Жарты миллиондық жәдігер немесе қазақы кілемнің қадірін білеміз бе?
Қазақ халқының данышпандығына қайран қалам?! Ұлттық құндылықтарымызды айқындай түсетін, ұлы дала елінің әр шаңырағында көрік берген, төріне сән берген қазақы кілемдерінің орны ерекше. Тарихы тереңде жатқан қолөнер түрінің алғашқы нұсқалары Алтай тауы маңындағы қола дәуіріне жататын Пазырық обаларынан табылған. Қазіргі таңда қолданыста көп болмағанымен, сары майдай сақтап, өз күйінде сақтап келе жатқан жандар бар.
Соның бірі – менің анам. Ата-анам көпті көрген, үлкен кісілер. Әрбір ғибратты әңгімелерінен өнеге алып, көрегенділіктеріне, адамгершілік пен шыдамдылықтарына сүйсінемін. Бірде анам әжеміздің қолынан шыққан жәдігерді көрсетті. Әшейінде бүктеулі тұрғанда көзге ілмейтін қызыл кілем жайылғанда көздің жауын алып, жарқырай түсті. «Өнерлінің қолы алтын» деген осы шығар! Көп үйден көре алмайтын құнды дүние! Содан анам тоқылған кілемдердің маңызы мен оның пайдасы жөнінде айтып берді. Анығырақ тоқталсам, адам бойындағы барлық дертке шипа, әсіресе бауыр мен бүйрек ауруларының алдын алады екен. Ақылдаса келе босқа сақталып тұрғанша өз иесін тапсын деген ниетпен сатуға шығардық. Алғашында жарнаманы әлеуметтік желіге жүктедім. Жарты сағат өтпей пікір қалдырып, бағасын сұраушылар саны артты. Жарты миллионға бағалаған жәдігерді, көзі танитын жандар құптады. Кейбірі тым қымбат екендігін айтып та жатты. Мен кілемнің бағасына емес, пайдасына қызығып қалдым. Пайдасы дегеніміз не? Жоғары айтып өткенімдей денсаулыққа пайдасы болса, екінші тұсы бөлмедегі жаман энергияны сіңіріп тұрады. Ширек ғасыр бұрын тоқылған кілемнің әлі күнге дейін өңін бермей, сақталғанына тамсанамын. Қарап отырсаңыз кілем бетіндегі бейнелер тұнып тұрған математика емес пе?! Қолөнер атадан балаға мирас болып, осы күнге дейін сақталып келе жатыр.
Қазір қалай? Кілем тоқып, жіп иіріп жатқан жандар жоқтың қасы. Естеріңізге сала кетсем, індет өршіген уақытта халқымыз табиғи, таза тағамдарға көңіл аударып, қадірін жете түсінді. Сол секілді қолөнеріміздің кенжелеп қалғаны жаныма батады. Әрине дәріптеліп келе жатқандығына дән ризамын. Бірақ көп адамның қолынан келе бермейді.
Маржан ӘШІРАПБАЕВА