Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Тіл мерекесі тегін емес

Тіл мерекесі тегін емес


Кез келген ұлттың еркіндік жолындағы басты қаруы тіл екені белгілі. Әлемдік саяси аренада тілдік үстемдікпен ішкі-сыртқы күрес жүргізіп келе жатқан қаншама елді білеміз. Олар өзінің бірегейлігі мен даралығын сақтауға тырысып келеді. Кемел тілді келер буынға аманаттау жауапті іс. Себебі қолданушы болмаса, тіл де жұтаң тартады, дамуы кенжелейтіні белгілі. Дәл сол мысалда қазақ тілі де бар. Отарлық қамыты мен Кеңестік идеология шеңберінде тұншыққан тіл бүгінгі күнде де алаң тудыруда. Сөйлеуші санының кемуі, аударма сапасының төмендеуі, орыс тілінің ықпалы тіл дамуын тежеуде. Ал, оны құтқару, қолданыс аясын кеңейту жүйелі жоспарды талап етері анық. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күнінің маңызы да, мәні де осында жатыр.
Айтулы датаның дәл бұл күнге сәйкес келуі кездейсоқ емес. Мұнда ұлттың рухы мен ғылымының өзегі бар. Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуі қазақ тіл білімінің негізін салушы, ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күнімен белгіленген. Бұл – қазақ тіліне өміршеңдік сыйлаған ғалымға деген құрмет, өткенді ардақтау. Себебі Алаш арысы ұлт пен тілдің ажырамас түсінік екенін елден бұрын жете түсініп, тіл білімін бірізділікке түсіруге күш-жігерін сарп еткен күрескер. Бүгінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген ұлағатты сөзі қазақ халқының тағдырына қатысты берілген нақты ұстаным ретінде дәріптелуде. Сондықтан, қазақ әліпбиінің қамқоршысы дүниеге келген күн – тіл болашағының бастауы. Оны тіл мерекесімен қоса тойлау қалың қазақ үшін үлкен мерейге айналды.

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»

Бүгінде көптілділікті ұран еткен әлемдік үрдіс, әлсіз тілдердің жұтылуына әсер етуде. Мәселен, әлемде 6700-ден аса тіл бар болса, соның жартысына жуығы жоғалу қаупінде тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы ХХІ ғасырдың соңына қарай жер бетіндегі ұлт тілдерінің жартысы қолданыста болмайды деген тұжырымда. Тіпті, ЮНЕСКО 2010 жылы жоғалу алдында тұрған әлем тілдерінің атласын жасады. Оған 2500 тіл мен диалект енген. Бір ғана Еуропаның өзінде жойылу қаупінде тұрған 212 тіл бар екен. Сондықтан, тіл үшін күрес – тегін іс емес, елдік сананың көрінісі, ұлттық жадтың қорғаны.

Аймақтағы тіл мәдениеті

Тілдер мерекесі Сыр өңірінде де ескерусіз қалмайды. Індеттің шектеуіне қарамастан аймақта Қазақстан халқы тілдері күні мерекесін атап өтудің іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспар аясында мәнерлеп оқу, ақындар мүшәйрасы секілді онлайн шаралар және тіл жанашырларын марапаттау рәсімі ұйымдастырылады деп күтілуде.
– Бұл мереке – Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрамы. Осыған орай Қызылорда қаласы мен аудандарда мерекелік шаралар карантин талаптарын сақтай отырып өткізілетін болады. Атап айтқанда, оқушылар арасында «Тіл мерейі – ел мерейі» облыстық онлайн мәнерлеп оқу байқауы, «Шешеннің тілі – шебердің бізі» атты қашықтан облыстық полиглоттар байқауы, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «1001 мақал, 101 жұмбақ» интеллектуалдық онлайн сайысы мен «Тілдер әлеміне саяхат» зияткерлік ойыны, ересек тіл үйренушілер арасында «Туған тілге төрден орын берейік!» атты онлайн марафоны, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты үш тілде өлең оқу челленджі және «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік онлайн концерті өткізіледі, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова
Сонымен қатар, арнаулы оқу орындары мен жалпы орта білім беретін мектептер және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында Қазақстан халқы тілдері күніне орай онлайн ашық сабақ пен кітап көрмесін ұйымдастыру жүктелген.
Тіл – адамның жансарайы. Ұлттық болмыс пен салт-дәстүрдің өзегі де тілдік қатынасқа құрылған. Дәнегі егілген. Сондықтан, тілдің өміршеңдігін сақтау өткен буынның ғана артқан міндеті емес, бүгінгі ұрпақтың да асыл парызы.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
05 қыркүйек 2020 ж. 902 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам