Атымтай жомарт арамызда көп
... Жиынның басталуына жарты сағат бар. Ал журналист үшін әр минут алтын. Соған сай қалам-қағазды іске қостым.
– Меніңше «Жомарт жүрек» иесі атану үшін алдымен болмысың солай болуы қажет. Асылында адамзат баласы өз табиғатынан алыстай алмайды. Елді ойлау керек. Өзімнің өмірлік ұстанымым осындай. Алдымен көмекті өз қарамағымыздағы азаматтарға көрсетеміз. Марапат үшін жұмыс жасамаймыз. Елге теңіздің тамшысындай болса да пайдамыз тисе біздің биіктегеніміз. «Халық – Құдайдың бір аты» деген қастерлі сөз ұдайы ұстанымызда. Өйткені, өзіміз елмен біргеміз, – дейді Роза Сәдібекқызы.
Кейіпкеріміз Роза Сәдібекқызы «Сәт-Сервис» ЖШС директоры. Қазіргі таңда, қаланың өркендеуіне сүбелі үлес қосып, қаламыздағы 10-ға тарта көп қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізген бірден-бір мекеме. Тағы бір табысты қыры – қайырымдылық шараларға да қаржылай демеушілік жасап келеді.
Ендігі кезек қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Жомарт жүрек» байқауының қалалық кезеңі бойынша жеңімпаздарын марапаттау рәсімі басталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде басталған жоба жыл сайын дәстүрлі қалыпта аталып өтіліп келеді. Ол туған жеріне көмек жасаған жандарға қолдау көрсетіп, жақсылық жасап жүрген жомарт жүрек иелерін халық білсін деген ойдан туындаса керек. Өзге адамдарға қамқорлық танытып, жан жылуымен бөлісу, көмек көрсету кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Дегенмен қоғамға қайырымдылық жасауды өмір салтына айналдырған адамдар жоқ емес. Қайырымдылық ірі-ұсақ болып бөлінбейді. Дана халқымыз «жылуы жоқ жүрек – құр кеуде» деп ұрпағын қайырымдылық пен ізгілікке үндеген. Бұл адамгершілік пен имандылықтың өлшемі іспетті.
Шаһар басшысы қаланың көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып, үнемі қайырымдылық шаралардың басынан табылып, ізгілікті қолдау білдірген жандарға жылы лебізін жеткізді. «Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды. Байқаудың «Туған өлке» аталымы «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Имановаға бұйырды. Ол туған жерді түлетуге көп күш салған. «Жыл тұлғасы» номинациясы жыл көлемінде өңірдің әлеуметтік саласына тұрақты түрде қолдау көрсеткен Қанат Боранбаевқа табысталды. Қанат Жомартұлы карантин уақытында да қайырлы ісін жалғастырып, қалалық аурухана қызметкерлерін «Қызылорда» қонақ үйіне тегін орналастырып, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етті.
«Жыл меценаты» аталымында індет уақытында тұрғындарға 15 мыңға жуық тегін бетперде таратқан «DALATEX» ЖШС директоры Ділмұхамед Абизов жеңімпаз деп танылса, «Жылдың үздік ұйымы» «Ел-Арай» қоғамдық қоры атанды. Қоғамдық қор жыл сайын 1000 отбасын азық-түлікпен, 2000 отбасын киім-кешекпен, 100 отбасын көмірмен қамтамасыз етіп келеді. «Делюкс» компаниясымен бірігіп, 10 мың дана маска, «Шұғыла» қоғамдық қорымен бірлесіп аймақ ауруханаларына 200 оттегі концентраторын алып берген.
Байқаудың «Ерен еріктілік» номинациясы Динара Эшатоваға табысталды. Қоғам белсендісі спорт саласындағы волонтер-үйлестіруші. Ол елімізде орын алған эпид-ахуалға байланысты өз кезегінде волонтерлармен бірлесе отырып, қала кәсіпкерлерімен ұсынылған 3000-нан аса бетпердені халыққа тегін таратты. Ерікті сонымен бірге әлеуметтік дүкендер мен дәріханаларда сатылымдағы тауарлардың шектік бағадан аспауын қадағалау мақсатында мониторингтік топ құрамында белсенділік танытып, жүйелі жұмыс жүргізген.
Адамға ізгілік жасау – сауапты іс. Әсіресе, жаны қысылып, қиындыққа кезіккенге қол ұшын берудің абзалы мол. «Жомарт жүрек» байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде біз осыны байқадық.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ