Бос бесікті тербетпейді
Қазақтың қара сөзден қаймақ қалқыған қабырғалы қаламгері, ақын Қадыр Мырза Әлі «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» деген екен. Тұлпар аунап түк қалған, нар аунап жүк қалған байтақ даланың сан ғасырлық бай тарихында қазақ халқының ешкімге ұқсамайтын ерекше салт-дәстүрінің өзіндік өрнегі бар. «Тарих – теңіз, сүңгі оның тереңіне. Ілігерсің деректің керегіне» деген қазекеңнің ұлағатты сөздерінің астарында терең сыр бар. Оның ырым-тыйымының өзі ұға білсе-ұлағат, ұғына білсе – мұрағат. Көшпелі қазақ тұрмысының әр бұйымының қолданылу тәсілі, әдебі, пәлсапалық астары бар. Соның бірі деп сәбидің бесігін алсақ, отбасының көп қолданатын бұйымының ең қастерлісі, қасиеттісі. Баланы періште деп қадірлесек, оның тәтті ұйқыға бататын мекені әрине, киелі орын. Сондықтан қазақ ұғымында осыған сай түрлі тыйымдар бар. Мысалы «бос бесікті тербетпе, саудалама, бетін ашық қалдырма» деген. Атам қазақ сәби туғаннан бастап отбасы, бала, отан тәрбиесіне ден қойған.
Көпбалалы ана Әсем Арыстанбекова: Бұрынғылар «Бесіктегі бала бес түлейді» деп бесікті киелі санаған. Наным-сенім бойынша бос бесікке Ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды. Сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, бетін әркез жауып жүру керек. Оны арша, адыраспанмен аластағаннан кейін баланы салады. Сәбидің төсегіне жын-жыбыр, көзге көрінбес қара күш жақындамас үшін жастықтың астына қайшы, пышақ, қамшы секілді суық қару жастап қояды. Оны бала есейген соң да далаға тастамаған. Тозған бесікке ақ тамызып, өртеп, аяқасты қылмас үшін күлін де жерге көмеді.
Міне, мұның бәрі – қазақтың дархан даласында қалыптасқан ұлттық құндылықтар, рухани байлық пен ежелгі ел мәдениетінің қайнар бұлағы.
Г.Асқарқызы