Шет аймақ шет қалмайды
Қалаға қарасты ауылдардың жай-күйі қашан да басты назарда. Тұрғындар ауыз су, жол жөндеу, жарықтандыру мәселесіне қатысты ұсыныс-пікірін қала әкімінің есеп беру жиынында жыл сайын көтеріп келеді. Ашықтық пен жариялық нәтижесінде келеңсіздіктер кеміп, инфрақұрылым сапасы артуда. Бүгінде түрлі деңгейдегі бюджеттен бөлінетін қаржының қомақты көлемі елді мекендер үлесінде. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, шеткері ауылда құрылыс қарқын алды. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов БАҚ өкілдерімен бірге қалаға қарасты ауылдық округтердегі бірқатар нысанды аралады.
Баспасөз турының алғашқы нысаны Қызылжарма ауылдық округі болды. Мұнда жол жөндеу, жарықтандыру, ауыз су және электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқарылуда. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша жол мәселесі жүйелі шешім тапқан. Қызылжармалық ағайын қала құрамына енгенімен, елді мекендегі жол жайының шешім таппағанына наразы еді. Тіпті, кей көшеде жауынды күні жаяу адам тұрмақ, көлікті кісінің қатынауы қиынға соққан. Енді, міне, халықтың мұң-мұқтажы ескеріліп, ауылдағы жолдар жөндеуден өтуде.
Қазіргі таңда Қызылжарма ауылдық округіндегі 120 көшенің 80 проценті жөндеуден өтті. Биылдың өзінде ауылдағы 18 шақырымға жол жөндеу жұмысы ұйымдастырылса, қалған бөлігіне жоба-сметалық құжат әзірленген.
– Ағымдағы жылы Қызылжарма ауылдық округінде «Өңірлерді дамыту-2020», «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» мемлекеттік бағдарласы негізінде 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 13 көшеге асфальт, 8 көшеге қиыршық тас төселді. Бағдарлама аясында ауылдық округ тұрғындарынан 65 адам жұмысқа тартылған, – деді Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов.
Ауыл көлемінің ұлғаюы жаңа тұрғын ауданның бой көтеруіне жол ашуда. Ауылдық округте Қызылжарма-1 Қызылжарма-2 секілді тұрғын аудан пайда болған. Бүгінде Қызылжарма-2 тұрғын ауданында 12 көше бар. Әкімдік ендігі кезекте мұндағы инфрақұрылымды оңтайландыруға күш салып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды көздеуде. Мәселен, 2018 жылы Қызылжарма-2 тұрғын ауданына 23 шақырымдық тас төсеу бойынша жоба-сметалық құжат әзірленіп, 2019 жылы республикалық бюджетке ұсынылған. Ал биыл жұмыстарды бастауға қалалық бюджет 3 млн теңге бөлді. Қазіргі таңда аталған қаржыға тегістеу, көшелерді ретке келтіру жұмысы қолға алынған. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен қаржы қаралса, қалған құрылыс жұмысы аяқталатын болады. Бұдан бөлек, ауыз су, жарықтандыру жұмысы да жүргізілуде.
«Шет аймақ» бағдарламасы аясында тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі де оң шешімін тауып келеді. «Мелиоратор» мекемесі ауылдың жаңадан қоныстанушы Қызылжарма-2 тұрғын ауданына 53,6 шақырым болатын ауыз су құбырын тарту жұмыстарын бастаған. Мердігер мекеме өкілдері құрылыс барысында отандық өнімге басымдық беретінін және сапа деңгейін қадағалайтынын жеткізді. Жүйелі жоспар ретімен орындалса, жыл аяғына дейін тұрғын аудандағы 300-дей отбасы сапалы ауыз судың игілігін көрмек.
Бұдан бөлек, ауылдық округтегі көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түнгі жарық бағанасын орнату, электр көзімен қамту ісі қарқынды жүруде. Мысалы, биыл ауылда 7 көше жарықтандырылып, 8 көшеде тозығы жеткен электр бағанасы жаңартылған. Бұл жоба аясында бір фазалы 450 жеке тұрғын үйге, үш фазалы 35 жеке тұрғын үйге электр есептегіш ақысыз негізде орнатылуда.
– Еуропа қайта құру және даму банкі бойынша Қызылжарма ауылына 6,5 шақырым 10 кВ әуе желісі мен 4 қосалқы станция қаралған. Олар орнатылып, қолданысқа берілді. Ал, 0,4 кВ әуе желісі бойынша 4,4 шақырым электр бағанасын жаңарту жұмысы жақын арада бітеді. Қазіргі таңда ауылдық округтегі электр бағанасының 60 проценті ауыстырылды, – деді Қызылжарма ауылдық электр торабы инженері Әкімбек Құранов.
Көркейген ауыл, жөнделген көше
Келесі табан тіреген мекен – Қосшыңырау ауылдық округінің халқы биыл біршама игі тірліктің куәсі болды. Мұндағы ағайынның басты базынасына айналған жол мәселесі шешім тауып, көшелерге орташа және күрделі жол жөндеу жүргізу қолға алынған.
Биыл ауылдық округте 5 көшеге тас төселіп, 2 көше асфальтталды. Мәселен, Абай ауылында барлығы 17 көше болса, оның ішінде 16 көшесі жолмен қамтылған. Ауыл әкімі ендігі кезекте Досан ауылының жолдарын жөндеуге басымдық беретінін жеткізді. Өз кезегінде елді мекен тұрғындары әкімдік тарапынан жасалған қолдауға алғаусыз алғысын айтып, өзге де күрмеулі мәселенің шешім табанына сенім білдіруде.
– Кез келген өзекті мәселені ауылдағы қоғамдық кеңеспен ақылдасып шешеміз. Есеп беру кездесуде халық көтерген мәселелер міндетті түрде назарға алынып, тұрақты бақылауда болады. Соның бір мысалы, тұрғындардың сұранысының нәтижесінде Досан ауылына 3 көшеге тас төсеу, Абай ауылындағы Ю. Гагарин көшесін асфальттау жұмысы қолға алынды. Сонымен қатар, Абай ауылындағы Махамбетов пен Бейбітшілік көшесінде көше жарығын тұрақтандыру мақсатында қосалқы станциясы орнатылмақ, – деді Қосшыңырау ауылдық округінің әкімі Дулат Таубай.
Әкімнің сөзінше, ел тілегі ескеріліп, Абай ауылында көпшілікке арналған спорт алаңын салу және мәдениет Үйінің төбесін жұмсақ жабынмен жабу жұмысы жүргізілсе, Досан елді мекенінде №20, 15 көшелерге жарық бағаналары орнатылған.
Баспасөз турының қортындысында қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов шаһар иелігіндегі ауылдарда атқарылған жұмыстарға тоқталды:
– Биыл қалаға қарасты ауылдарда 68 көше жөндеуден өтуде. Оның ішінде 30 көше «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында, 16 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша, ал 22 көше қала бюджетінен бөлінген қаржыға жөнделеді. Көшелердің барлығы сұранысқа ие, балалар мен ауыл тұрғындарының қатынауына арналған күре жолдың қатарында. Сондықтан, бұл жұмыс елді мекен халқына қолайлы жағдай жасау амалы десек болады. Айта кететін жайт, жыл сайын ауылдардағы инфрақұрылымды қалыптастыруға және одан әрі дамытуға жүйелі түрде қаржы қаралады. Биылдың өзінде бұл бағытта 1 млрд 800 млн теңге бөлінді, – деді Асқарбек Темірбекұлы.
Әкім орынбасары қала әкімдігінің ұғымында «шет аймақ» деген түсінік жоқ екенін және барлық аймақты тең дәрежеде жөндеуге назар аударылатынын айтты. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан жұмыстың сапалы орындалуы басты міндеттердің бірі екендігін жеткізді.
Шынымен, елді мекенде атқарылған жүйелі іс көптің көкейіндегі өзекті мәселелердің оң шешім табуына түрткі болды. Тақтайдай тегіс жол, таза ауыз су, тұрақты жарық көзі елді мекен халқының қала тұрғындарымен тең дәрежедегі мүмкіндікке қол жеткізуіне жол ашуда.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ