Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Индира АҚЖІГІТОВА, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы: ЖӘРДЕМАҚЫ ЕСЕБІНЕН КҮН КӨРЕТІН АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ШЫҒАРУ КЕРЕК

Индира АҚЖІГІТОВА, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы: ЖӘРДЕМАҚЫ ЕСЕБІНЕН КҮН КӨРЕТІН АЗАМАТТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ШЫҒАРУ КЕРЕК

Бұған дейін мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өткен Индира Сансызбайқызының халық табалдырығын босатпайтын мекемеге басшы болып келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда жаңа басшының  бұл салаға үлкен дайындықпен келгені сезілді. Халықпен бетпе-бет кездесу, жариялық, ашықтық алғашқы күннен байқалды. Орайы келгенде қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітовамен сұхбаттастық.

– Қызметке кіріскен алғашқы күннен-ақ көп балалы аналар мекен еткен «Бәйтерек» шағын ауданына барғаныңызды жұрт­шылық айтып жүр. «Бәйтерек» шағын ау­данына баруыңыздың себебі...
– «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орын­­дық мектеп құрылысы басталған. Сол құрылыс нысанына жақын аумақ тұрғындарын жұмысқа тарту, тұрғындарға сол ұсынысты жеткізгенді жөн көрдім. Себебі шағын аудан тұрғындарында атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар қатары көп. Шағын аудандағы 126 отбасының 109-ы атаулы әлеуметтік көмек алады. Сол себепті бірінші кезекте осы шағын аудандағы кәмелет жасқа толған, жұмысқа қабілетті азаматтарды еңбекке тарту қажеттігін жұмысқа кіріскен бойда мақсат еттім.
– Көп балалы аналармен жиі кездесіп жүрсіз. Көпбалалы аналардың мәселесі аз емес сияқты...
– Мәселе жоқ емес. Ең түйткілді мәселе қоғамдағы әлеуметтік осал топтарды, көп­балалы аналарды тек атаулы әлеуметтік көмек алушы, болмаса белгілі бір жәрдемақы алушы, көмекке мұқтаж деп емес, оларды еңбекке бейімдеу басшы ретінде ең басты ұстанымым. Әрине, бұл оңай болмайтыны анық. Себебі, тегін азық-түлік, көмек ал­ған оңай ма, жұмыс істеп ақша тапқан оңай ма? Көмекке үйренгендердің өздері табыс табуына бейімдеу үшін үгіт-насихат, психологиялық көмек керек.
– Салада шешімін таппаған мәселе қан­дай? Сондай-ақ бұл мекемеге бас сұққан адам жайдан-жай келмейтіні белгілі. Жүрегіңізді ауыртқаны...
5 қыркүйек – қайырымдылық күні. Мен осы күннен бастап тегіннен үміттенгендердің ойын өзгертуді қолға алдым. Оңай болмаса да. Дәл қайырымдылық күні азық-түлік тарату­ды доғарып, қайырымдылықтың басқа фор­масын ұсындым. Әрине бұл жаңалық бол­мағанмен, соңғы кезде ұмытылып бара жатқан дәстүр. Есіңізде болар, біздің бала күнімізде «Тимур және оның командасы» жолға қойылған болатын. Осыны қайта жаңғыртып, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, жалғызбасты қарт кісілерге назар аудардым. Нәтижесінде үйінің іші-сырты қоқысқа толған, он жылдан бері  өздері де, үйі де тазалық көрмеген, 87 жастағы қария мен оның 56 жас­тағы науқас баласы екеуі ғана тұратын үйді қалыпқа келтіруге жұмылдық. Оларды оңалту орта­лығына жатқызуға құзырлы орындармен бірге шешуге тырысқанымызбен, өздері келісім бермеді. Бұл мәселені «Nur Otan» партиясына жеткіздім. Қалған санаулы ғұмы­рында таза төсекте жатып, ыстық тамақ ішсе екен деген тілекпен мұны өзіме парыз санадым.
Жүрегіңді ауыртатыны – мүмкіндігі шек­теулі балалардың жайы. Әсіресе, емі табылмай, баланың жағдайын үй жағ­дайында жасай алмай отырған ата-ана­лардың жан дауысы. Алдағы уақытта халықаралық қаржылық ұйымдар арқылы мүмкіндігі шек­теулі балаларға арналған пансионат ашу жоспарын жасаудамын. Біздегі емдеу орта­лықтары тек сал ауруы және жүйке жүйелері ауруын емдейді. Ал өзге ауруларды ем­дейтін пансионат жоқ. Осы мәселенің ше­шімін тапсам деймін. Тағы бір шешімін тап­паған мәселе – Тас­бөгет кентінде үй-күйі жоқ азаматтарды 6 айға дейін уақытша паналататын оңалту орталығы бар. Сол орталықта 10 жыл бойы тұрып жатқан науқас жан бар. Оны емдеу мекемесіне емделуге жіберейік десек, құ­жаты жоқ. Оны кемінде үш адам таныса, құ­жатын ретке келтіруге болады. Осы да күрмеулі мәселе болып тұр.
– Жақында әлеуметтік желіден мүм­кіндігі шектеулі жанның арбасын итеріп, өзіңіз көмектесуге ниет білдірген суретті көзіміз шалып қалды. Сондай жылы сурет, мейірімділік есіп тұр. Осы бір көріністен бұл саланы жүрегі кең адам басқару керек екенін түйдім...
– Мүмкін, пікіріңіз орынды шығар. Менің ең басты ұстанымым – қандай да бір шараға мәселені көзбен көру үшін бару. Көп балалы аналар болсын, әлеуметтік осал топ немесе мүмкіндігі шектеулі балалар болсын, қай-қайсысының да шешімін тап­паған мәселесін тыңдап, қорытынды жа­саймын. Айта кетейін, қайсы топпен кез­дессем де азық-түліктей көмек беру жайы қайталана береді. Мен бұлай көмек сұрауды қолдамаймын. Кімнің еңбек етуге мүмкіндігі болса, соған жұмыс табуға жағдай жасауға тиіспіз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түліктей көмек емес, демеушілер арқылы емдеу орындарына жібергенді жөн көрдім. Мүмкіндігі шектеулі балаға тиімдісі осы. Жалпы, халықты масылдық пиғылдан арылту керек. Бұл біреуге ұнар, біреуге ұнамас, алайда нан­ды еңбекпен табу керек. Мәселен, бір отбасында әйелі жәрдемақы алады, күйеуі сол жәрдемақыға күнелтіп үйде жатады. Жұмыс іздеу ниеті де жоқ. Әйтпесе, еңбек етемін дегенге жұмыс көзі бар. Жұмыс ұсынсақ, «80 мың айлыққа бармаймын» дейтіндер де кездеседі. Ал осы әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер 40-70 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал үйде жатқандар  «Үкімет не бітіріп жатыр» деген қасаң сұ­рақтан өзгені және аз жалақыны қанағат етіп табыс тауып жүрген мамандардың құқын таптағанда өзгелердің аз жалақымен еңбек етіп жүргенін біле бермейді.
– «Еңбек. Кз» сайты шынында жұмыс іздегенге мүмкіндік пе?
– Мұны мемлекет тарапынан жүргізіліп жат­қан ауқымды шара деп есептеймін. «Еңбек кз» сайтының бос жұмыс орындарын жариялауы, оқу орындарына қандай ма­мандар қажет деген сауалға талдау жүйесінің маңызы зор. Біз заманауи талаптармен өмір сүруге үйренуіміз керек. Бұрынғыдай мекеме жағалап, жұмыс іздейтін кез емес. Қазір уақыт құнды. Халық үшін «Еңбек кз»  сайты арқылы нақты ақпарат алуға болады.
– Цифрландыру саласының білікті ма­манысыз. Салаға цифрландыру бойынша жаңалық ала келген боларсыз?
– Мол тәжірибемді пайда­ланып салаға пайдасын енгізу заңдылық дер едім. Бірінші кезекте мемлекет тара­пынан беріліп жатқан көмектердің деректер қорын жасақтауды қолға алдым. Бұл жақын арада іске қосылады. Деректор қоры ар­қылы кімнің қанша көмек алғаны жөнінде ақпараттар базасы жасалады. Нәтижесінде бір отбасы­ның бірнеше рет көмектен құр қалу жайы рет­теледі. «Бақытты отбасының» сайтын іске қосудамыз. Сондай-ақ мобильді қосым­шасы арқылы онлайн кезекке қою, орталық жұмысы туралы халық­тың электронды баға беруіне мүмкіндік жасауды жоспар­лаудамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
22 қыркүйек 2020 ж. 676 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 423 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам