Тоқшылық тойы бұл, халық үшін жасалған
Қала күні аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл – дала дарабоздарының жаз бойғы жинаған өнімдерінің жемісті нәтижесі. Еңбек майталмандары облыс жұртшылығына өз өнімдерін базар бағасынан арзан ұсынды. Мұнда келушілердің қарасы қалың. Әркім өзіне қажетті бақша дақылдарын сатып алып жатыр.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қала күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкені аралап, тұрғындармен тілдесіп, шаруалармен жүздесті.
«Тағзым» алаңы маңына жайғасқан қала өнімдерінің жәрмеңкесін шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы аймақ басшысына таныстырып, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің төмен бағамен сатылып жатқанын жеткізіп, жәрмеңке облыс орталығында әр сенбі сайын желтоқсан айына дейін жалғасатынын айтты.
Одан әрі облыс әкімі мен қала басшысы аудан және ауылдардан жеткізілген тауар өндірушілерінің өнім сапасы мен бағасын бағамдады. Өңір басшысы жауаптыларға бағаның негізсіз көтерілмеуін және санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды тапсырды.
Облыстың жеті ауданы және қаланың ауыл шаруашылық құрылымдары қаламыздың 8 жерінде төмендетілген бағамен өнімдерін ұсынды. Облыс орталығына күріштен бастап көкөніс, бақша дақылдары, ет, балық, сүт өнімдері мен мал азығы сынды 40-тан аса өнім түрі әкелінген. 455 көлікке артылған 1 700 тоннадан астам, құны 265,6 млн теңгені құрайтын өнім қала халқына нарықтағы бағадан 10-15 процентке төмен бағамен ұсынылды.
Оның ішінде қала шаруалары жәрмеңкеге 75 көлікпен 214 тонна өнім шығарса, аралдықтар 30 көлікпен 50 тонна, қазалылықтар 35 көлікпен 200 тонна, Қармақшыдан 86 көлікпен 197 тонна, Жалағаштан 60 көлікке тиелген 170 тонна өнім келді. Сырдариялықтар 46 көлікке 165 тонна өнім артып келсе, шиелілік шаруалар 70 машинамен 330 тонна, жаңақорғандықтар 53 көлікпен 452 тонна өнім жеткізді.
Сенбі күнгі сауда жаз бойы бейнеттеніп, өнім өндірген жергілікті өндірушілердің тауарын үлкен көлемде әрі тез сатуына жағдай жасап, тұрғындарға азық-түлікті делдалсыз, арзан бағамен алуға мүмкіндік сыйлады.
– Біз қала іргесіндегі «Сабалақ» саяжайынан келіп, біраз өнім сатып алдық. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз. Бала-шаға баршылық, дүкеннен күнделікті сатып алуға қалта көтермейді. Сондықтан жәрмеңкеге келіп, қысқа мол жететін азықты арзан бағамен алып қоямыз. Сапалы табиғи өнімді төмен бағамен таңдап алу үшін арнайы таңертең ерте келдім, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Ақзира Жайлыбаева.
Тауарлар тек азық-түлікпен шектеліп қалған жоқ. Жаңа ауланған балықтарды да жұрт таласа алып жатты. Қолөнер бұйымдары да қызылордалықтарға молынан ұсынылды. Мұнда сондай-ақ, түрлі дәмді шұжықтар мен балдың да түр-түрі қызу сатылды.
Осылайша аудан орталықтарынан келген ауыл шаруашылық өнімдері қала тұрғындарына кеңінен тарту етілді. Жаз бойы өздерінің өсіріп, өндірген табиғи таза, құнарлы да сапалы өнімдерін ел көңілінен шығатындай бағада ұсынды. Ауыл шаруашылығы тауарларының саудасын қыздырған сатушылар да, экологиялық таза өнімдерге қол жеткізген тұтынушылар да дән риза. Жалпы жәрмеңкеден өнімнің түр-түрін кезіктіруге болады. Бағасы да көңілге қонымды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ