Баға бақылауда
«Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшылығы облыс орталығындағы бірқатар сауда орындарының жетекшілерімен кездесті деп хабарлайды «Байқоңыр» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі.
Өз дүкендерінен әлеуметтік бұрыш ашқан «Ажар сити», «Аль-Асад», «Анвар», «Мирас», «Әлеуметтік маркет» сауда үйлері мен «Қызылорда оптомаркеті» сауда желісі өкілдері қатысқан кездесуде азық-түлік өнімдерінің бағасы мен сапасы, халықты бағасы арзан өніммен қамтудың басқа да тәсілдері жайлы айтылды.
– Халыққа ең қажетті, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттамауы – бүгінгі күннің басты талабының бірі. Мемлекет басшысы міндеттеген бұл тапсырманың орындалуын облыс басшылығы да тұрақты қадағалауда. Біздің корпорация бұл бағытта біраз жұмысты қолға алды. Оның алғашқы нәтижелері де жаман емес. Алдағы уақытта жұртшылық үшін сауда орындарынан әлеуметтік бұрыштар ашуды жалғастыра береміз, – деді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев.
«Ажар сити» сауда үйі – «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен тұрақты жұмыс жасап келе жатқан нысанның бірі. Биыл сауда үйіне заем негізінде 50 млн теңге беріліп, «Ажар сити» белгіленген сауда орындарында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін базар нарқынан 10-15 пайыз төмен бағада саудалауда.
«Әлеуметтік маркет» сауда үйінің құрылтайшысы «Данчо» ЖК қазір облыс орталығындағы 29 әлеуметтік дүкеннің 20-сын жалға алып жұмыс жасайды. Оларға қойылған басты талап – 19 тауарды халыққа тиімді бағамен сату. Қазір тұрғындар бұл бастамаға ризашылықтарын білдіріп отыр.
«Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы өзге де сауда үйлері басшыларына осындай жолмен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан кей өнімдердің сапасы мен бағасы жайлы ұсыныстар айтылды. «Әсіресе, соңғы аптада картоп пен қырыққабаттың біраз бөлігі жарамсыз болып шықты, оларды сұрыптағаннан кейінгі сату бағасы шығынымызды ақтамайды. Сондықтан бағасын сәл де болса көтеруді сұраймыз» деді кейбір сауда орындарының өкілдері. Осыған байланысты басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев тиісті мамандарға тез арада мәселені шешуді тапсырды.
– Жедел түрде өнім сапасын жақсартамыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Бірақ, баға қымбаттамайды. Әр дүкенде халыққа тиімді әлеуметтік бұрыштар жұмысын жалғастыра беруі керек, – деді ол.
Өңірге азық-түлік өнімдерінің барлығы дерлік сырттан жеткізіледі. Осыған байланысты өңірде өңдеу өнеркәсібін қолға алуға болады және осы бастаманы қолға алғандарға «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қолдау көрсетеді. Жиын соңында Ерлан Құмарбекұлы кәсіпкерлерді осы мәселеге байланысты ұсыныс беруге шақырды.
«СБ» ақпарат