Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мұғалім болғым келеді

Мұғалім болғым келеді


– Жұмыстан шықтым.
– Неге?
– Мұғалім боламын. Негізгі мамандығым мұғалім еді ғой. Кезінде қиынсынғам. Жалақысы қазіргі табысымнан екі есе жоғары. Өз мамандығыммен жұмыс істегенді жөн көрдім...
Сол-ақ екен, мұны естіген бір топ адам бірінен кейін бірі бұл тақырыпты іліп әкетті. «Бір танысым дүкенде сатушы еді. Жақында мектепке жұмысқа тұрды. Шаруашылық жағына шығар деп ойласам, мұғалім болып шыға келіпті. Бұл қалай десем, «сырттай оқып алдым ғой» дейді. «Тамыз айында біздің мекемеден 3-4 адам орын босатты. Негізгі мамандығы мұғалім екен ғой. Мектепке барады екен» деп тағы бір жаңалық қосты біреуі.
– Мұғалім болу оңай ма екен?
Сұрақ жауапсыз қалды.
Бүгінде үш-төрт адамның басы қосылса талқылай жөнелетін тақырыптың бірі осы. Мамандық таңдайтындар да, жұмыс ауыстырғысы келетіндер де, тіпті, ата-аналар да баласының мұғалім болғанын қалайтынын жиі айтады. Бұрын жұмыссыз қалмас деген оймен жиі таңдалатын мамандықтың бірі болса, жаңа технологиялар ғасырында мамандықтың түр-түрі көбейген тұста да мұғалім мамандығының әлі де таңдауға ие болуының себебі бар.
Жасыратыны жоқ, кезінде ата-анасының таңдауымен мұғалім мамандығын таңдап, кейін өзге саланы бағындырғандар бүгінде мектепке оралуда. Бұған елімізде мұғалімге деген көзқарастың өзгергені әсер етсе керек. Мұғалімнің мәртебесі, оның жалақысының аздығы және басқа мың сан мәселеден арылып, мұғалім деген қадірлі мамандықтың қадірі арта бастаған тұста мұғалім таңдаулы мамандыққа айналды. Шынында да бүгінде салыстырмалы түрде алғанда тәуір жалақы алатын және жыл сайын жалақысы көбейетін мамандықтың біріне айналған мұғалім мамандығы көпті қызықтырды. Содан да болар мамандығынан алыстап кеткендер қайта оралып, кейбіреулер әлі де кеш еместігін айтып, мұғалім мамандығын оқып алуға тәуекел етуде.
Бүгінде елімізде педагогтардың орташа жалақысы 154600 теңге. Ал мектепке дейінгі білім беретін мамандардың орташа жалақысы – 90300 теңге болса, мектепте жұмыс істейтін педагогтар мен басқа да мамандардың орташа жалақысы 137740 теңге, орта кәсіптік білім беру саласындағы орташа жалақы – 171800 теңгені құраса, жоғары оқу орындарындағы орташа жалақы 190900 теңге. Білім күні Мемлекет басшысы жариялаған Жолдауында мұғалімдердің жалақысы келер жылдан бастап 25 процентке көбейетінін айтып, тағы қуантты. Қағазбастылықтан, жөнсіз жұмысқа жегілуден құтылған мұғалім мәртебесі шынында да көтеріліп қалды.
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов биылғы жылы мұғалім мамандығын таңдағандардың саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге артқанын атап айтты. «Бұрын өздеріңіз білетіндей педагогикалық мамандыққа 50 баллмен оқуға түсуге мүмкіндік болса, өткен жылы оны 60 баллға көтердік. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында оны 70 баллға дейін көтердік. Осы жылы өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуден оның нәтижесін көріп отырмыз. Биыл педагогикалық мамандықтарды таңдаған түлектердің саны тек «Алтын белгі» иегерлерін алатын болсақ, екі есе өсті. 1500-ден астам «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандықты таңдап отыр. Бұл бүгінгі мемлекет саясатының жалпы педагогтардың мәртебесін көтеру жұмысының үлкен жемісі деп санаймын» деді министр биылғы республикалық тамыз кеңесінде. Биылғы жылдың сынағы қоғамда мұғалімнің қадірін арттыра түсті. Қашықтан оқу тәсілімен балаларын үйде ұстаған ата-ана, мектебін сағынған бала жайы мұғалім орнын кез-келгеннің баса алмайтынын тағы бір дәлелдеді. Иә, мұғалімді ешкім алмастыра алмайды. Сондықтан да ол қадірлі, қасиетті. Алайда мұғалімнің мәртебесін жалақымен өлшеуге қатты мән беріп кеттік пе деген ой да қылаң береді. Қазіргі көзқарас өлшеміндей мектепке қастерлі мамандықты жалақысына қарап емес, жүрегімен қалайтындар ғана баруы тиіс. Ел болашағын кез-келген емес, нағыз мұғалім тәрбиелеуі тиіс.
Мына мәлімет қоғамды бей-жай қалдырмасы анық. Республикалық тамыз кеңесінде Премьер-Министр Ералы Тоғжанов білім сапасы, ұрпақ тәрбиесі бойынша мына мәселені алға тартты. «PISA» зерттеуі бойынша мектеп оқушыларының сауаты төмен, тәрбие мәселесі бойынша да нәтиже көңіл қуантарлық емес.
Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында білім сапасына көңіл бөлу керектігін жайдан-жай айтпаса керек. Әсіресе, Президент атап айтқандай, диплом таратумен айналысатын жоғары оқу орындарына шұғыл тоқтам керек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
05 қыркүйек 2020 ж. 1 009 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 400 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам