Жылу қарызға қарамайды
10 қазан күні қалаға толық жылу беріледі. Бұған біздің шаһар барынша дайын. Жылуға дайындық уақыты аяқталды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев брифингте мәлімдеді.
Биыл жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуге 4,2 млрд теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылған. Жыл сайын жылу беру маусымы 15 қазанда басталатын. Биыл күн райының күрт суып кетуіне байланысты 10 қазаннан бастап беріледі деп күтілуде.
– Қазіргі таңда қала бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 757-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 58 үй жеке жылу көздерімен жылытылады. Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ меншігін күтіп ұстау қызметін көрсетуші барлығы 17 басқару органы бар. Бүгінге дейін барлық басқару органдарымен жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Бөлім тарапынан көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық барысына зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде қала бойынша проблемалық 35 көпқабатты үй анықталды. Аталған тұрғын үйлер бойынша тиісті жұмыстар толыққанды жүргізіліп, жылу беруге толығымен дайын, – дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.
Қала бойынша магистралды жылу желілері 35,7 шақырымды құраса, кварталаралық жылу желілері 151,1 шақырымды құрайды. Жалпы 1434 жылу энергиясының тұтынушылары бар.
Брифингте «Қызылорда жылу электр орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры Наурыз Сатхановтың хабарлауынша, халықтың жылуға қарызы 210 млн теңгені құрап отыр. Дегенмен жылу беру тоқтатылмайды. Заң шеңбері аясында өндіріліп алынатыны айтылды.
Брифингте үйішілік жылыту жүйесінде авариялық жағдай туындаған жағдайда «109» нөмеріне немесе өз аумағы бойынша басқару орындарына (ПИК) хабарласу қажеттігі хабарланды. Ал элеватор торабына дейін жылу трассаларында ақаулар пайда болған жағдайда «Қызылорда жылу электр орталығы» диспетчерлік қызметінің 25-00-45 немесе 87768692053 байланыс телефондарына хабарласуға болатыны мәлім етілді. 2020-2021 жылдарға арналған жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда қаласына қажет етілетін қатты отын көлемі шамамен 37800 тоннаны құрайды. Қалада әзірше көмір қорынан тапшылық жоқ. Алдағы уақытта да жеткілікті болады деп күтілуде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ