Ғасыр тербелген ақ бесік
Бабаларымыз қашанда өскелең ұрпақтың қамын дүниеге келген кезден қамдаған. Дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат қоюдан бастап, оның өсіп-жетілу жолында түрлі жөн-жоралғысын жасаған. Соның бірі – жаңа туылған нәрестені бесікке салу дәстүрі. Бұл күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған мәні зор үрдіс. Бұдан бесіктің тұрмыстағы айрықша рөлін, қадір-қасиетін аңғаруға болады.
Қасиетті мұраның арғы тарихына зер салсақ, оны алғаш рет Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында пайда болған деген дерек бар. Аңыз желісінде Жетісу мен Алтай аумағына ағаш отырғызып, жасыл желекке айналдырған Мизам баб өз аумағын жүз жасқа дейін сұқтанған сырт көзден қорғайды. Кейін баба дүние салған кезде, қарақытайлар орманды алқапты өртеп жіберген деседі. Баласы Айдаһар би жорықтан келгенде тек тобылғының бірлі жарым бұтағы қалады. Соны көңілге медет қылып, өзімен бірге алып кеткен. Бірде бидің кішкентай баласы тоқтаусыз жылапты. Сәбиін жұбата алмаған ол, Құдайдан тілеуін тілейді. Сол сәтте бала тынышталып, Айдаһар би ақ киімді кісінің сәбиді тобылғының бұтақтарына салып тербетіп отырғанын көреді. Мұны бір белгі деп түсінген ол сол бұтақтан алғашқы бесікті жасапты-мыс. Осыдан соң жұртшылық тобылғыны қасиетті санап, одан жасалған бесікте тербелген бала ерекше болады деп сенген.
Атадан қалған аманат
Қалаға қарасты Тасбөгет кентінің Амановтар отбасында ғасырлық ғұмыры бар киелі бесік сақтаулы тұр. Шаңырақ иесі Ахметжан Аманов бесікті атасының өзі жасағанын айтады. Содан бері онда төрт ұрпақ тербетіліп, өсіп-өнген. Ал, тарихы аңыз боларлықтай.
Ахметжан ағаның атасы Әлбатыр Аманов Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округіне танымал, әрі сал-серілігі бар кісі болған екен. Әжесі Сәнім он үш құрсақ көтерген. Сәбилері бірінен соң бірі шетіней бергесін, атасы өз қолымен бесік жасап, Құдайдан медет тілейді. Осыдан соң, оның тілеуі қабыл болып, дүниеге ер бала, артынша тағы бір ізбасары келеді. Солай Әлбатырдың кенже екі ұлы әке жасаған бесікте аман-есен өскен.
– Атамыз темірден түйін түйген, ағаш ойған ұста кісі болған екен. Әжеміздің бойында бала тұрмағасын өзі бесік жасап, Құдайдан «осы бесікте тербететін бала бере гөр» деп тілеген екен дейді үлкендер. Алланың құдыреті ғой, солай менің әкем Ибайдулла, кейін інісі дүниеге келеді. Бұл киелі бесікті әжеміз ешкімге бермей, сақтап келген ғой, – деді Ахметжан аға.
Алғаш әкесі тербелген бесікке Ахметжан ағаның барлық бауырлары, кейін олардың балалары бөленген. Ал, қазір онда ағаның жары Бибігүл немерелерін тербетуде.
– Тоқсаныншы жылы тұңғыш балам дүниеге келді. Жаспыз ғой, алғашқы қуанышым деп арнайылап бесік жасаттым. Соны алып бәріміз ауылға бардық. Сол тұста қарашаңырақтағы ағамда қызды болған. Анам Райхан мен әкелген бесікті қыз балаға лайықты деп, ұлымды атасының бесігіне салды. Содан бері бұл дүние біздің үйде тұр. Ғасырға жуық сақталған мұра болғасын аздап өңдеуден өткіздік. Жуық арада тағы да немере сүйгелі отырмын. Құдай қаласа, оның есімін өзім қойып, бабасы жатқан бесікке салдырсам деген ниетім бар – дейді ол.
Амановтар әулеті үшін құндылығы жоғары асыл мұра әке, бала, немере, шөбереге дейін жетіп отыр. Мұны аманатқа қиянат қылмай, көздің қарашығындай сақтап келген, әрі бесіктің киесін жіті білген әулет кейуанасы Райхан әжейдің көрегенділігі деуге болатын шығар. Қаз-қалпында сақталған қасиетті қазына әулеттің әлі талай ұл-қызын тербетуге жарайды. Ұрпақ сабақтастығында атадан жеткен асыл мұра осылайша құнды жәдігерге айналған. Ал, бұл бесікте тербелген Әлбатыр Амановтың ұрпақтары бүгінде өмірде өз орнын тапқан, белді қызметтегі абыройлы азаматтар.
«Бесіктөбе» басында бесік бар
Қазекең қашанда ырым-тиымға, наным-сенімге аса мән берген халық. Қандай жағдай болмасын жақсылықтан үміттеніп, ісінің оңға басқанын тілейді. Әсіресе, бір сәбидің иісіне зар болған аналардың әулие-әнбие жағалап, зиярат ететіні бар. Соның бірі – Түркістан қаласындағы «Бесіктөбе» киелі орны. Мұнда перзент сүйгісі келетін жандар тілек тілеп, дұға жасайды. Артынша сәбилі болып жатады. Әулеттің кіші келіні Бибігүл Махамбетова сондай бір оқиғаның куәгері болғанын айтады. Қалалық ардагерлер үйінде қызмет ететін ол жұмыс бабымен қарттарды Түркістан қаласындағы киелі орындарға апарады. Сондай бір сәтте өзі де игілікті іске себепкер болған.
– Кезекті экскурсия кезінде бір қартымыз көптен бала сүйе алмай жүрген қызым бар еді. Соны да бірге ертіп барсам бола ма деді? Түркістан қаласындағы «Бесіктөбе» дейтін жерге барып дұға жасағысы келеді екен. Жақсылық жасап, пайдамыз тисе қуанамыз ғой. Солай бәріміз жолға шықтық. Межелі жерге жеткен соң, мал сойып, құран оқыттық. Арнайы келген «Бесіктөбеге» барып дұға жасадық. Әлгі апай қызы екеуі өздері білетін ырымын жасады. Сол жолғы сапарымызда ол кісінің байланыс нөмерін алып, кейін хабарласып тұрдық. Артынша ол келіншектің қызды болғанын, кейін тағы да сәби сүйгенін естіп, қуандым. Сол киелі жердің төбесінде бесік тұрды. Жан-жағын құммен бекіткендей көрінді. Қаншама жылдан бері ескірсе де, жойылмаған оның расымен киелі екеніне көз жеткізгендей болдым, – дейді ол.
Түйін сөз:Біз жастай «бос бесікті тербетпе», «жабусыз қалдырма», оның «теріс жағына отырма» деген сынды ырымдар мен тиымдарды үлкендерден естіп өстік. Әжелердің бесік жырын тыңдадық. Қашанда көшпелі елдің тұрмысында оның маңызды рөл атқарғанын білеміз. Қазақ «ел боламын десең бесігіңді түзе», «бесіксіз үйде береке жоқ» деп бесікті баламен егіз санайды. Бүгінде әрбір шаңырақта бір-бір ақ бесіктің бары анық. Мүмкін заманына сай сәні мен құралы өзгерген шығар. Бірақ, қасиеті мен қадірі кеткен емес.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ