Егіннің жері — диқанның тері
Тамыз айы — жер емген диқанның маңдай тері ақталар шақ. Еңбек өкілі алқаптан жиған егінмен ырыс-несібе тасытып, қамбаны толтыруға қам жасайды. Биыл да өнімнің саны мен сапасы өткен жылдан кем болмасы белгілі. Мұны осы жылғы егіс көлемі мен тірлік ыңғайы аңғартады. Биылғы аймақтағы күрішке алғашқы орақ салу маусымы Шиелі ауданынан бастау алды. Тамыз айының соңғы аптасында облыстағы алғашқы егінге орақ салу науқаны жүрді. Бұл — ырыс басы. Себебі, биыл егілген ақ күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алу межеленуде.
Аймақтағы ахуал
Мұнан бұрын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов 54,2 гектар жерде су байлау жұмыстары жүргізілгенін атап жеткізіп:
– Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектар. Облыста алғаш рет перспективалы дақылдар қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізілді. Қазіргі таңда, бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда, – деген еді.
Басқарма басшысының сөзінше, егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында егістікке 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді және 67,5 мың гектар егіс тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілсе, 65,6 мың гектары арам шөптерге қарсы өңделген. Сәйкесінше, ағымдағы жылы ораққа түсетін 89,5 мың гектар күріштің 64,4 мың гектарының жағдайы «жақсы», 22,3 мың гектары «орташа», 2,5 мың гектары «нашар» деп бағаланып, ораққа түспейтін көлем 0,3 мың гектарды құрауда.
Сонымен қатар, соңғы үлгідегі техникалық базаны пайдалану арқылы өнімді шашау шығармай жинауға толық мүмкіндік туып отыр.
– Егін жинау жұмыстарына қатысатын техникалар толық дайын. Егін жинауға 1640 дана трактор, 843 дана комбайн, 458 дана жатка, 308 дана жүк көлігі және 764 дана трактор тіркемесі қатысады. Егін жинау науқанын 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланған, – дейді Сейілбек Серғазыұлы.
Шаһар егісі — елге үлгі
Сыр дихандарының өнімді тіршілігі қала егісіне де қарқын беруде. Мәселен, 2020 жылы егіс көлем ұлғайып, қалаға қарасты ауыл шаруашылығы құрлымының барлық нысандарына 8746 гектарға егiс орналастырылған. Оның ішінде дәндi дақылдар 4652 гектар, майлы дақылдар 140 гектар болса, мал азықтық дақылдар 1389 гектар, картоп, көкөнiс, бақша 2565 гектарды құрайды. Сондай-ақ, 4 ауылдық округте күрі дақылы мен дәнді дақылдар орналастырылған. Оның ішінде Қосшыңырау ауылдық округі, Қарауылтөбе ауылдық округі, Ақжарма ауылдық округір ерекше атауға болады. Белгіленген дәстүрге сәйкес, күрішке алғашқы орақ салу рәсімі Ақжарма ауылдық округі және Қосшыңырау ауылдық округтерінде өтеді деп жоспарлануда.
Ағымдағы жылы қала бойынша барлығы 4652 гектар дәнді дақылдар орналастырылған. Оның ішінде 4075 гектары күріш, 20 гектар жаздық арпа, 302 гектар жаздық бидай, 90 гектар күздік бидай, 5 гектар сұлы, 160 гектар жүгері дақылдары.
Бүгіндегі таңда шаһар маңындағы 4075 гектар күріш алқабының 2097-ге гектарының суы байланған. Су байлау жұмыстары үстіміздегі жылдың 30 тамызына дейін аяқтау жоспарланған.
Жүйелі жұмыстарды атқаруға тезникалық құрылғылар қамтамасыз етілген. Биыл егін жинау науқанына 22-ден жатка, 26 дана комбайн, 74 дана трактор, 21 дана трактор тіркеме мен 2 дана жүк көлігі 100 пайызға ағымдағы және күрделі жөндеулерден өткізіліп, егін жинау жұмыстарына қатысуға дайын толық әзірленген.
Е. Балтабекұлы