Құшағыңды аш, Сыр ана!
Бұдан 8 жыл бұрын қала күні мерекесінде «Сыр ана» монументінің ашылуы қалалықтардың қуанышқа бөлеген еді. Биіктігі 40 метрге жуықтайтын ескерткіштің ішіндегі арнайы баспалдақ арқылы жоғары көтеріліп, туған қала келбетін жоғарыдан тамашалауға болатынын да сол кезде жарыса жазған едік.
Алайда жыл өткен сайын «Сыр ана» ескерткіші айналасында мүлгіген тыныштық орнады. Анда-санда қалам ұстаған қауымның еңселі ескерткіштің қараусыз қалып бара жатқанын айтып ескерткені болмаса, жалпы жұрт ескерткіштен алыстап қалды. Мұны біреулер қала орталығынан тым алыс екендігімен түсіндірсе, енді бірі айналасында саясы да жоқ деп мін таға бастады. Содан бері де 8 жыл өтіпті. Биылғы қала күні қалалықтар үшін ерекше. Себебі, қалалықтардың төл мерекесі «Сыр ананың» құшағында тойланбақ. Жаз бойы бұл алаңдағы мүлгіген тыныштықты техниканың гүрілі алмастырса, жаз бойғы еңбектің нәтижесін көрсетіп, «Сыр ана» маңы түрлі-түсті бояумен көмкерілді. Айналасы үлкенге де, кішіге де демалуға барлық жағдайы жасалған, жасыл желек саясы да, субұрқағы да бар ескерткіш алаңы қалалықтар үшін ең әдемі демалыс орнына айналары сөзсіз.
Биыл монумент аумағының 3150 шаршы метріне көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 2 субұрқақ, жаяу жүргінші жолы, жаңа үлгідегі орындықтар мен жарық бағаналары орнатылды.
Мереке күні қайта жаңғырған «Сыр ана» монументі алаңының ашылуына келген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қалалықтарды төл мерекесімен құттықтады.
– Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласы бүгінгі күні әлеуеті артып, экономикасы өрістеген қалалардың бірі болып өсіп келеді. Биыл қаламызда көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары өте қарқынды жүрді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста 276 инфрақұрылымдық жоба болса, оның 97-і Қызылорда қаласында жүзеге асуда. Бүгін бірқатар жаңарған, қайта салынған әлеуметтік нысандар мен саябақтар ашылады,– деді аймақ басшысы.
Дарияның екі жағына қоныс тепкен қалалықтарға бірдей құшағын жайған «Сыр ана» ескерткіші алыстан менмұндалап, ешкімді жатырқамай құшағын жайып тұрғандай.
Р.s. Қала күніне арналған іс-шаралар «Сыр ана» монументі алаңында қорытындыланды. Мерейлі сәтте қаланың тағы да бірқатар азаматтарына «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.