Голландия қауыны сыр топырағын жатсынбады
Голландияның тәтті жүгерісі мен қауыны, асқабағы өзімізде өседі. Қалай дерсіз? Аймақ диқандары голландиялық өнімді Сыр топырағында өсіруді қолға алған. Еңбек нәтижесіз емес. Жасыл желекпен көмкерілген алқапты аралап жүгеріні үзіп жедік. Тәп-тәтті.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаһар іргесіндегі бау-бақша егумен айналысатын мекеме жұмысымен танысты. Жергілікті кәсіпкерлер Голландияның бау-бақша өнімін егіп, оны экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. «Іскер-М» ЖШС 2016 жылы Бірқазан елді мекенінде голландиялық бақша өнімдерінің тұқымдарын Сыр өңіріне жерсіндіруді қолға алған.16 гектар аумаққа 16 түрлі дақыл егіп, оның ішінен өнімділігі жоғары сұрыптарын таңдаған.
Биыл аталған жұмыс Нидерландының «Rijk Zwaan» компаниясымен бірлескен жоба негізінде қолға алынды. Сол арқылы диқандар 7 түрлі өнім егу ісіне назар аударды. Мұндай дақылдар қатарында голландиялық тәтті жүгері, асқабақ пен қарбыз және қауынның «Пиель де Сапо», «Галия», «Панталупа», «Амморелло» түрлері бар. Бір ерекшелігі мұндағы қауын, қарбыз, асқабақ өнімдерін ұзақ мерзімге сақтауға болады. Бір айта кетерлігі голландиялық қауын сақтаған сайын тәтті бола түспек. Егістіктегі жүгері алқабы көзге түсті. Ондағы жүгеріні пісірмей, жұлып жей бересіз. Ол сонысымен ерекше. Тәтті жүгеріге бүгінде сұраныс артқан.
– Бұл өнімдер ұзаққа сақталатындығы және дәмімен ерекшеленеді. Нарықта сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде дақылдарға тапсырыс берушілер дайын. Алдағы уақытта экспортқа шығаруды да жоспарлап отырмыз. Келесі жылы егіс көлемін ұлғайтып, дақыл түрін көбейтетін боламыз. Бау-бақша алқабы тамшылатып суғару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл аумақ соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Оны қашықтан басқару арқылы да суаруға болады. Біз бұл өнімдерді алғаш рет сынақ ретінде егіп көрдік. «Қызылорданың жеріне қалай өседі? Өнім алу мүмкін бе?» деген сауалдар болғаны рас. Дегенмен нәтиже жаман болмады, – деді мекеме менеджері Арыстанбек Шайменов.
Арыстанбек келесі жылы жер көлемін ұлғайтып, жергілікті тұрғындарды бау-бақша өнімімен қамтымақшы. «Rijk Zwaan» компаниясы бау-бақша тұғымын шығарып, оны дүниежүзіне сатады. Келесі маусымда тағы да басқа өнім түрлерінің тұқымын алу жоспарда бар дейді кәсіпкер.
Өнім түрлерімен танысқан қала басшысы олардың сапасына жоғары баға берді. Бау-бақша алқабы көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін саралады. Серіктестік мүшелері қала басшысынан егіс көлемін ұлғайту мақсатында Бірқазан елді мекенінен қосымша жерді жалға алуды заң аясында шешіп беруін сұрады. Қала әкімі ол мәселенің екі апта ішінде шешімін табатындығын жеткізді. Сондай-ақ, бағбандарға берілетін жерге инфрақұрылым тарту мен субсидия бөлу мәселесіне де назар аударылды.
Жарасхан Қуанышбайұлы