Өзге ұлт өз тіліндей құрметтесе...

Атақты лингвист Ноам Хомский: «Тіл – алдымен ойлау жүйесі мен танымның тірегі, сосын барып қатынас құралы» деген тұжырым айтады. Осы арада біздің де жіберген қателігіміз менмұндалайтындай. Себебі қоғам арасында тілдің қолданыс аясына қатысты дау-дамай көбейді. Алайда ауызекі сөйлеу жүйесін, сөздік қорды бірізділікке түсіру секілді маңызды сатыны ұмыт қалдырып жатамыз. Мысалы виртуалды байланыс ортасында қазақ тілінің халі мүшкіл. Әсіресе әлеуметтік желіде орыс тілін араластыра қолдану, белең алуда. Тиісті емле-ереженің сақталуынан бөлек, сөздердің жазылуы мен таза тілді қолдану қаперге алынбайды. Тіпті электронды хат алмасудағы сөйлеу мәдениеті мен қолданыс үрдісі мүлде бөлек сарында дамып келеді. Қатесіз жазуды кітаби тілдік норма санатына жатқызып, екеуара әңгімеде өрескел қателіктер жіберуде. Мұның барлығы тілдің жалпықалықтық сөйлеу-жазу жүйесіне сауатты орнықпағанының салдары.
Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін белсенділер арасында «qazaqsha jaz» жобасы жүзеге асып келеді. Бір қуанарлығы, сауатты аударма мен жазу мәдениетіне шақырған жастардың қатары күннен-күнге өсуде. Мақсаты – қазақ тілінің сауатты әрі жүйелі қолданысын дамыту. Бастама Қазақстан бойынша кең өріс алып, ірі бизнес орталықтары мен сауда желілерінің жарнама-қызмет саласы қазақ тіліне құрмет көрсетіп, негізгі қатарға шығара бастады.
Қазақ тіліне деген құрметтің ендігі көрінісі – өзге ұлт өкілінің қазақша сөйлеуі. Бүгінде қазақша сөйлейтін орыс не кәріс көрсек таңырқауды тия алмай келеміз. Құдды бір ерлік белгісіндей әспеттеп, таңырқаймыз. Алайда бұл әрбір қазақстандықтың қазақ халқына алғысы, Отан алдындағы міндеті екенін ескеру қажет. Себебі Америкада ағылшынша сөйлеген адам өзін ерекше ерлік көрсеттім деп санамайды ғой. Ол қоғамның талабы, әлеуметтік-сауда құрылымдарының міндеті екенін түйсінеді. Қазақстан үшін де сол қағида ортақ үрдіске айналу қажет. Ол аз десек, аш-жалаңаш ел кезген халықты жатсынбай бауырына басып, соңғы нанын бөліп берген¬ дархан қазаққа өз ұлт ілтипат білдіріп, мемлекеттік тілде сөйлесе, ар-жүгінің¬ жеңілдегені, қайырымның қайтарымы екені даусыз.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ