Түлік төлден өседі
Ежелден мал баққан халқымыз ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаса да қадірін жақсы білген. Себебі ешкі ерекше күй талғамайды, әрі қойға қарағанда тез көбейеді. Бұған қоса ешкінің сүті де, еті де шипалы қасиетке ие. Жалпы, ешкінің сүті мен етінің қасиетін түсінген дамыған елдер бұл істі бір ізге қойған. Ешкі өсіріп, одан тәуір табыс тауып отырған елдердің де қатары көп. Бабаларымыз «Мал – әулие, малсыз болсаң жарылқар қай әулие» деп айтқандай, малды кие санаған керемет халық – қазақ шығар. Оның ұрпақтары шопан таяғын қолынан тастамай, ата дәстүрді әлі дәріптеп келеді.
Солардың бірін біз іздеп шықтық. Естігеніміз бар, қалаға қарасты Жақыпбек Маханбетов ауылында асыл тұқымды ешкімен айналысып отырған Несібелі апамыз жайлы. Ауыл адамы дүниеге шаруаның көзімен қарайды ғой, Жаңақорған ауданынан осында қоныстанған күннен қол қусырып отыруға жаны қас кісі үйренген кәсібіне кірісті. Өзі зейнеткер, алайда баланың тиын-тебен тапқанына қарап, үйде алаңсыз отыруды ар санайды. Әрекеті әлді, қозғалысы тың. Әйелмін деп бейнеттен бейтарап емес, еткен еңбегін анау-мынау еркегің істей алмайды.
– Шырағым, түлік төлден өседі. Баладай баптап, аналық мейірімді төксең мал өз басын өзі молайтады. Мұның қасында ешкіні қорада қамап ұстап, қолмен азықтандыруға біршама күш керек. Ауыл тынысы кеңейген сайын жайылым жоқтың қасы болды. Ешкі малы еркіндікті сүйеді. Аяғымен жүріп азықтанғанды қалайды. Бірақ тал-ағашқа өш, «ешкінің даусынан ағаш дірілдейді» деген бар. Барға қанағат, тар жерден де табыс табуға болады, – дейді оның ә дегеннен әңгімесі.
Шынында қораны жыл он екі айға лайықтап салған. Ешкінің басы көбейіп қалыпты. Әрине, тұқымы емес, қаны таза түрін жинақтапты. Мұнда Швейцариядан әкелінген «Заанен» және англиялық «Англо нуби» тұқымды ешкілері бар. Ерекшелігі – олар көбіне егізден, кейде 3 лақтан табады.
– Қолымда қолқанат бала да, келін де бар, бірақ күш-қуатым, денсаулығым сыр бермесін деймін. Ауылда мал бағып өскен адамбыз, бұл ешкіге көңілімнің құлағаны, ол басқа тұқымдастарынан сүттілігімен тәнті етті. Бүгінде медицина мамандары адам ағзасына ешкі сүтінің пайдасы көп екендігін айтып жатыр. Сондықтан да сүті қымбат. Тұтынушылардың көп болатындығын білгендіктен, ойымды батыл жүзеге асырдым, – деді зейнеткер.
Сүт турасында атақты ғалым Ибн Сина да өзінің «Дәрігерлік ғылым қағидасы» кітабында сөз қозғайды. Ол аталмыш еңбегінде сүттің кәрі мен жасқа бірдей ортақ ас екенін, әсіресе жасы егде кісілерге таптырмас тағам екенін жазған.
Деректерге сүйенсек, жер бетінде Сексек ата тұқымының оннан аса түрі бар. Оның етті, етті-сүтті, түбітті-жүнді түрлері әлемде кеңінен таралған. Мәселен, ангор ешкісінің түбіті ұзын жібектей болса, заанин ешкісі сүтті келеді. Ешкінің етті тұқымы Қытай мен Үндістанда, сүттісі – араб елдері мен Еуропада, түбіттісі – АҚШ, Түркияда көп өсіріледі екен. Мүйізді жануардың басты ерекшелігі – күй талғамайды.
– Ешкі – өте өсімтал түлік. Жалпы, ешкінің сүтті болуының сексен пайызы текеге байланысты. Егер теке сүтті тұқымнан шықса, оның төлі де сүтті болады. Сондықтан интернетке жүгініп, басқа өңірлерде қай тұқымның тәуірін, қай тұқымның сүттілігін салыстырамын. Реті келсе, алыс жер болса да сауынға мықтысын сатып алдырамын. Жаз жайлы ғой, ал қыста ешкілерге шөп пен жем береміз. Яғни бұл уақытта қалаған азығын жей алмағандықтан сүті азайып кетеді. Күніге екі рет сауылады. Жазда сауын ешкілерден он бес литрге дейін сүт аламыз. Жалпы ешкі екі жүз түрлі шөп жейді екен. Негізінен гүлдермен қоректенеді. Қойға қарағанда ешкі көп ауырмайды. Қой астынан сыз өтсе жата береді, ал ешкі сызға осал. Табанынан суық өтсе, ол жерге мүлдем жоламайды. Жалпы, қорасы жылы, азығы мол болса, аса көп күтімнің қажеті жоқ. Ал қора ылғал, шөп құнарсыз болса, сүтінің майлылығы азаяды, – дейді Несібелі Мұсабек.
Осы қазақта «Есің кетсе, ешкі жи...» деген мәтел бар. Сексек атаның бұл баласы бір сауғанда 2-3 литрге дейін сүт береді. Ал сүттің литрі қымбат, сұранысқа қарай бағасы да өзгеріп тұрады. Демек, нарық заманына ешкі ыңғайлы.
Қазір Несібелі апайдың қорасында асыл тұқымды 45 ешкі бар. Ішінде «Лексус» есімді теке жүр. Оны Уфадан алып келген. 2019 жылы Қазақстанда өткен текелер байқауында гран-при алған екен. Бұл асыл тұқымды ешкілердің бағасы да базарда жоғары. Әрі үлкен сұранысқа ие. Іздеп келуші болса, бағасына келіссе, ешкіні сатып тұратынын жеткізді. Тағы бір ескерер жәйт, тегі текті ешкі қазақы ешкіге қарағанда таза әрі тойымды келеді. Сондай-ақ, семірмейді. Өзінің қалпын ұстап тұрады. Сонымен қатар «альпі», «пиакок», «чех» секілді сүтті бағыттағы ешкілері бар.
Несібелі апаның несібесіне берген бақ шығар, ешкі күнкөрісіне жарап тұр. Бұған шүкіршілік етеді. Сонда да болса сөз соңында ол кісінің кең пейіліне куә болдық. – Шырағым, өмір болған соң бастан не өтпейді. Қазір нәрестесін азықтандыруға төсінен сүт шықпай қиналған жас келіншектер кездеседі.Мен сауап үшін ешкі сүтін оларға тегін беремін, – деді. Мына сөз маған мейірімін төккен анамды елестетті.
Жарасхан Қуанышбайұлы
Суретті түсірген Н.Нұржаубай