
«Халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Рыскелді Жахман:
– Жаңа оқу жылына дейін небәрі 20 күннен астам уақыт қалды. Жыл сайын ата-аналар мектеп оқулықтары мәселесімен бетпе-бет келеді. Биыл облыс көлемінде оқулық тапшылығы туындамайды ма?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Дұрыс айтасыз. Оқу қашықтан жүргізілгенімен, оқулық қажеттілігі өзектілігін жоймайды. Себебі, бала үйде де оқулық негізінде сабаққа әзірленеді. Бұл мақсатқа 1,2 млрд. теңге қаржы қаралды. Бүгінгі күні оқулықтардың уақытылы жетуі үшін баспалармен келісілген. Оқулықтар 20 тамызға толығымен жеткізіледі. 1 қыркүйекке дейін білім алушылар оқулықты қолына алады деп күтілуде.
«Qogam TV» телеарнасының тілшісі Нұрдәулет ҚалАбеков:
– БАҚ беттерінде мектептерді бейне­бақылаумен қамта­масыз ету мәселесі жиі көтеріледі. Бұл мәселе біздің аймақта шешімін тапты ма?
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Мек­тептерді жаңа талапқа сай бейнекамералармен қамту үшін облыстық бюджеттен биыл 250,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Қазір 70 мектепке бейне­камераларды орнатудамыз. Әлбетте, бұл бірден шешілетін мәселе емес. Әрі көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Дегенмен карантин уақытында 83 процент бала үй жағдайында қашықтан білім ала­тынын ескерсек, әрбір ата-ананы бала қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Баспасөз жиыны соңында аймақ басшысы өңірдің білім саласындағы осындай келелі істерді баяндай отырып, оны халыққа жедел ақпараттандыруда қызмет етіп жүрген жер­гілікті БАҚ өкілдеріне алғысын жеткізді.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
08 тамыз 2020 ж. 388 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам