«Қауіпсіз қала» 2 күнінде 53 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды
Қызылорда қалалық Полиция басқармасы басшылығының бастамасымен қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың және өзге де құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында 15-31 қазан аралығында Қызылорда қаласында «Қауіпсіз қала» іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара аясында Полиция басқармасының қызметкерлері, қалалық әкімдік, прокуратура, Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, «Жас Отан» өкілдері және еріктілермен бірлескен рейд кезінде 2 күн ішінде 53 құқық бұзушылық деректері анықталды.
Мәселен, қала орталығындағы көшелердің бірінде мобильді топ «Тойота Камри» маркалы автокөлігін тоқтатып, тексерді. Тексеру кезінде жүргізушінің тиісті құжаттарсыз көлікті басқарғаны анықталып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
Бұдан бөлек, қала орталығында орналасқан компьютерлік клубтардың бірінде тексеру барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта жүрген 4 кәмелетке толмаған жасөспірімді анықтады. Жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) және профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Бүгінгі күні қатаң шараларға қарамастан карантин режимін бұзу деректері азаяр емес. Екі күннің өзінде облыс орталығы Қызылорда қаласында 23 дерек анықталды. Кеше, яғни 18 қазанда Қызылорда қаласының тұрғыны өз ауласында санитарлық нормалар мен талаптарды сақтамай той ұйымдастырған. Сол жерде полицейлер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімдеп, толтырды. Аталған дерек бойынша құжаттар жинақталып, тиісті шара көру үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
«Осындай бірлескен профилактикалық шараларды Полиция басқармасы тұрақты түрде өткізіп тұрады. Мұндағы мақсат – қылмыстың алдын алу,қоғамдық орындарда құқық бұзушылықты болдырмау және жаңа қылмыстардың жасалуынан сақтандыру» - дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ермек Искаков.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі