Базынасы көп ветеринария
Ел экономикасы дамуының негізгі бағытының бірі ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде Сыр өңірі егін саласы бойынша ілгерілеген аймақтар санатында. Мал шаруашылығы да бір жолға қойылып келеді. Әсіресе, сүт өнімдерін өндіруде серпін байқалады.
Ықылым заманнан егін егіп, мал бағып күн көрген халқымыздың бүгінгі ұрпағы да ата кәсіптен жаңылған емес. Қанша жерден дамыдық, жаңардық, жаңғырдық дегенмен негізгі күнкөріс төрт түлік мал мен егіс алқабына тәуелді. Әсіресе, ауылдық жерде мекен еткен жұртшылықтың табысы да, ішер асы да төрт түлікпен тығыз байланысты.
Жалпы өмірде қай нәрсеге де күтім керек. Түлікте солай. Жаратылысы мал демесеңіз, оның да жаны бар. Ерекше күтімді талап етеді. Соған орай өнімін береді.
Төрт түлік үшін көктем, күз мезгілі үй жануарлары үшін қиын кезең. Аурудың өршитін тұсы да осы. Бұл кезде ветеринария саласының мамандары төрт түлік малға 14 ауру түрі бойынша вакцина салады екен. Одан бөлек көктем айында Қырым-конго безгегі ауруының алдын алу үшін жоспарлы шарасы бар. Төрт түлікті мал тоғыту ваннасына түсіріп, дезинфекция, дезинсекциялық жұмыс жүргізіледі. Жалпы бұл ондағы зиянкесті жоюға арналған шара. Толықтай жоймаса да, белгілі бір мөлшерде тиімді саналады.
Ал төрт түлікке вакцина тегін салынады. Одан өзге емдеу жұмысын жеке ветеринар мамандар жасайды екен. Ендігі кезекте мұндай іс-шараны облыстық ветеринария басқармасы жүзеге асырмақ. Қазіргі таңда аймақта 139 ветеринариялық пункт, 88 станция бар.
Осы орайда қалалық мәслихат депутаттары қалалық ветеринарлық станцияны, Қосшыңырау, Қарауылтөбе ауылындағы пунктерді аралап, ахуалымен танысты. Жылу, жарық жүйесі ескіріп, техникалық базасы тозған ғимараттар талапқа сай келмейді. Ескіден келе жатқан ғимараттардың тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, бұл мәселе алдағы уақытта қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралады.
Айдана СЕЙІЛ