Тұрғындар саулығы – басты байлығымыз
Қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов брифингте осылай деді. Коронавирустың келесі толқынының алдын алу жөнінде сөз болған жиында тұрғындардың сақтық шараларын ескермей жүргендігі аурудың өршуіне әкеп соқтыратыны мәлімделді.
– Сақтық сақталмаған жағдайда індеттің орын алуы өңірімізде өрши түсуі ықтимал. Сондықтан оның таралуын тоқтату тұрғындар қолында екенін баса айтқым келеді. Қала тұрғындары бетперде тағып, көпшілік шоғырланатын орындарға бармай, сақтық шараларын сақтау маңызды. Індет іркілген кезде ел арасында сақтыққа салғырттық танытуымыз өзекті мәселеге айналып отыр. Екінші толқынның алдын¬ алу үшін жергілікті билік карантин талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде жүйелі жұмыстар атқаруда. Алайда сақтыққа немқұрайлық танытып, ескертуді елемейтіндер қатары азаймай отыр. Осыған аса мән беруіміз қажет, – дейді Асқарбек Темірбекұлы.
Қалалық монитерингтік топтың қатысуымен жүргізілген рейд шараларында екі күннің ішінде санитарлық нормаларды сақтамаған 25 заң бұзушылық анықталған. Оның 19-ы той жасау фактісі болса, 6 дерек кәсіпкерлік нысанынан анықталды. Санитарлық талаптарды ескермеген 134 қала тұрғынына қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан әкімшілік хаттама толтырылып, шара көрілді.
Брифинг барысында қала әкімінің орынбасары той-томалақтарды, думанды кештерді, отбасылық және басқа да басқосуларды тоқтату өңірдегі ахуалды ушықтармаудың тиімді тұсы екенін атап өтті.
«Ақмешіт-ақпарат»