Жалпақ жұртты Қызылордаға ғашық еткен ән
Айналамызда табиғат берген талантымен, маңдайтер, адал еңбегімен, білімімен, ізденімпаздығымен, өнертапқыштығымен елдің мерейін тасытып жүрген жандар аз емес. Олардың қарапайымдылығы сонда, «мен мынадай жасадым» деп кеуде соқпайды, міндет сінбейді, атақ-даңқ сұрамайды. Қалтақамынан бұрын туған жерді түлетуге үлес қосуды азаматтық парыз санайтын қасиетті Сыр еліне белгілі
есімдерді кейінгі буынға «Қолтаңба» айдары арқылы үлгі етуді мақсат еттік.
Әр салада өзінің қолтаңбасын қалдырып жүрген азаматтар туралы сіз де қалам тербесеңіз болады, құрметті оқырман.
«Баулары жайқалған қызыл алма,
Бақтары жайқалған қызыл ол да...»
Бала күнімізде жиі айтылатын, санамызда жатталып қалған өлең жолдары. Тіпті әр баланың жүрегіне туған жеріне деген махаббатын оятқан ән бұл. Үлкендер жағы мереке-тойларда ән шырқаса, осы ән міндетті түрде айтылады. Әннің жатталып қалғанынан бөлек, алыстағы ауыл баласына дария жағасындағы бір ғажайып қаланы елестетіп, қиялына қанат бітіреді. Шынында да, бұл ән көптің аузында шырқалып жүрген кезде ауыл баласына қалаға келу бір арман еді. Сөйтсек, бұл ән сырбойылықтарды ғана емес, барша жұртты тамсантып, білмейтіндерге Қызылорда атты қаланы көруге ынтықтырып, ғашық еткен екен. Сөздің құдіретін осыдан-ақ біле беріңіз.
Бұдан жарты ғасырдан аса уақыт бұрын жазылған «Қызылорда вальсі» әнінің кейбір жолдары әлі күнге дейін ел есінде жатталып, тіпті сырбойылықтардың ескірмейтін тақырыбына, сырбойылықтардың сырттан келетін қонағына «бір кездері баулары жайқалған қызыл алма» дейтін өлеңде айтылған қала ғой» деп мақтанатыны әлі бар.
Дария жағасындағы желі көз аштырмайтын, аптап ыстығы шыдатпайтын қаланы сұлу сөзбен суреттеп, өзгенің «аузын ашып, көзін жұмдырған» бұл өлең уақытында Қызылорда атын аспандатты. Бұл өлең қаланы баршаға танымал еткені сияқты, осы жолдардың авторы ақын Махмұтбай Әміреев есімін елге танытты. Ақынның қаламынан одан кейін қанша жыр туса да, бүгінгі күнге дейін ақынның аты аталса, «Қызылорда вальсі» қоса айтылады. Талай шығармашылық кездесулерде ақынға «Қызылорда вальсі» арқылы сізді таныдық деген белгілі есімдердің, аға буынның ақынға деген құрметіне тілші ретінде куә болып жүрміз.
Жасыратыны жоқ, жаңа айдарға кейіпкер іздеп әріптестермен ақылдасқанымызда да көптің тіл ұшына ең әуелі Махмұтбай ағаның есімі орала кеткені рас. Бұл – ақын ағаның туған қаласына қалдырған қолтаңбасы. Бұдан 60 жыл бұрын көшесі санаулы, зәулім ғимараты да жоқ, жатаған үйлері бар қаланы өзіміз ғана емес, өзгелер ғашық ететіндей сөзбен сәулетті қала тұрғызған ақынның қасиетті қаламы ғой.
Ән тарихы туралы жазу үшін автордың өзіне хабарластық. Өлең туралы сұрағанымызда ақын ағамыздың даусынан қуанғаннан қобалжығаны байқалды.
– 1962 жылдың күзі болатын. Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті және ән факультетінің үшінші курсында оқимын. Күріш орағына көмекте болып келген студенттерге оқу басталғанша төрт-бес күн демалыс берген. Ескі базар жанында ауылымызға баратын автобус күтіп тұрғанбыз. Ұстазымыз Тәңірберген Қалауов ұшыраса кетті. Жолымыз бір екен. Тәңірберген ағайымыз бізге музыка теориясынан сабақ беретін. Консерватория бітірген. Әрі әуесқой сазгер. Алғаш шығарған бірер әндерін өзіміз де айта бастағанбыз. Қала жастарына да кең тарап келе жатқан. Жаңа жазып жүрген жас талапкер демей-ақ бірер әннің мәтінін маған да жаздырып алған болатын. Осы жолы да мені оқшау шығарып алып, жаңа ән шығарғанын айтты. Ән тақырыбын әзірге «Қызылорда жастарының жыры» деп қойыпты. Вальс. Енді сөзін жазуға маған сенім артты. Автобусқа мініп, Жалағашқа барғанша әңгімеміз осы ән жайлы болды. Мәтіннің буын санын, өлең өлшемін айтты. Қала көркі, табысы, ерекшелігі сөз болды. Әсіресе, ән қайырмасында «Қызылорда» сөзінің айтылуы қажеттігін шегелей түсіндірді,– дейді ақын.
Санаулы демалыс күндерін пайдаланып ауылға тартқан жиырмадағы жас жігітке жол үстінде жүктелген сенім мен жауапкершілік оңай болмады. Ауылда отын бұтаса да, шөп жинаса да ойы Қызылордаға арналған өлең тағдырын ойлаумен болды. «Нені жазамын, қалай жазсам екен?» деген сауалмен мың толғанды.
– Көз алдыма қала бейнесі келеді. Бір-біріне жалғас салынған жатаған үйлер. Жеке қоралар. Асфальтсыз тар көшелер. Шымбай, Шанхай деп аталатын жақтары өзіміздің ауыл сияқты. Бірлі-жарым екі қабатты үйлер орталық көшелерде ғана бар. Қырық сегіз пәтерлі дейтін төрт қабатты үйлер қала сыртында енді бой көтеріп жатыр. Енді бау, бақтарды, көше бойларындағы тал-теректерді еске түсіремін. Осылардан сұлулық іздеймін. Көше бойларында түзу, жиі өскен теректерді ақ қайыңдарға балаймын.
Шалқыған шаттық әні бақтарында
Бөленген көшелері ақ қайыңға.
Дарияның жағасында бір қала бар,
Айналған Сыр елінің мақтанына, – деген жолдар осылай туды,– дейді ән тарихынан сыр шерткен Махмұтбай аға.
Енді қаланың табысын өлеңге қосу керек. Жас ақын тағы да ойланды. Нені атап айтсам екен? Әзірге ауыз толтырып айтар алып зауыт жоқ. Шағын өндіріс орындары да санаулы. Жас ақынның ұшқыр қиялымен енді салынып жатқан қағаз-картон комбинаты өлеңге арқау болды. Бұл туралы ақын былай дейді:
– Қаланың табысын, ерекшелігін айтуға келгенде тағы да ойланамын. Ауыз толтырып айтар алып зауыт, фабрикалары жоқ. Тек қаланың батыс жағында енді салынып жатқан қағаз-картон комбинатының аты шығып жатыр. Қала мақтаны, қала табысы дегенде тілге тиек ететін осы ғана болды. Соған орай ән мәтінінің екінші шумағы
Дарияның толқындарын тартып ала,
Ағады көше бойлай Сарқырама.
Батыстан бой көтеріп келе жатқан,
Бір өзі комбинаттың жарты қала, – деп жазылды.
«Қызылорда вальсі» дайын! Енді нақышына келтіріп орындайтын әнші керек. Әнді алғаш рет жас әнші З.Рысбаева орындады. Кештерде, концерттерде айтты, радио арқылы бірнеше рет беріледі. Алайда жұртшылық жылы қабылдай қоймайды…
– Әннің бағы 1963 жылдың жазында жанды. Осы жазда қалалық мәдениет үйінде көркемөнерпаздардың облыстық байқауының қорытынды концерті болды. Концертте «Қызылорда вальсін» талантты әнші, марқұм Сәбит Жаңабаев орындады. Жылға жуық әр жерде айтылып жүрген өлең алғаш рет айтылғандай болды. Дүркірете қол соққан жұрт әнді үш мәрте айтқызды. Бұдан кейін ән көркемөнерпаздардың республикалық байқауына жолдама алды. 1964 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Осыдан кейін-ақ «Қызылорда вальсі» Сыр бойынан шығып, республикаға кеңінен тарап кетті, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлмира Ділдәбекова