«Бәйтеректе» бой көтерді білім үйі
«Бәйтерек» ықшам ауданы – қала маңындағы құрылыс қарқыны жоғары аймақтың бірі. Қажетті инфрақұрылым жеткізілген мезетте мөлтек ауданға қоныстанушылар саны артып, жаңадан бой көтерген үйлер көбейген еді. Қоныстанғандардың басым бөлігі – жас отбасы. Сондықтан уақыт өте ең өзекті мәселе мектеп тапшылығына айналды. Оқушылар қала орталығы мен жақын маңдағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болып, ата-ананың алаңы ұлғайған. Жол шығынын қоспағанда, шаһардың шетіне күнделікті қатынау балалар түгіл ересектер үшін де қиынға соғатыны анық. Биыл аталған мәселені шешу мақсатында ықшам ауданда жаңа мектептің құрылысы басталды.
Осыған орай, бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс барысымен танысып, нысанның алғашқы кірпішін қалады. Сондай-ақ, игі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева мен Наталья Жұмаділдаева қатысып, құрылыс жобасының мән-жайына қанықты.
– «Бәйтерек» шағын ауданы 6 мың отбасы¬ның қоныстануына арналған. Білім ошағының құрылысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Ықшам ауданның орта тұсында бой көтеретін мектепке қатынау қиындық тудырмасы анық. Оған қоса, қоғамдық көлік пен балалар тасымалына арналған автокөліктер қарастырылатын болады, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, орын тапшылығын болдырмау мақсатында аталған аймақта тағы екі мектептің жобалық-сметалық құжаты әзірленбек. Ал, қала аумағындағы «Саяхат» шағын ауданында – 600, Е.Демесінов көшесінің бойында 500 орындық екі мектептің құрылысы инвесторлар есебінен жүргізілуде.
– Жоспарға сәйкес, нысанды желтоқсан айына дейін бітіру көзделген. Осы мақсатта 140 құрылысшы екі ауысыммен жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті техника мен материалдар толық жеткізілді. Тек отандық құрылыс материалдарын қолданудамыз. Сапасы жағынан шет елден тасымалданатын өнімнен ешқандай кем емес, – дейді «Болашақ-Девелопмент» ЖШС мердігер мекеме басшысының орынбасары Айдар Әбдірахманов.
Бұл – «Бәйтерек» шағын ауданындағы алғашқы білім ұясы. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілсе, мектеп жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Мұнда оқушыларға барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Білім алушыларға арналған футбол, волейбол, баскетбол, жүгіру, гимнастикалық алаңдары жоспарланса, мұғалімдерге арнайы демалыс орны мен автотұрақ қамтылатын болады.
Сонымен қатар, шаһар басшысы ықшам ауданның игілігі үшін жасалар іс әлі алда екенін айтты. Қала әкімінің сөзінше, бұған дейін аталған аймақтың ішкі көшелерін жөндеу жұмысы жүргізілген. Ендігі кезекте негізі көшені асфальттау қолға алынып, мектеп құрылысы аяқталғанша пайдалануға берілетінін жеткізді.
Құрылыс жұмысына қаныққан облыс әкімі Гүлшара Наушақызы білім ошағының заманауи үлгіде салынып, оқушыларға қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, сала басшыларына құрылыс сапасын бақылауды тапсырды.
Қала тұрғындары да мұндай игі бастамаға ерекше алғысын айтып, мектеп құрылысының жақын арада қолданысқа берілетініне қуаныш білдіруде:
– «Бәйтерек» мөлтек ауданы кеңейіп, жаңадан көптеген тұрғын үйлер салынуда. Өзіміз де жыл басында осы аймақтан жер алып, баспаналы болдық. Егер мектеп құрылысы аяқталса, үш балам қала орталығына қатынамай, жақын жерде білім алар еді. Сондықтан осындай мүмкіндік жасаған қала әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді, – дейді көпбалалы ана Нұрсәуле Жолмырзақызы.
Сонымен, «Бәйтеректе» берекелі тірлік басталды. Тұрғындар құрылыс барысын көзбен көріп, сапалы жүргізілуіне тілекші болуда. Пандемия салдарынан оқушылар алғашқы оқу тоқсанын онлайн өткізетіні бел¬гілі. Демек, мектепке барар тұста бәйтеректік балалар жаңа білім үйіне қадам басады деген сөз.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ