Жасай бер, жарқырай бер, Қызылорда!
«Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, талай тарланды қанаттандырған Қызылорда жайлы Елбасының сөзі. Қазақтың байтақ даласына қарап қазаққа пейіліндей дархан, көңіліндей кең атырапты сыйға тарта салған-ау деп тамсанасың. Алтай мен Алатаудың арасын алып жатқан құлан даланың қай тұсын болмасын Жерұйық дерсің... Сыр елі де – сондай сырлы да жырлы қасиетті мекен.
Сыр мен сымбаттың елі, сұлулық атты қымбаттың елі – Қызылорда. Келбеті күн сайын кемелденіп, ажары айшықталған Сырдың бас шаһары бүгінде қайталанбас сипатқа ие. Тамырын тереңнен тартқан тарихы да тұнған шежіре. Расында соңғы бірнеше жылда мәртебелі қаланың мерейі өсіп, келбеті көңіл толқытатын, ғажайып қалаға айналды. Зәулім ғимараттар, тақтайдай тегіс жолдар мен халықтың тұрмыс жағдайы біршама жақсарды. Өркениетке көш түзеген қаланың құрылысы қарқынды дамып, әлемдік дағдарысқа қарамастан инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Жылдан-жылға өзінің қарыштап дамуымен, өсу динамикасымен, тұрақтылығымен өлшенетін қаланың бүгінгі көрінісі көңіл көншітерлік. Бұл – аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрмысы мен әл-ауқатының артқанының дәлелі. Шүбәсіз, бұл жетістіктер – ең алдымен облыс, қала басшылығының қысқа мерзімде жүзеге асырған нақты жобалары мен жоспарының нәтижесі. Қазіргі Қызылорданың көшелерінен бастап, халқының сана-сезіміне дейін түбегейлі өзгерген. Бүгінгі Сырдың бас шаһары жаһандық дамуға, ірі қалалармен бәсекелесуге есігін айқара ашып, барша аймақ халқының кеудесіне нық сенім ұялататын қадамдар жасауда. Демек бүгінгі төккен тер – ертеңгі ел ұрпағына табысталатын аманат.
Төбеде құстар сайрап, ағаштар бүр жара бергей. Сен де уақыт тынысынан қалма. Жасай бер, жарқырай бер, Қызылорда!
Қамшыбек Қоңқабаев,
Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Әскерилер арасындағы әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.