«Аналар» аллеясын анасын сыйламайтындар ғана бүлдіреді
Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп қашанда тіршіліктің бастауында аналардың тұратынын айтып өткендей. «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» дейтін аналар қауымы жылы жүрегімен, нұрлы жүзімен адамзат баласына шаттық сыйлап келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға қандай құрмет көрсетсек те артықтық етпейді. Бірақ осыны көп адам түсіне бермейтін секілді. Әттең...
Соңғы кезде Қызылордада ел үшін жасалған игіліктерді бұзу, құрту, бүлдіру деген әрекеттер пайда болды. Бұған дейін балалар ойын алаңдарындағы әткеншектер мен орындықтар ғана бұзылатын болса, енді мемлекет қайраткеріне орнатылған ескерткіш белгінің жазуын алып тастау, көшеге сән беретін жарық бағаналарын қирату сынды көңілге қонымсыз теріс тірліктер жасалуда. Бұл масқара мұнымен бітпейді. Орталық алаңдағы қазақшалап айтқанда «Қызылорда, мен сені жақсы көремін!» деген жазуға түсірілетін жарық шамдарын сындырып, шишасын шағып тастағандар да бар. Ең сорақысы – «Аналар» аллеясына жасалған қастандық. «Ата – арым, ана – дәрім» деген жұртпыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жанымыздан ең бірінші анамыз табылады. Іңгәлап бесікте жатқан кезімізде де жұбатып, түн ұйқысын төрт бөлетін де анамыз. Ананың ар-ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі секілді үш бақыты бар. Олар өмірін де осы үш бақытпен байланыстыра өрбітеді. Әйел баласының ерін күтуі, оған адалдығы өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ дүйім аналардың құрметіне арналған аллеяны бүлдіру әрекетін қастандықтан басқаға сыйдыра алмадым. Кім не айтса, оны айтсын, бірақ біздің ойымызша мұндай сорақы тірлікке тек аналарын құрметтемейтін, сыйламайтын жандар ғана барады.
Жыл басынан бері қала көшелеріндегі орын алған жол-көлік оқиғалары мен вандалдық әрекеттердің салдарынан бюджетке 48 миллион теңге шығын келген. Бұл мәліметті қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов баспасөз мәслихатында айтқан болатын. 48 миллион теңге аз ақша емес. Бұл ақшаны бүлдіру мен құртуға бағытталған әрекеттердің салдарын жөндеуге жұмсағанша жоқ-жітікке берген дұрыс еді. Теріс әрекетке барғандар мұны түсінбес. Дегенмен...
Аналарға арнап жыр жазбаған ақын, қалам тербемеген жазушы, ән арнамаған сазгер жоқ шығар. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген әнді жаттап өстік. Көктеммен бірге келетін 8 наурыз мерекесінде жыл сайын орындадық, әлі де шырқап келеміз. Ана тақырыбын адам баласы ізгі ниетпен сөз етеді. «Жер-Ана», «Табиғат-Ана», «Ана тілі» деуіміздің өзі тегін емес. Әнұранымыздың сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтей ақын:
«Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты...» – деп тебіренеді. Тұманбай Молдағалиев:
«Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп
ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып.
“Сөнбейсің” деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш
тұрып» –
деп ана махаббатының бала біткенді кез келген қиындықтан шығаратынын жырға арқау етеді. Мұқағали Мақатаев болса: «Шеше, сен бақыттысың» деп өлең арнады. Ал біздегі тірліктің сыйқы әзірге құрту мен бүлдіруден ары аспай тұр. Өкінішті...
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ