Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Сыр жиһазының» сапасы сыр бермейді

«Сыр жиһазының» сапасы сыр бермейді

«Арзанның сорпасы татымас» дегендей, қазір халық сән мен сапаның байыбына барған. Себебі, қарапайым халықтың қолы жетіп, сатып алған арзандау деген жиһазы сапасыз болып, ұзамай-ақ қаңқасы салдырлап сыр беруде. Осыны ұғынған тұрғындар үйін енді өз талғамы бойынша жасалған дүниелермен көмкеруді жөн санаған. Бүгінде тек қызылордалықтардың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушылардың осындай сұранысын қанағат­тандырып келе жатқан жиһаз шығарушы цехтардың қатарында өзгелерден оқ бойы озық тұрған «Сыр жиһазы»  ЖК-нің аты көпке мәлім. Ағаштан түйін түйген ұста, сапалы жиһаз, үздік дизайн үлгісін іздеп жүрсеңіз, дереу осында ат басын бұрыңыз.

Цехқа барғанда...
Қала орталығында орналасқан «Сыр жиһазы» мекемесіне қарай аяңдап келеміз. Бізге өзін осы мекеменің директорымын деп таныстырған Рүстем Ізтілеуов алдымыздан шығып, үлкен цех жұмысымен таныстыра бастады. Есіктен енгеннен кескен ағаш үгінділері мен сырлы бояудың иісі қолқаға келеді. Дырылдаған техникалар үздіксіз жұмыс жасап тұр. Ұсталар да бір сәтке аялдап қалған емес. Бірі кесіп, бірі өлшеп, бірі сырлап жатыр. Ал, әне бір жерде жаңа тапсырыс қабылданып жатса, мұнда бір топ жігіт жеткізу жағын ұйымдастырып жатыр. Әйтеуір, қарап тұрған сырт көзге құмырсқадай жыбырлаған тынымсыз еңбектің көрінісіне куә боласыз. Біз барған мезеттің өзінде-ақ 3-4 жігіт көздің жауын алатын сақадай-сақадай дайын жиһаздарды көлікке тиеп, иесіне қарай алып кетті. Заманауи үлгіде дайындалған олардың ешқайсысы шетел өнімдерінен еш кем емес. Бүгінде тек қаланы емес, облысқа қарасты аудан, ауыл-аймақ пен өзге де облыстардың сұранысын өтеп келе жатқан цехтың құрылғанына биыл 23 жыл болыпты. Алғаш 1997 жылы «Асар» мекемесі болып, әуел баста ағаш бұйымдарын шығарудан бастаған мекеме 2010 жылдан бері «Сыр жиһазы» ЖШС ретінде сырбойылықтарға етене танылды. Оның көпшілікке аса танымал болуы да мұндағы әрбір ұстаның өз ісіне деген ұқыптылығы мен ағаштан түйін түйген ұжымның үлкен еңбегінің нәтижесі екені даусыз. Себебі, олар мұны жәй ғана жұмыс деп емес, сүйікті ісімен айналысқандай беріле кіріседі. Әрбір ағашты, әрбір шегені асқан ықыласпен қағады. Сондықтан болар, бұл жерге аяқ басқан адам цехқа емес, құдды бір өнер ордасына енгендей күй кешеді. Бүгінде 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекемеде үлкен-үлкен 4 цех жұмыс істеуде. Ағаш, бояу, пластикалық және жиһаз цехы деп аталатын өте ауқымды нысанда сонау ашылғалы бері келе жатқан осы өнердің майын ішкен кәсіби ұсталар да бар.
– Мұнда 1998 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Ағаш тазалаушы қызметін атқарамын. Ұсталық кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған икем мен шыдамдылық керек. Күнделікті ағашпен жұмыс жасап, оны тегістейміз, кесеміз, сырлаймыз. Бастысы, өзімізге ұнайтын жұмыс. Жалақымыз да тұрақты, – дейді зейнет жасына жақындап қалған Хасан Абдуллаев.
Бағдарлама бағытымен
Цехта үй мен кеңсе, мектеп және медицина меке­мелері, сұлулық салондарына қажетті әдемі әрі сәнді жиһаздардың сан алуан түрі әзірленеді. Сонымен қатар, түрлі пластик бұйымдар да жасалады. Сәнді бұйымдар жасау, жиһаз өндірісі үнемі дамып тұруды қажет ететін сала болғандықтан өткен жылдың қыркүйегінде «Даму» бағдарламасы аясында ауқымды цех тынысы кеңейтілген. Кәсіпкер ол қаражатқа өндіріске қажетті жабдықтар сатып алып, жұмыс өнімділігін бірнеше есе арттырып отыр. Айта кетейік, елімізде жыл басынан бері кәсіпкерлерді қолдауға арналған «Қарапайым заттар экономикасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылғаны белгілі. Бұл бағдарлама бойынша өнеркәсіп орындары екінші деңгейлі банктерден алған несиесін жылына 9 процентке дейін субсидиялай алады.
– Жаңа технологияларды өндірісте пайдалана білу – уақыт талабы. Мәселен, «Шпон» деп аталатын станок сапалы есік шығаруға септігін тигізуде. Қазір мемлекет кәсіп ашамын дегендерге жақсы қолдау білдіреді. Жеңілдетілген несие де, түрлі гранттар да жеткілікті. Тек соны тиімді пайдалана білу керек. Өндіріс нарығындағы 20 жылда біз жеткен жетістік аз емес. Қайбір жылдары «Қазақстанның үздік тауарлары» атты өңірлік көрме-байқауына қатысып, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша бірінші орынға ие болдық, – дейді цех директоры Рүстем Ізтілеуов.

Ағаш шеберлері қажет
Цехқа алакеуімде кіріп, күн еңкейе бір-ақ шығатын ағаш шеберлеріне деген сұраныс мұнда өте жоғары. Шеберханаға кіргелі тізе бүкпестен станокта тұру, қатқан ағашты бағындыру, ою, өрнектеу, тазалау, тегістеу, өлшеу, кесу мұның барлығы екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі іс. Кадр мәселесі туралы әңгіме қозғалғанда мекеме басшысы дайын маманның жоқтығын жа­сырмады. Оның айтуынша, мұн­да жұмыс істеуге қызығып келе­тіндер көп болғанмен, еңбек қиындығына шыдамай кетіп қалатындар да жоқ емес. Тек ата кәсіп бойына дарыған, таланты мен талабы ұштасқан жастар ғана қайнаған еңбектің ортасында шыңдалады.
Осындай өз істеріне адал бе­рілген ұсталардың қолынан шық­қан толымды дүниелер талай үйдің көркін ашып, қуаныш сыйлады. Қазір қаладағы екі үйдің біріне бас сұға қалсаңыз, төрінде «Сыр жиһазының» кереуеті маңғаз қағып тұруы ғажап емес. Ендеше, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап, отандық өнімді қолдасақ, мұхит асып, шетел нарығын да жаулап алуға қауқары­мыз бар.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
11 тамыз 2020 ж. 589 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 430 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам