Қанша зағип болғанмен, менің де оқығым келеді
Жазмыштың жазуымен жанарынан айрылған азаматтар аз емес. Көру мүмкіндігі шектеліп, күні өзгеге қарап қалған зағип жандар қоғамда көп кездеседі. Тағдыр тауқыметін тартқан олардың тіршілігі қиындыққа толы. Дегенмен қол қусырып, қарап отырмайды олар. Қоғамдық шараларға қатысып, өз өнерлерін ортаға салып жүргендері де жетерлік. Кітап оқып, көңіл сарайын сергітіп жүрген жандардың ерлікпен пара-пар еңбегі көпке үлгі.
Күн сәулесін бір сәтке болса да көру – зағиптар үшін өмірдегі баға жетпес, ең асыл арман. Айналасын тек сипау арқылы сезіп, көкірек көзімен көру терең төзімді талап етері сөзсіз. Алайда олар жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жандар. Сол оқуға деген ынта жігерлерінің арқасында өмірге деген ынталары арта түспесе, еш кеміген емес.
Осы орайда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханаға барып қайттық. Мақсатымыз – кітапхана жұмысымен танысып, оқырмандармен тілдесу. Бізді кітапханашы Айна Бекенова күтіп алып, орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
1969 жылы ашылған арнаулы орталықта бүгінде 30 мың кітап қоры сақталған. Барлығы 2000 оқырман бар. Жыл сайын кітапхана қоры жаңа кітаптармен жаңартылады. Зағип жандарға арналған арнаулы кітапхананың оқу залы үш бөліктен тұрады. Дискілі-кассета, саусақ сезімімен оқитын және жайпақ баспа кітаптар болып бөлінеді.
– Осы орталыққа келетін оқырмандар қазір карантин кезінде сиреп тұр. Бұрын үзіліссіз осында болатын. Енді телефон арқылы тапсырыс беріп, үйлеріне алдыртып жатыр. Оларға арнайы кітапханашылар қызмет көрсетеді. Көбіне орта жастағы оқырмандардан сұрау түседі. Кітапханамызда өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы бар. Сонда арнайы маман бекітілген. Келушіге көмектесіп, қажетті сұранысын уақытылы орындаймыз. Мұнда көпшілік оқырмандар көркем әдебиет пен тарихи кітаптарды және классиктердің шығармаларына қызығушылық танытады. Адам ақпараттың 80 процентін көз арқылы алса, мұндай жандар құлақпен алады. Олардың есте сақтау қабілеті өте жоғары. Жаңа заманауи талапқа сай салынған орталықта оқырмандарға барлық мүмкіндік кеңінен қарастырылған, – дейді кітапханашы Айна Бекенова.
Тағы бір атап өтерлігі, аймағымыздың Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында жылжымалы кітапхана бар. Осы орталықтың арнайы бөлімшесі. Онда оқырмандардың талап-тілектері ескеріліп, осы бағытта жұмыс жасауда. Мұнда әр жерден жиналған жандар бір-бірімен қауышып, бір марқайып қалады. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігі зор екендігінің айқын көрінісі. Елу жылдық тарихты артқа тастап, әр сағатын жанарсыз жандардың көкірегіне жарық себуге тер төгіп келе жатқан ерекше мекеме. Мұнда 8 кітапханашы қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда кітапханада қызмет сапасы жетіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық аясы кеңейе түскен. Арнайы техникамен жабдықталған осындай кітапханаларды жетілдіре түсу заман талабы.
Кітапхананың мақсаты – зағип жандарды заманауи үрдістегі жаңа технологиялармен қамтамасыз ете отырып, оқуға қол жеткізу, түрлі тақырыптарда өткізілген семинарлар, конференцияларда көтерілген мәселелер мен жаңалықтарды талқылау. Жалпы, тағдырдың алдында шарасыз, үнемі көмекке зәру жандардың кәдесіне жарауды мақсат еткен кітапхана жұмысы жауапкершілік үдесінен шығуды көздейді. Кітапхана кіреберісінде оқырмандарды кезекші қызметкер қарсы алып, қызмет көрсету орнына, кітап сөрелеріне жетектеп апарады. Онда оқырманға қажетті мәліметтерді кітапханашылар өздері тауып береді.
– Егер оқырман әлдебір себептермен кітапханаға келе алмаса, кітапхана қызметін пайдалануға мүмкіндік бар. Біз кітапты телефон арқылы таңдауға көмектесіп, үйіне де жеткізіп береміз,- дейді кітапханашылар.
Жалпы, бұл салада қиындықтан қажымайтын-талмайтын, өзінің уақытын аямаған, өзгенің көңілін аялаған жігерлі жандар ғана қызмет ете алары сөзсіз. Тағдырдан қағажу көрген, бір тамшы сәулеге мұқтаж жандарға қызмет көрсету оңай шаруа болмаса да, кітапханашылар әрдайым адамдық биігінен көрініп, өз оқырмандарының алғысына бөленуде.
Кітапхана жұмысының басым бағыты – мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпарат алуға, қоғамдық интеграция мен әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін туғызу. Кітапхана көру қабілетін емдемесе де, рухани емдей алатын маңызды кешен.
Мұнда сонымен қатар таспаға басылған дыбыстандырылған кітаптар, тегіс басылымды кітаптар, күйтабақтар және электронды басылымдар сақталған. Сондай-ақ кітап қорында әдеби кітаптар, естеліктер, тарихи повестер, поэзия, әр түрлі білім саласындағы кітаптар бар.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ