БИІК ҚАЛА, БЕКЗАТ ҚАЛА, БАҚ ҚАЛА
Арқа төсінде ақиқатқа ұласқан армандар салтанат құрып, ізгі мұратымыздың жұлдызы жарқыраған күнін баршамыз ерекше құрметпен тойлаймыз. Астана бұл күнде – еліміздің саяси орталығы ғана емес, ұлт мәдениеті мен әдебиетінің де жаңа дәуірге қанат қағып, рухани жаңғыру белесіндегі алтын ошағына айналды. Мұндағы әрбір қаламгердің шығармашылығының бір ұшында Астананың тәуекелді сәттермен тоғысқан тағдыры, берекелі істермен биіктеген тұғыры жатыр.
Сарыарқа төсіндегі әсем қаланың жүрегін ақындар жауқазын жырымен, ыстық сезімімен жылытып келеді. Өнер адамдары үшін астаналық әрбір мезгіл келбеті өлеңнің сиясы төгілген аяулы уақыт парағы іспеттес. Бас қаламыздың жыл сайын тойланатын меншікті күнінде ақындар жырдан шашу шашса, әншілер сызылтып салған әсем әуенмен сұлу қаланың шартарабын сазға бөлейді. Ал жазушылардың сан алуан шығармаларының шырайын кіргізген айшықты шаһардың әдемі келбеті бүгінде өрнекті өлең жолдарындай көз тартады.
Аты аңызға айналған «Бәйтерек» монументінің өзін ақындар жырға қосып, елді елең еткізер керемет шығармалар арқауына айналды. Бұл ескерткіштің өз мазмұны, рухани құндылығы бар. Мәселен, оның басындағы шар – самұрық құсының жұмыртқасы образында. Бейбітшілікті аңсап қанат қаққан самұрық мамыражай мекен деп Астананың төрін таңдап, алып діңгекті бәйтерек ағашының басына жұмыртқалапты. Ырзық пен бейбітшілікті өзімен бірге көтерген күннің шуақты сәулесі әуелі «Бәйтерекке» түседі. Осылайша, Тәңірі бізге бейбітшілік пен таусылмас ырзық сыйлап тұр. Бұл ғажайып аңыздың өзі Астана қаласының сән-салтанатын паш етіп тұрған жоқ па?
Ән мен жырдың қайнар бұлағына айналған Астананы мәңгілік тақырыпқа арқау етіп, төгілген жырдан көркем ой түйген ақындардың жырларына ден қойсақ. Ақын Оңайгүл Тұржанның «Жаңа Астана» өлеңі нұр қаланың көркем кейпін қаз-қалпында керемет айшықтаған.
Анау жақтан мойнын созып Көкше шың,
Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн.
Әр күн сайын бара жатыр ұзарып,
Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн.
Самал желi бұйра талды тарайды-ай.
Түнгi шамдар-ұжмақтағы арайдай.
Түнгi Астана сұлулығын қызықтап,
Оңға, солға шығып көрiп қарайды ай.
Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп,
Бойжеткен үй суға көзiн төңкерiп.
Көшелерден түрегелген фонтандар,
Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп.
Сырбойылық жас ақын Ақтөре Ибрагимұлының мына өлеңінен кербез қаланың шынайы бейнесін көріп сүйсінеміз.
Бәйтерек –
Зеңгір көктей асқарымсың.
Хан шатыр –
Мәңгі жарық аспанымсың.
Перзенті Елбасының пейіш қалам.
Ақ орда,
Асқақтығым,
Мақтанышым!
Көрінген,
Көрші елдерге асқақ қала,
Астана – ару қала, әппақ қала.
Сарыарқа төсіндегі саф мекенім,
Барады,
Алты алашты
Бастап дара.
Ерлан Жүністің «Астана метаморфозасы» өлеңі адамды бей-жай қалдыра алмайды. Бойыңда өршіл рухыңды оятады. Әлем таныған мақтан қаланың шұғылалы шағын керемет суреттеп, даңқын асырып, былайша тебіренеді:
Паң Астана, Патша Астана, өр болған,
Мыңжылдықтың қолындағы мөр болған,
Алты құрлық салтанаты өзінде,
Алты алашқа төр болған,
Ақын қала, Аппақ қала, Әз қала,
Кербездене, бой түзейді наздана,
Алты құрлық аңсары бір өзінде,
Алты алашқа тәж қала!
Биік қала, Бекзат қала, Бақ қала,
Сен – Астана ғұнға, түркі, саққа да,
Алты құрлық назары бір өзінде,
Алты алашқа тақ қала!
Бер, Тәңірі! Қала туды!.. Туады,
Туады әлі заманалар шуағы,
Тұрады әлі – Бір қаланың өзінде –
Отыз миллион ұлы қазақ тұрады!..
Тұрады әлі, Тұран – елдің бір аты,
Құзар шыңға қол созатын құлаты,
Мен арманшыл бір бала едім,
Арманым – Үш жүз миллион
Ер Түркінің мұраты! деп таңды-таңға ұратын ұзын-сонар жыр жазған.
Қалай десек те, біз «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана» деген қасиетті сөздерді құрметпен, ұлтжандылық сезіммен еңсемізді көтеріп еркін кейіпте, асқан мақтанышпен айта аламыз. Себебі, Арқа төрінде сылаң қаққан ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз өзінің 20 жылдық мерейлі мерекесін бейбіт күннің астында, бірлігі ұйысқан елмен бірге тойламақ. Керегесі кеңге жайылып, сан ұлтқа кең құшақ жайған бейбітшілік символындай еліміздің жүрегі өр Астана, төр Астана Ұлы дала ұрпағына ұлағат сыйлаған қастерлі, қасиетті, киелі, аяулы, ардақты мекеніне айналып келеді.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА.