Күткен жол, күрделі жөндеу
Бүгінде қаладағы қолға алынған жүйелі жобалар мен тың идеялар кім-кімді болмасын таңдандырары сөзсіз. Жүзеге асқан құрылыс жұмысы аясында тозығы жеткен көшелер қайта жөндеуден өтіп, өңі қашқан тұрғын үйлер жаңарып, көшелерді жарықтандыру қайта жанданды. Абаттандыру мен тазалық жұмысын үйлестіру де басты назарға алынған. Шаһар аумағында жүргізілген мұндай жағымды жаңалық тұрғындардың оң бағасын алуда. Алайда бұл атқарылған жұмыстың соңы емес. Алдағы меже – «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жол жөндеу жұмысын ұйымдастыру. Осы орайда БАҚ өкілдері бағдарламаның бағыт-бағдарын бағамдап, қала көлеміндегі орташа жол жөндеу және жаяу жүргінші жолын орналастыру жұмысымен танысты.
Баспасөз туры Желтоқсан көшесінен Абай даңғылы аралығын қамтитын Н.Ергешбаев және А.Сәдуақасов көшелерінен бастау алды. Мұнда «Қызылорда жолдары» мердігер мекемесі 0,7 шақырымды құрайтын Н.Ергешбаев көшесіне асфальт төсеу жұмысын жүргізген. Қазіргі таңда белгіленген меже толық орындалып, жақын арада ел игілігіне беру жоспарлануда. Ал А.Сәдуақасов көшесіне 0,78 шақырым болатын жаяу жүргінші жолын орналастыру жобасы басталып, жұмыстың 60 проценті аяқталған. Мердігер мекеме «Эко-Сервис» ЖШС құрылыс сапасының жоғары деңгейде орындалатынын және жоспарланған межеде бітетінін жеткізді.
– Биыл жыл соңына дейін қаладағы шет аймақтар мен ауылдық округтерде барлығы 260 жол жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қала аумағындағы 111 көшеге, кент және ауылдық округтердегі 32 көшеге орташа жол жөндеу, яғни асфальт салынса, 50 көшеге қиыршық тас төселеді. Мұның барлығы халық игілігіне жасалған жобалар. Атқарылған құрылыстың сапа деңгейі де тұрақты бақылауда болады. Мәселен, мердігер мекеме жаяу жүргінші жолының сапасына 2 жылға, жол жөндеу жұмыстарына 3-4 жылға дейін кепіл болады. Сондықтан, құрылыстан шикілік шықпайды деген сенімдеміз, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаев.
Баспасөз турының келесі бөлігі «КБИ» мөлтек ауданында жалғасты. Мұнда ең өзекті мәселенің бірі – көше бойларын жаяу жүргіншілер жолдарымен қамту жобасы жүзеге асуда. Тәуелсіздікке 20 жыл көшесі бойындағы 1,6 шақырымды құрайтын тротуар құрылысы бітуге жақын. Мердігер мекеме «Қасиет ЛТД» ЖШС өкілдері қыркүйек айының соңына дейін қалған жұмысты бітіретінін жетізді. Демек, ай соңында Жаппасбай батыр көшесінен Жасыл өлке көшесі аралығындағы ауқымды аймақта жаңа жаяу жүргінші жолы ел игілігіне берілмек. Елмұрат Рахматуллаев мердігер мекеме өкілдеріне жаяу жүргінші жолдарын мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына қолайлы ету басты басты назарға алуды тапсырды.
Шынымен, қаланы аралай қалсаңыз, қызу тіршілікке куә боласыз. Әр жерде қызу жұмысқа кіріскен құрылысшылар қала көркін әсемдеуге атсалысуда. Қызылордалықтар да биылғы жөндеу жұмысының қарқын алғанын ауыз толтырып айтып, аяқталған жұмыстарды мақтан етуде. Жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген үйлер, тозығы жеткен коммуналдық-шаруашылық құбырлары қайта жаңғыртудан өткені тұрғындар үшін үлкен көмек. Оған қоса, биыл 102 шақырымды құрайтын 68 көшеге жаяу жүргінші жолының салынуы қызылордалықтардың қуанышын еселеуде.
– «КБИ» мөлтек ауданына қоныстанғаныма 25 жылға таяды. Алғашқы уақытта жол, су, жарықтандыру, газдандыру мәселесі өте өзекті болды. Қазіргі таңда қиындықтың бәрі артта қалып, таза да әсем аймаққа айналды. Су да келді, газ да орнатылды, тақтайдай тегіс жолымыз бар. Тұрғындар тарапынан әкімдікке жаяу жүргінші жолы болса деген тілек білдірген еді. Міне, бұл мәселе де шешімін тауып, көше бойында тротуар орнатылуда. Халық ұсынысымен санасып, қолдау білдірген қала әкімдігіне үлкен алғыс білдіреміз, – дейді Тәуелсіздікке 20 жыл көшесінің тұрғыны Ізбасар Жүнісбекұлы.
Сонымен қатар, шағын аудандағы Наурыз көшесіндегі 0,3 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысы басталды. Белгіленген межеге сәйкес, жол құрылысы қыркүйек айының соңында бітуге тиіс. Қазіргі таңда жол құрылысына қажетті техника жеткізіліп, 40-қа жуық азамат жұмысқа тартылған.
P.S. Шаһардың шырайы кіріп, келбеті көз тартқаны – тұрғындар мерейі, ортақ қуаныш. Сондықтан жасалып жатқан жүйелі жұмыстарға қолдау білдіру қаланың дамуына тамшыдай болса да үлес қосумен тең. Ол үшін жаңа нысанның тұтастығын қадағалап, тазалық сақтау, ортақ игілікті өз мүлкіңдей пайдалану жеткілікті. Себебі, біткен істің берекесі бәрімізге байланысты.
Ерсін ШАМШАДИН