Балаларға компьютер табысталды
Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» «Мектепке жол» акциясы аясында ІТ паркпен бірлесе ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы өтті.
Орталықтың бастамашы болуымен қала тұрғындарынан 100-ден аса компьютер жиналып, оның ішіндегі қажетті бөлшектерді пайдалана отырып, жаңа 30 компьютерді жасақтап шығарды. Ең алдымен тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға таратылды. Енді балалар карантин уақытында кедергісіз оқып, білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Елімізде алғаш болып біздің өңірде қолға алынған бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қайырымдылық жобасын жақсы жолға қойған. Бұған дейін де орталық қаладағы қайырымды кәсіпкер азаматтарды біріктіре отырып, оқушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен болатын.
– Акция басталғалы оқушыларды жаңа киім мен оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Енді үй жағдайында отырып та оқушылар мұғалім тапсырмасын тиянақты орындайтын болады. Алдағы уақытта да дәстүрлі акция өз жалғасын табады. Біз елмен етене жұмыс жасай береміз. Болашақта бұрынғыдай мамыражай күнімізге қайта оралатынымызға сенемін. Балалар мектепке барып ұстаз алдынан дәріс алатын күніміз де алыс емес. Ата-аналарды соған сенуге шақырамын, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директоры Бауыржан Мәстеков.
Халық даналығында «Жанашырлыққа – жан риза» деген сөз бар. Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы отбасыларға жанашыр болып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әр адамның азаматтық парызы.
– Бүгін біздің отбасымызға тосынсый жасап жатқан ағаларға алғыс айтамын. Үйімізде компьютер болмай қиындық болып жүрген. Енді балалар ешбір кедергісіз оқуын оқиды. Ұстаздық – асыл қасиет. Күнделікті әр баламен ыждағатты сөйлесіп, түсінбеген жерлерін қайта түсіндіріп жататын ұстаздарға да зор алғысымды айтқым келеді. Аман болайық, ауырмайық. Барлығы да біз күткен жақсы жаңалыққа толы болсын. Айтпақшы, қала күні мерекесімен де құттықтаймын. Қаламыздың болашағы жарқын, ертеңіміз нұрлы болатынына бек сенемін. Жолдар салынып, тұрғын үйлер жөнделіп жатқаны ел ағаларының өлшеусіз жұмысының жемісі. Алған компьютерімізбен көрші балаларды да бірігіп оқуға шақырамын, – дейді Сәбина Алтынбекова есімді қала тұрғыны.
Т.ШАЙДІЛДАҰЛЫ