ШАТТЫҚТЫ ДА, ҚАЙҒЫНЫ ДА САН ҰҚТЫМ...
Құштарлық... Бұл сөздің қаншама түрлі мағынасы бар. Ол білімге, ата-анаға, өмірге бағытталады. Алайда, қазіргі таңда осылардың ішінде өмірге деген құштарлықты біраз жандар жоғалтып алған секілді.
Бал шақ өтіп есейіп те қалыппын,
Шаттықты да, қайғыны да сан ұқтым.
Тұрмаған соң төрт құбылам тең болып,
Досы болдым мұң атты бір тамұқтың...
Бұл – бала күнінен тағдыр тәлкегіне ұшыраған Динара есімді қыздың жүрек түкпіріндегі тебіренісі еді. Мен оны зағип жандардың шығармашылығына арналған ерекше кеште алғаш рет көрдім. Сыңғырлаған нәзік даусымен өлең шумағын нақышына келтіре мәнерлеп оқып берді. Бұл толқынысты сезімі көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Екі көзінің бірі 10 пайыз, екіншісі мүлде көрмейтін Динара қазір анасымен бірге Қызылорда қаласында тұрады. Оған дәрігерлер «Катаракта» деген диагноз қойған. Отбасындағы жалғыз қыз кішкентайынан біраз қиындықты көріп өсті. Небәрі 3 жасында асқар тауы – әкесінен айырылды. Анасының ықпалымен №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнаулы түзету мектеп-интернатында оқыды. Қазіргі таңда қаладағы «Болашақ» колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті. Бала күнінен ән айтып, өлең шығарғанды жақсы көретін Динара уақытын босқа өткізбей, үнемі өз-өзін дамытып, пайдалы дүниелермен айналысады. Ол – «Жаңбыр ғұмыр», «Өз өмірім жайлы», «Жігерлендіру», «Армандар орындалады», «Мен де бір жарқ етермін» сынды түрлі тақырыптардағы туындылардың авторы. Әрбір өлеңіне байыппен үңіліп оқып қарасаңыз терең мағына бар.
Қазіргі уақытта көптеген облыстарда зағип жандарға арналған клубтар мен арнайы кітапханалар қызмет көрсетеді. Осы тұста біздің өңірде де зағип жандардың басын біріктіріп, олардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға мүмкіндік беретін және көзі көрмесе де асыл сөздің мәнін білетін жандарға арналған клуб бар. Сол клубтың белсенді мүшесі осы – Динара. Бір жанарынан айырылса да, талантына тосқауыл қоя алмаған бойжеткен осыған дейін өзі секілді жандармен талай байқауға қатысып келеді. Жеткен жетістіктері де жоқ емес.
Динара – оқуда озат, колледжде белсенді студент, көптеген іс-шара мен байқаудың жеңімпазы. Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне арнайы ұйымдастырылған апталыққа қатысып, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» мәнерлеп оқу сайысына бойынша бас жүлдені, облыстық «Біздерді ән біріктіреді» байқауынан І дәрежелі дипломды, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған және ҚР Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік деп соғады жүрегім» атты патриоттық әндер жарысынан жүлделі 3 орынды иеленген. Сондай-ақ, дарынды қыз облыстағы «Үздік студент-2017» байқауында ІІІ дәрежелі диплом және VI Республикалық «Жұлдызай» балалар фестиваліне қатысып вокал номинациясы бойынша белсенділік танытқаны үшін арнайы алғыс хатпен марапатталған. Бүгінде оның осындай жасымас жігері көпке үлгі.
Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.