Ғибратты ғұмыры көпке үлгі
Қала күні қарсаңында қасиетті Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиевке арналып, ескерткіш-бюст қойылды.
Ыдырыс Қалиұлының ғұмыры ғибратқа толы. Ол кісі қарапайым теміржолшыдан облысты басқару дәрежесіне дейін көтеріліп, жауапты қызметтерді абыроймен атқарған қайраткер. Сыр өңірінің ыстық-суығына көніп, талай істің жанашыр бастамашысы болып, халқын үйіріп ізге ертіп, қыруар жұмыстың бітуіне ұйытқы бола білген азамат.
Қайраткерге қойылған ескерткіш-бюстің ашылуында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйлеп, Ыдырыс Қалиұлының өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі екенін айтты.
Шарада қайреткердің өмірлік серігі Қанзира апай сөз алып, игі іске себепкер болған жандарға ризашылығын білдірді.
Жарық жұлдыз секілді айналасына шұғыла шаша жанып, жарқырап тұратын айрықша асыл тұлғалар болады. Ыдырыс Қалиұлы сондай азаматтарымыздың бірі де бірегейі еді. Ол кісінің тектілігі тереңнен тамыр тартады. Ол кісінің түп аталары – аты әлемге жайылған белгілі әулие Сейіткұл, Самарқанды қырық жыл билеген Жалаңтөс баһадүр, ел сенімін ақтаған, жоғын жоқтаған, 19 жыл хан кеңесінің мүшесі болған Әйтеке би. Оның ұлылардың ұрпағы, тұлпалардың тұяғы, сұңқарлардың қанаты, алтынның сынығы екенін тарихтың өзі көрсетіп отыр.
«Елге болсын, еңбегім адал болсын» деп шынайы жанашырлықпен қызмет еткен Ыдырыс Қалиұлы бұқара халық үшін қиын кезеңде ел іргесінің сөгілмеуі үшін аянбай еңбек етті. Жалындаған жастық шағында облыстың жастар ұйымын басқарып, жаңа бастамалар мен қозғалыстардың ұйытқысы бола білді. Қызылорда қаласын басқарған және облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған жылдары аймағымыздың экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің мұрат-мүддесі жолындағы еселі еңбегінің нәтижесінде, ел басына күн туған алапат соғыс жылдарындағы ерлігі үшін Ыдырыс Қалиұлы бірнеше мемлекеттік орден, медальдармен марапатталды.
Ыдырыс Қалиұлының ерен еңбегі тарихқа алтын әріптермен жазылды. Ол секілді өндірістің қай саласында да ысылып, жауапты басшылық қызмет атқарып, экологиялық аймақтың мұң-мұқтажын батыл шешіп, артында асқар таудай айшықтала көрінетін із қалдырды. Өз ісінің білгірі, елге сыйлы, халқына қалаулы, рухы биік, қашанда көпшіл, іске жан-тәнімен беріле кіріскен жан-жақты адам ғана осындай биіктен көрінеді.
Ыдырыс Қалиев облыс тізгігін ұстап, сапқа кірген тұста Қызылорда платинасы, Қызылорда целлюза-картон зауыты, Қызылорда сәулетті көп қабатты үйлер салынып, Ақмешіт, Мерей, Оңтүстік шағын аудандары бой көтерді. Алғашқы мұнай өндірісі орын теуіп, өнім шығара бастады. Тоқылмайтын маталар фабрикасы, силикат кірпіш зауыты, Қызылорда конструкциялық-қабырға материалдар комбинаты, Қызылорда эксперименталды жөндеу және Рисмаш зауыты, оған қоса ондаған өндірістер мен мелиорация, құрылыс трестері мен бірлестіктері, Түгіскен, сол жаға, оң жаға, Қазалы күріш массивтері инженерлік жүйеге келтіріліп пайдалануға берілді.
Арал, Қазалы, Қызылорда қалаларында теледидар мұнаралары тұрғызылып, облыс халқы көгілдір экранды көріп тамашалай бастады. Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйі мен Нартай Бекежанов атындағы драма театры халық игілігіне беріліп, Шалқия кен орны, Шиелідегі уранның игерілуі де жемісті еңбектің нәтижесі. Бұл тұста Сыр маржанынан мол өнім жинауға да қол жеткізілді. Парасатты басшының тұсында мұнан да басқа қаншама өндіріс орындары ашылғаны жұртшылыққа белгілі.
Мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ыдырыс Қалиұлы екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына, алты рет Қазақстан компартиясы съездеріне, СОКП-ның ХХVІІ съезіне делегат болып сайланды. Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының, Қазалы, Арал аудандарының «Құрметті азаматы» болды. Мұның барлығы ол кісінің саналы ғұмырын туған елін көтеріп, туған жерін гүлдендіруге арнағанын білдіреді.
Ж.Қуанышбайұлы