ҮЗДІК ОҚЫТУШЫ
Жуырда Астанадағы таныстардан «Сенің Талғат ағаң «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды» деген сүйінші хабар естідім. Көңілім толқып сала берді. Бұл кісі – туған бауырымдай жақын тартқан жан еді.
Екеуміздің жақын болуымызға жерлестігіміз де әсер еткен шығар. Ол кісі – Жаңақорғанның тумасы, ал, мен – Шиелінің перзентімін. Университет қабырғасында жүргенде талай ақылын айтып, қажет кезде жәрдем берді. Ақшадан қысылғанда «Әзиз, мынаны ал» деп 2-3 мың теңгені оп-оңай ұстата салатын. Тіпті, мен бір жылдан астам уақыт сол кісінің үйінде жатып оқыдым. «Әй» деп қабақ шытқанын көрген емеспін. Қамқорлығын көп көрдім. Ағамыздың жанында жүріп, белгілі ғалым Рахманқұл Бердібаймен таныстым. Атағы елімізге мәлім Рахманқұл ағамыз да бізге барлық ақыл-кеңесін берді. Не сұрасаң да жауап беретін, қай тақырыпты қозғасаң да сенімен әңгімелесуге дайын еді. Соның арқасында кейіннен Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали секілді ғалымдарға шәкірт болдым. Уақыт өте келе Түркістанда бастаған білімімді Астанада жалғастырдым. Демалысқа шыққанда Алматыға барып, Тұрсынбек ағамызбен дидарласып қайтамын. Қажетті кітаптарды ақтарып, мұрағаттарға соғамын. Соның бәріне осы Талғат ағамыздың септігі тигенін айта кеткенім жөн болар.
Орайы келіп тұрғанда тілге тиек ете кеткеніміздің артықтығы болмас. Ол кісінің білім саласындағы жетістігі ауыз толтырып айтарлық. «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» деген осы шығар, зор ақыл мен биік парасат иесі, энциклопедист-ғалым Рахманқұл Бердібай секілді тұлғадан тәлім алып, ғылым жолының баспалдағына қадам жасаған Талғат ағамыз өз қолтаңбасымен ерекшеленіп, шәкірт тәрбиелеп, білім мен тәрбие саласында өз ізін салып келеді.
Оқысам-білсем деген зеректік қасиетінің арқасында бір емес екі бірдей жоғары оқу орнын қызыл дипломға тәмамдады. 2009 жылдың 18 қарашасында кандидаттық диссертация жұмысын сәтті қорғады. Ғылыми мақалалары мен еңбектерінің саны 200-ден асады. Тек Қазақстанда ғана емес, Ресей Федерациясында да зор мәртебеге ие. Талғат Данияров – Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының құрметті профессоры. Аталған академияның «Выдающиеся ученые России» аталатын энциклопедиялық басылымында ғалым ағамыз туралы кең мағлұмат берілген. Ол Түркия, Грекия, Канада, Франция, Үндістан, Ресей мемлекеттерінде өткізілген халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда мазмұнды баяндамалар жасаған. Оннан астам оқу құралары мен монографиясы баспа бетінде жарық көрген. Мұнымен қоса, бірнеше электронды оқу құралының авторы, бұл жұмыстар университеттер деңгейінде толық қолданысқа енгізілген.
Ғалым-профессор шәкіртеріне үлгілі ұстаз болса, отбасында қамқор әке, ағайын-туыстары мен бауырларына, айналасындағы достарына тілекші, қамқор жан. Бұл қасиеттің бәрі ауылының ғана емес, ел-жұрттың сөзін сөйлеген, ақсақалдық биікке көтерілген ардақты әкесі Әбубәкір мен Алла сыйлаған кең мінездің иесі, анасы Гүлмәрияштың берген өнегелі тәрбиесі екені даусыз.
Ол кісі үнемі «Білім жолында ізденген адам ғана мұратқа жетеді» дейтін. Мен ол сөзді әлі күнге дейін естен шығарған емеспін. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі тарапынан берілген бұл марапат – ғылым жолында жемісті еңбек етіп жүрген ардақты азаматқа берілген баға.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.