Ғалым
Өмірде ділмарсыған сөзімен емес, көпке үлгі боларлық ісімен көрінетін, сол арқылы құрметке бөленетін жандар болады. Соның бірі – белгілі ғалым, республикамыздағы күріш шаруашылығы саласындағы жетекші селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ Ауылшаруашылығы ғылым академиясының кореспондент мүшесі Құрманбек Бәкірұлы. Ол бiрнеше күрiш сортының, соның iшiнде «Маржан» мен «Ару» түрлерінің негiзгi авторы. Ғалым ағамыздың 150-ден аса ғылыми еңбегi, бірнеше монографиясы жарық көрген. Ол кісі «Құрмет» орденiмен және бірнеше медальмен марапатталған.
Туған ауыл армандарға бастаған
Әңгіме арқауына айналып отырған Құрманбек ағамыз 1944 жылы Шиелi ауданына қарасты Бала би ауылында өмірге келген. Әкесі Бәкір сол тұста ел басқарған, «Ащықұдық» колхозының негізін қалаған жанның бірі. Бәкір ақсақал туған ауылының әлеуетін көтеру үшін еңбектенген. Сол жердің гүлденуі үшін бар өмірін сарп етті. Алайда әкесі өмірден өткенде бала Құрманбек небәрі 5-6 жаста екен.
– Әкем дүние салғанда мен небәрі 5-6 жасар баламын. Анам Бибісара да өмірден ерте кетті. Әкемнің Әли атты інісі болған. Ағамыз үлкен қызметкер еді. Соғысқа дейін сот саласында жұмыс істеген. Отан қорғауға аттанып, майдан даласынан оралмады. Ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін біз сол кісінің әйелі Ханшайым жеңгеміздің қолында тәрбиелендік, – деп еске алады бүгінде Құрекеңнің өзі.
Заман ырғағы бір орында тұрмайды. Өмір өзен құсап тоқтаусыз аға береді. Бір кездері ата-анадан жетім қалған Бәкір ақсақалдың балалары өсіп-жетіле бастайды. Үлкені – Әзімхан өзі сияқты ел басқарды. Асанбек атты ұлы ауылдағы мектептің директоры болды. Құрманбек болса туған ауылындағы №50 Абай атындағы мектепте оқып, орта білім алып шықты. Тіпті сабағы да жақсы болды. Үйірмелерге де қатысты. Осылайша өскен сайын оқуға құмары артып, білген үстіне білгісі келе берді. Мектепті бітірген соң Бәйгеқұмдағы механизаторлар дайындайтын училищеде оқыды. Бір жылдық курсты алты айда аяқтаған ол Ленин атындағы колхозда тракторшы болып жұмыс істеді.
Жаңалыққа жаны құмар жан 1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оқу-білімге құмар болған жан ғылымға ден қояды. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде өз мамандығын терең меңгеруге тырысады. Институттың 4-ші курсында Құрманбек Бәкірұлы Қызылордадағы «Қарауылтөбе» күріш тәжірибе стансасында өндірістік тәжірибеден өтеді. Ол үш ай тәжірибе жасап, «Күріштің фотопериодизмі» деген тақырыпта дипломдық жұмыс жазады. 1967 жылы оқуды бітірген соң өндірістік сынақтан өткен мекемеден шақырту алып, қазір Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты аталған мекемеге жұмысқа орналасады. Армандарға бастаған, қанаттандырған, туған ауылдан өрілген өмір осылайша біржола ғылымға арналады.
Ғылымға арналған жарты ғасыр
Күріш өсіру техникасын зерттеумен айналысатын іргелі мекемеге қызметке орналасқан Құрманбек ағамыз ғылымға шындап ден қояды. Ол кісі Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Химиялық физика институтына аспирантураға түседі. Сол қалада оқуда жүргенде күндіз-түні тынбай ізденді. Кітапханаларды жағалап, қажетті әдебиеттерді оқыды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Құрекең ғылыми жұмысын Қызылордада тәжірибемен ұштастырды. Қазақстанда бірінші болып күріш мутагенезімен айналысты. Дүние жүзінде жүз мыңнан аса күріш түрі кездеседі. Бізде соның мыңнан астам сорты бар дейді мамандар. Жаңа өнім алатын кезде олардың жергілікті табиғатқа қаншалықты лайықты екенін зерттеу керек. Оның үстіне жақсы қасиеттерін бағдарлай білу қажет. Дегенмен 100 пайыз барлық талапқа жауап беретін өсімдік кездеспейді. Атқарған жұмысыңның бір мезетте жоқ болып кетуі де ғажап емес. Бұл үдерісті ғалым ағамыз: «Күрішті гүлдену кезінде будандастырады. Бұл жұмысты атқарғанда белге дейін суда отырасың. Кейде сағаттап, тіпті күні бойы суда жұмыс істейтін кездер болады. Көз майыңды тауысып, күріштің басына дән байлағанын күтесің. Сол дәнді жасанды жолмен бірінің қауызынан алып, екіншісіне саламыз. Әрі қарай өнімнің қалай өсетінін бақылаймыз. Даму, жетілу, шарықтау шақтарын назарда ұстаймыз» – деп әңгімелеп берді.
Жалпы ғалым ағамыз күріштің өсірілуі, мутагенез әдісімен және будандастыру арқылы өнім алу жолдары туралы бірнеше монография, 150-ден аса ғылыми мақала жариялаған. Мутагенез әдісімен күріштің 130 түрін шығарып, селекцияда қолдануға ұсынды. Олардың арасында ергежейлісі, тарыдай майдасы, жапырағы зебра тәріздесі де бар. Сәтті шыққан түрлердің қатарында «Маржан» мен «Ару» сорттары да бар. Шындығына келгенде, Маржан қызының, Ару немересінің есімі. Күндіз-түні ғылыммен айналысып, күріштің жаңа сортын шығарады. Оны қызының атымен «Маржан» деп жаздырады. Ол Кеңес үкіметінің кезінде одақтық көлемдегі барлық күріш сынау учаскелеріне жөнелтілді. Оң қорытындыға ие болды. Ғалымдар да, диқандар да жақсы пікір білдірді. Содан аудандастырылып, кең көлемде егістік алқаптарға егілді. Өнімді де жақсы берді. Халық «Маржанның» палауы жақсы болады» деп айтатыны жасырын емес. Одан бері де біршама уақыт өтті. Ас пен құдайыда, тойда палау басқанда көбіне «Маржанды» пайдаланып келеді. Диқандар бұл күрішті әлі де егуде. Халық осы күні де оны тұтынып жүр.
Жаңалыққа
құштар жан
Құрманбек Бәкіров тек күріш өсірумен ғана айналысып қойған жоқ, одан бөлек картоп өсіру жолымен де шұғылданды. Ғалым ретінде оны да зерттеді. Қазір оның нағыз тұқымын егіп жүрген жоқ. Былтырғы картоптан ұрықтық өнім қалдырып, диқандар соны пайдаланады. Картоптың негізгі тұқымы сәбіздің ұрығынан да майда. Мысалы, 1 гектар жерге норма бойынша 3 тонна картоп кетсе, негізгі тұқымнан 100 грамм ғана жұмсалады екен. Одан алғашқы жылы майда түйнек шығады. Келер жылы әжептеуір өнім алуға болады. Мұндай популяциялық тұқым шаруашылығы бойынша жұмыстарды Алматының ғалымдарымен бірлесіп атқарған. Нәтижесінде, картоптың популяциялық тұқым шаруашылығы, көкөніс конвейері, картоп және көкөніс дақылдарын өсіру технологиясы мен тыңайтқыш қолдану, өсімдік қорғау жүйелері бойынша өндіріске ұсынымдар әзірленген.
Құрманбек Бәкірұлы жайлы ғалымдар да жақсы пікірде.
– Құрманбек ғалым ретінде өз орны бар тұлға болып қалыптасты. Одан үйренетін қасиеттер баршылық. Соның бірі – өзін-өзі көрсете білу қасиеті.Ол қашанда қиындықтан қашқан жоқ, намысқа тырысты, өзін-өзі қамшылай білді, – дейді ғалым Хасый Жәмәнтікұлы өзінің Құрекең туралы жазған мақаласында.
Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ағамыз осы уақытқа дейін бір ғана салада қызмет еткен. Оқу бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық күріш тәжірибе стансасында, 1974 жылдан Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, топ жетекшісі, бөлім меңгерушісі, ғалым-хатшы қызметтерін, сондай-ақ институт бастауыш партия ұйымының хатшысы міндетін атқарды. 1995 жылдан 2007 жыл аралығында «Арал өңірі агроэкология және ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. Ал 2007 жылдан бөлім меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. Жасаған еңбегіне орай мақтау мен марапаттаудан да кенде болған жоқ. Ғылыми және қоғамдық жұмыстағы жетістіктері үшін облыс әкімі мен мәслихаттың, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ұлттық Аграрлық зерттеулер орталығының алғыс хаттарымен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен марапатталды. «КСРО өнертапқышы» белгісінің, 1997 жылғы ҚР мемлекеттік ғылыми стипендиясының, 2006 және 2008 жылдардағы Қызылорда облысы әкімі стипендиясының иегері болды. «Құрмет» орденімен марапатталып, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалін иеленді.
Сөз соңы
«Құрекең Алла тағала берген денсаулықтың арқасында үлкен әріппен жазылған «ҒАЛЫМ» деген атқа сай әрдайым тамаша еңбек үлгісін көрсетуде. Ол берекелі отбасы иегері, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, немерелер сүйіп, еңбектен зейнет тапқан қадірменді азамат» деп жазыпты бір кездері техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақов.
Шынында да, Құрманбек Бәкіров – нағыз ғалым. Ол ғылым жолына жарты ғасырдан астам өмірін арнады. Қазір жасы жетпістен асса да ғылымнан қол үзген емес. Ол бүгінде Сыр бойының оңтүстік, орталық, солтүстік өңірлерінде және Алматы облысының Балқаш, Қаратал аудандарында сорт сынау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерлерде күріштің 26 сорты сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ Семейдегі бұрын атом полигоны болған Курчатов қаласында «Ядролық зерттеулер орталығы» АҚ ғалымдарымен бірлесіп, күріш дәндерін радиациялық өңдеу арқылы оның жаңа түрлерін шығару жұмыстарымен айналысуда. Бұдан ол кісінің әлі де болса бергенінен берері көп екенін аңғаруға болады. Менің ойымша ғалым деген міне, осындай болады.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ