Он бес мыңнан астам қаңғыбас ит пен мысық ауланды
Облыста жануарлар арасында ауру ошақтарын болдырмау, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыстары жылда тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов айтты.
– Биыл аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы іс-шараларды атқаруға жыл басында 729,5 млн бөлінді. Қазіргі кезде қосымша 255,1 млн теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар 6 түрлі энзоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық препараттар сатып алуға 215,8 млн теңге бөлініп, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен қаралған 5544,3 мың доза ветеринариялық препараттың 5524,6 мың дозасы немесе 99,6% уақытылы тасымалданып жеткізілді, – деді басқарма басшысы.
Жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін 15033 бас (ит-14455, мысық-578) қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланып, жойылды.
Облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасына 356,6 мың бас мүйізді ірі қара, 806,4 мың бас уақ мал, 53,9 мың бас түйе, 155,9 мың бас жылқы, 2,0 мың бас шошқа, 801 бас тақтұяқтылар тіркелген. Бүгінгі күнге дейін 57,2 мың бас МІҚ, 245,3 мың бас уақ мал, 16,5 мың бас жылқы, 8,1 мың бас түйе, 962 бас шошқа, 32 бас тақтұяқтылар бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді.
Қазіргі күні 83 типтік жобадағы мал қорымдары пайдаланылуда. 2020 жылы облыс әкімінің іс-қимыл жоспарында көзделген 7 типтік жобадағы мал қорымының (Арал 5, Жалағаш 2) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биыл тамыз айында Жаңақорған ауданы, Қожакент және Өзгент ауылдық округтерінде жылқы малдары белгісіз аурумен ауырып, мал иелері жергілікті ветеринариялық дәрігерлерге хабарлаған. Жаңақорған аудандық ветеринариялық станциясының ветеринариялық дәрігерлері хабарлама бойынша ауру ошағында болып, эпизоотиялық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде 4 бас жылқы малы ауырғаны анықталды. Ауырған жылқылардың клиникалық белгілеріне қарап, «жылқы гастрофилезы» болжамды диагнозы қойылды. Бұл ауру паразитарлық ауру болғандықтан, мал иесінің есебінен емдік шаралары жүргізіледі. Емдік дәрі-дәрмектер, атап айтқанда профиверм-гель, бровермектин гель, дектомакс т.б. ветеринариялық дәріханаларда қол жетімді бағада жеткілікті. Облыс бойынша 18 ветеринариялық аптека жұмыс жасайды.
2019 жылғы 28 қазандағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңының 13 бабына сәйкес емдеу, егу, дезинфекция, дезинсекция және дератизация шаралары ақылы негізде жүргізіледі.
Жыл басынан бері ветеринария басқармасы тарапынан халық арасында жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулар, жұқпалы емес және паразитарлық аурулардың алдын алу туралы ақпараттар таратылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жиналыстар өткізілуде.