Жанарымның қарашығысың мен үшін

Жауһар өлең той ажарын ашатын,
Аламанға дүбір қосты жас ақын.
Мерейтойың құтты болсын, ғазиз ел,
Мерейі асып, мәртебесі тасатын.
Тарихыңнан тін тарқатып жыр тілде,
Ілгеріден сөз саптаймын іркілме.
Өткеніңді ой електен өткізбей,
Болашақты бағамдауың мүмкін бе?
Қамыс қала – тарихыңның тұнығы,
Ақмешіт боп атанғансың ірілі.
Перовский ізі қалған іргелі ел,
Болашаққа бет түзеген бүгіні.
Сенен көрем сүлейлердің сарынын,
Қазақия қастер тұтқан қадірін.
Жібек жолы жүріп өткен маң дала,
Тұран дала дүбірлеткен тамырын.
Тасқа басып дәуірінің таңбасын,
Сенде туып кеңейтті ерлер арнасын.
Тыңдап өсіп туған елдің сыбдырын,
Жырға қосып Сырдария арнасын.
Тіршіліктің тайқазаны қайнаған,
Жыршылықтың қазығысың байлаған.
Алты алашқа нәрін берген әз ана,
Ақмаржанмен көмкерілген айналаң.
Татулық пен тағылымның төрісің,
Өркендеген өлкем өзің өрісің.
Жүрегінде сақтай берсін басқалар,
Жанарымның қарашығысың мен үшін.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ