48 миллион шығын. Кім кінәлі?
Бұл аз ақша емес. Бір шаһардың шаруашылығына жұмсалған қаражат. Ортақ үйіміз Қызылорда қаласының қарыштап дамуына бағытталған болатын. Бюджеттен бөлінді, қалаға қажетті дүние-мүліктер алынды. Алайда ақырында жол көлік оқиғаларының орын алуынан осынша шығын шығып отыр.
Қаладағы осындай келеңсіздіктер жайында газетіміздің алдыңғы нөмірінде осы мәселені көтерген едік. Расыменде қаланың көрікті жерлерін бүлдіріп, іске алғысыз жағдайға жеткізген жергілікті тұрғындар. Мұндайда байырғы бабаларымыз «Жау алыстан келмейді» деп жататыны бар емес пе? Жау демей не дейміз?
Жә, сонымен тақырыпқа тереңінен бойлайын. Жыл басынан бері қала көшелеріндегі орын алған жол көлік оқиғалары мен вандалдық әрекеттердің салдарынан бюджетке келген шығын шаш етектен. Бұған өзге емес, алдымен өзіміз кінә¬ліміз. Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов¬ қала әкімдігінде өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.
Қазіргі күнге дейін автокөліктердің түнгі жа¬рық бағаналарына соғу дерегі бойынша 42 жағдай тіркеліп, жол көлік оқиғалары салдарынан 3 дана бағдаршамға, 6 айналма жолға үлкен зақым келген. Аялдамаларды қиратып кету дерегі бойынша 36 жағдай анықталып отыр. Қалалық полиция басқармасының мәліметіне сәйкес жас¬тар мен жасөспірімдердің қатысуымен кіші архитектуралық формаларды және орындықтарды сындыру, бүлдіру, ұрлау сынды 6 әрекет тіркелген.
Бұл баяндағанымыздай жастардың қатысуы¬мен жасалып отыр. Мұндай жалаңқол жастардан қандай отансүйгіштік күтеміз? Оларға елдің ертеңгі болашағын қалай аманаттаймыз? Бұл ойланарлық жағдай.
– Жол көлік оқиғасының жиілеуінен және бюджетке келтірілген шығындар көлемінің көбеюі қала тұрғындарына өз дә-режесінде жағдай жасауға кері әсерін тигізіп отыр. Қала әкімдігі зақым келген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын шұ¬ғыл жүргізіп жатыр. Қа¬ладағы аллеялар мен гүлзарлар, аялдамалар мен орындықтар, қоқыс жәшіктері, баннерлер мен жарық шамдары халықтың игілігі үшін орнатылғанын естен шығармауымыз абзал.¬ Әрбір мүліктің қалыпты жағдайда болуына қоғам болып атсалысу біздің азаматтық борышымыз. Соны ұдайы есте ұстауымыз қажет, – деді А.Есжанов.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ