Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тапсырма уақытылы орындалуы керек

Тапсырма уақытылы орындалуы керек

Қызылорданың бюджеті қалай игерілуде? Жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда Сырдың бас қаласының даму деңгейі қандай? Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қанша? Мемлекет басшысы ден қойып отырған кәсіпкерліктің әлеуеті қалай? Жыл сайын мерекеленетін қала күнін пандемиялық жағдайда думандатып өткізуге мүмкіндік бар ма? Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте осындай мәселелер қаралды.
Қала әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте алдымен кадрлық өзгерістер айтылды. Бұған дейін қала әкімінің орын­басары қызметін атқарған Ерлан Бердібаев ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен об­лыс бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалыпты. Сонымен қатар Семсер Сыздықов Тасбөгет кентінің әкімі қызметіне кіріссе, Айбек Орманов қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болған. Қала әкімі бұл азаматтарды жаңа қызметімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Бұдан ары қарай мәжілістің негізгі мәселелері көтерілді. Бюджеттің бекітілуі­мен қатар оның игерілуі бар. Осы мәселені негіз еткен қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейтмахан Айменов сегіз айдың қорытындысы бойынша бюджеттің қалай игерілгенін баяндады.
Қаржы бөлімі басшысының айтуынша, осы жылғы сегіз айдың қорытындысымен Қызылорда қаласының кіріс бөлігі 105,5 процентке орындалған. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен баяндамашының сөзін­ше, 1млрд 361,2 млн теңге игерілмеген көрінеді. Нақтырақ айтқанда, республикалық бюджеттен бөлінген 16 млрд 439,9 млн теңге қаржының 510 миллионы игерілмеген. Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлінген 8 млрд 682,2 млн теңгенің 700 млн-дан астамы игерілмеген. Қалалық бюджеттен бөлінген 28 млрд 126,1 млн теңге қаржының 143 млн-дан астамы игерілмеген.
Баяндамасына осындай мәліметтерді арқау еткен Сейтмахан Айменов  қаржыны толық игермеген мекемелерді атап өтті. Олардың қатарында қалалық құрылыс, білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілер, сондай-ақ тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль және тұр­ғын үй инспекциясы бөлімдері бар.
Мұнан соң мінберге қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас­шысы Гүлнар Баймаханова көтеріліп, Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды. Баянда­ма­шының айтуынша, қаңтар-тамыз ай­ларындағы өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 326971 млн теңгені құраған. Есепті мерзімде 3113,8 мың тонна мұнай және 532 млн текше метр табиғи газ өндірілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің кө­лемі 2614,2 млн теңгені құраған. Негізгі ка­питалға салынған инвестиция көлемі 85685 млн теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 105,3 пайызға артты.
Соңғы жылдары Қызылордада құрылыс­тың да қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Аймақтағы құрылыс жұмыстарының 60 проценттен астамы Қызылорда қаласының үлесінде екенін айта кеткен абзал. Есеп­ті мерзімде пайдалануға берілген тұрғын үй­лердің жалпы аумағы 244429 шаршы метр­ге жеткен. Кәсіпкерлікте де ілгерілеушілік бар. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан жұмыстардың көлемі ау­қымды. Жұмыссыздық мәселесі жолға қойылып, биылдың өзінде 6765 адам жұ­мысқа орналасқан.
Мәжілісте қала күні қарсаңында өтетін мерекелік шаралар да сөз болды. Бұл жайында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов баяндады.
Биыл қала күніне арналған мерекелік шаралар 21-26 қыркүйек аралығында өте­ді. Мерекелік іс-шараларды өткізу бары­сында эпидемияға қарсы карантиндік ре­жимге байланысты санитарлық нормалар сақталады. Жалпы осы күндері 60-қа жуық шара онлайн форматта ютуб каналы мен фейсбук, инстаграм сияқты басқа да әлеуметтік желілер арқылы көрсетіледі. Негізгі мерекелік шаралар 25 қыркүйектен бастау алады. Мерейлі мерекеге тарту ретінде 26 қыркүйекте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіледі.
Аппараттық мәжілісте осындай мәселе­­лер көтерілді. Қала әкімі алда жылу маусымы келе жатқандықтан соңғы дайындықтың барлы­­ғын жасап, жылуды уақытылы беру қажет­ті­гін тапсырды. Мұнан бөлек қала күніне арнал­ған шараларды өткізу бары­сында санитар­лық нормалардың толық сақталуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ қала басшысы беріл­ген тапсырмалардың уақытылы орындалуы қажеттігін қаперге салды.
Ә.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ
22 қыркүйек 2020 ж. 350 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 529 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам