Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жолдау білім саласына жаңа леп әкелді

Жолдау білім саласына жаңа леп әкелді

Жаңа оқу жылы ерекше форматта басталды. Білім саласында қаншама өзгеріс болса да, бұл бұрынғыдан өзгерек. Бәрі қашықтан жүргізіліп жатыр. Мектептегі білім беру процесі де бөлек. Мұның себебі де белгілі. Балаларды індет, қауіп-қатерден сақтандыру үшін жасалған.
Дей тұрғанмен көпшілік арасында түсініспеушілік әлі бар. Осы орайда 30 жылға жуық білім саласында еңбек еткен, қаладағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Мұсабаевамен жаңа оқу жылының барысы, саладағы тың бастама, басқа да тақырып аясында сұхбаттасқан едік.
– Айгүл Нажмадинқызы, биыл­ғы жаңа оқу жылы бұрын­ғыдан өзгерек. Өзіңіз басқаратын мектепте жаңа үлгідегі оқу үрдісі қалай жүруде? Оқу барысында оқушы мен ұстаз, ата-ана бай­ланысында мәселе туындап жатқан жоқ па?
– Біз жаңа оқу жылын қашықтан және кезекші сыныптың дәстүрлі оқу үрдісімен бастадық. Қазіргі кез­де 1-4 сынып оқушыларынан екі мезгілде 15 кезекші сынып ұйым­дастырылған. Яғни санитар­лық талапты сақтай отырып әр сыныпта 15 бала білім алуда. Сонымен бір­ге 15 кезекші сыныптың әрқай­сысының сабақ, қоңырау және кварц кестесін, сабақ арасындағы үзілістің арнайы алгоритмін жаса­дық. Жаңа оқу жылының бүгінде үшінші аптасына аяқ бастық. Ал­ғашқы аптада қиындық болды. Қалай дегенмен, бұрын-соңды тәжі­рибеде кездеспеген жағдай. Десе де, қазір бірқалыпқа түсе бас­тады. Бастауыш сынып өрендері де талапқа үйренген. Әсіресе, мек­теп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер үшін алаңдаған едік. Тіпті, олар да бұл жүйеге қа­лыптасты. Баланы жас шыбық сияқты икемге көнеді дейміз ғой. Оқу басталғалы ата-аналармен екі рет қашықтан жиналыс өткізіп, түсіндірме жүргіздік.  Одан бөлек мектепте әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы, жалғызбасты ана сана­тындағы 240 отбасының баласы оқиды. Олардың электронды құ­рылғылар мен оқу құралдарын алу­ға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті мектептегі бар құралдар мен де­меушілер көмегінің арқасында 140 балаға компьютер, планшет сынды құрылғылар табысталды. Қазір «Онлайн мектеп» платформасында сабақ өтуде. Қашықтан білім алу­ға басымдық берілген соң сабақ ба­ры­сында бірқатар қиындық бол­ғаны рас. Бұл енді тікелей ин­тернет желісіне қатысты дүние ғой. Кей ата-ана мұны да мұғалім мен мектептен көріп жатады. Қа­шықтан оқыту форматындағы білім беру кезінде оқушылар «Онлайн мектеп» платформасы арқылы білім алуы тиіс. Ал, аталған кем­ші­лікті ұстаздардың дұрыс ұйым­дастырмауы деп түсінген ата-аналар бірден өздеріне ыңғайлы «Whatsap» арқылы оқытқысы ке­леді. Аталған жүйеде барлық білім бағдарламасы енгізілген, толыққанды білім алуға негізделген. Сондықтан  «Whatsap»-тағы құр сөз­ден «Онлайн мектеп» қажетті құрал­дарды пайдаланған оқушыға тиімді. Осы сынды мәсе­лелер туындап жатады. Енді мұның бәрі уақытша нәрсе ғой. Сол себепті шыдамдылық қажет.
– Биыл елдегі ахуал біраз нәрсені өзгертті. Сандық техноло­гияға көштік дегенімізбен оған әлі дайын еместігіміз байқалды. Бұл әсіресе, білім саласында анық көрініс тапты. Жалпы, білім жүйесін, оқу процесін цифр­ландыруға көзқарасыңыз қандай?
– Жалпы, көпшілік мектепті сан­дық технологияға, білім жүйесіндегі өзгерістерге дайын емес деп айтып жатыр. Бірақ, мұнымен келіспеймін. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес жаз бойы дайындық жұмысы жүргізілді. Бұл тамыз айында айтылып, қыркүйекте жүзеге асып жатқан дүние емес. Мүмкін ара-арасында дайындығы кемшін болған білім ошағы бар шығар. Соған бола бүкіл жүйені немесе басқа мектептің әзірлігін жоққа шығаруға болмайды. Қашық­тан білім беретін ұстаздар жаз бойы қашықтан оқыту форматының әдістемесін, киберпедагогиканы меңгеріп, біліктілігін арттырды. Мен жаңашылдықты құптаймын. Әр нәрсенің тиімді тұсы болатынын ескеру керек. Мәселен, осы қа­шықтан оқуды алсақ. Сыныптағы барлық бала белсенді, үлгерімді деп айта алмаймыз. Кейбірінің тіпті, ашылуы қиын. Көпшілік ортада ойын жеткізе алмайды. Ал, қашықтан оқыту барысында байқағанымыз, оқушылардың са­баққа қызығушылығы артып, бел­сенділігі оянған. Яғни, бала жаңа қырынан көріне бастаған. Мұны да қашықтан оқытудың тиімді тұсы деп түсінгеніміз жөн. Сол сияқты мұғалімдердің көбісі бұрынғы білім жүйесіне, тақтаға қағазға жүгінгенді дұрыс көретін. Заманауи технологияны ұтымды пайдалануға, ғылыми ізденіске келгенде шорқақ еді. Алайда, уақыт талабы өз дегенін жасатты. Қанша жерден тақта мен бор жақсы десе де, жаңа жүйеге көшу керектігін ұғынды. Негізі «Bilimland» платформасы 2016 жыл­дан бері бар. Сол кездері өзім кө­рейінші деп осы платформаға кі­ріп, химия пәнін таңдағаным бар. Сонда байқағаным, ішінде не ке­ректің бәрі бар, лаборотиялық зерттеу сынды ең қажеттілері анық көрсетілген. Қолда барды тиімді пайдалану қажет қой.
– Сіз әрі ұстаз, әрі басшы, әрі ғалымсыз. Осы салада мол тәжірибеңіз бар. Сіздің ойыңызша бүгінгі білім жүйесінің кемшін тұсы қандай? Сала қандай өзге­рістерді қажет етеді?
– Мен 1992 жылдан бері білім саласында еңбек етудемін. Бұған дейін 20 жылдай университет, колледждерде бірқатар қызмет ат­қардым. Ғылыммен айналыстым. Орта білім беру саласында 8 жылдан бері қызмет етіп келемін. Сол кезде мектепте жоғары санаттағы үш-ақ мұғалім бар-тұғын. Қазір бұл санатта 80 мұғалім бар. Ал сол жоғары категорияны алу үшін 10 критерий болса, соның сегізі ғылыми ізденіс жұмысы болатын. Осыны ұстаздарға түсіндіргесін барып, олар қозғалыс жасай бас­тады. Бұл бір жағынан біліктілік болса, екінші жағынан өзінің мәртебесі, материалдық жағдайы ғой. Яғни ғылыми ізденістің арқа­сында бірнеше мәселені шешуге болатынын ұғуға болады. Мұнымен айтқым келгені, ұстаз тек 40 минут сабағын берумен шектелмей, жан-жақты болуы шарт. Кейбір ұстаздар сабақ оқымайды, тыңдамайды деп оқушыны кінәлайды. Оларға «алдыңызға келген баланы қызық­тыра алмасаңыз, сіздің ұстаздық шеберлігіңіз қайсы?» деймін. Әрине, мұғалім өз ісіне немқұрайлы қараса оқушы да соған дағдыланады. Бүгін берген тапсырмасын ертең сұрамаса, балада «ой, апай ұмытып кетеді» деген ой қалыптасады. Менің басты талабым ғылыми ізденіс және шы­ғармашылық жұмыс. Соның арқасында ауқымды дүние жасап, жетістікке жетуге болады.
– Биыл ұстаздар қауымына ерекше көңіл бөлінді. Жалақысы өсті, көптеген қоғамдық жауап­кер­шіліктен босатылды. Пе­дагог мәртебесі айқындалды деп қуа­нуда. Бұған не айтасыз? Осы орайда ұстаз мәртебесі тек жа­лақымен өлшеніп кеткен жоқ па?
– Материалдық жағдай қай жағынан болса да маңызды рөлге ие. Қанша жерден мамандығымды сүйемін десең де, бәрібір қаржылық ахуал қылаң бермей қоймайды. Кім болса да еңбектің бағаланғанын жақсы көреді. Екіншіден қашықтан оқу процесі ұстаздың қадірін ұғын­дырып, беделін арттырды деуге болады. Ата-аналар бала оқыту ісінің қаншалықты қиын екенін түсініп, еңбегін бағалап, түсіністікпен қарай бастады. Енді біз осы абыройды өз биігінде алып жүруге міндеттіміз. Мектеп ұстаздарына да айтарым осы. Қа­шықтан оқу процесі мұғалімнің нағыз біліктілігін, шеберлігін көр­сетеді. Оған тек оқушы емес, үйін­дегі ата-анасы, ата-әжесі куә болады. Сол себепті сабақты екі есе дайындықпен өткізу керек.Қашықтан оқыту дегенге бей-жай қарауға болмайды, нағыз сыналатын сәт осы деп айтқым келеді.
– Балаға білім мен қатар мықты тәрбие де керек. Қазір бұл салада жүргендердің басым бөлігі нәзік жандар. Ұл баланың тәртібін түзеуге, жөнге салуға олардың шама-шарқы жете ме?
– Әкенің тәрбиесін көрген бала­ның болмысы да бөлек. Сол сияқты мектепте де ер адамның басым бол­ғаны жақсы. Қазір мектепте 110 мұғалім болса, оның 15-сі ер азамат. Алдағы уақытта ер азаматтардың қатарын көбейту ойда бар. Биыл біздің мектептен мұғалімдікті таң­даған түлектердің 7-еуі ер бала. Қалада 50-ден астам білім ордасы бар. Олардан да осынша ер бала осы саланы таң­даса алдағы төрт жыл­да мектеп қа­быр­ғасындағы ер азаматтардың саны артады деп ойлаймын.
– «Nur Otan» партиясының ішкі іріктеу сайлауына үміткер екенсіз? Сәтін салса, қандай мақсат, мүдде жүзеге асады?
– Маған «Nur Otan» партия­сының праймеризіне қатысуға ұсыныс түсті. Қатысуға бел бай­ладым. Әсіресе, «Мықты лидер – Мықты партия» деген қағи­даты ерекше ұнағаннан кейін бас тартпадым. Себебі, партия – көшбасшысы мық­ты болғанда ғана мықты болады. Ал, оның көш­басшысы біздер. Сондықтан мұны өзіндік ұстанымға айналдырдым. Бір жағынан сенім артқаннан кейін сол сенімнің үдесінен шығу керек. Осы мақсатта 5 бағытты қамтитын бағдарлама әзірледім. Онда білім мен ғылым, жастар мәселесі, ұлттық тәрбие, отбасы құндылығы, әділетті мемлекет, ашық қауіпсіз аймақ, экономикалық тұрақтылық және әлеуметтік мәселелер қамтылған.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ
15 қыркүйек 2020 ж. 490 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 426 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам