"Зияткер отбасы" анықталды
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары мен ата-аналары арасында өткен «Зияткер отбасы» атты сайыста Дүйсеновтер отбасы жеңімпаз атанды.
Жас зияткер, анасы мен әкесінің басын қосқан интеллектуалды ойынға барлығы 6 отбасылық топ қатысты. Teams бағдарламасында қашықтан қатысушылар сайыстың ережесімен және мақсатымен танысты.
– Бұл онлайн оқыту жағдайында ата-аналармен жұмысты жандандыру және жаңадан келген 7-сынып оқушыларына мектептің танымдық жобаларын таныстыру үшін өткізілді. Шара барысында ата-аналар түрлі сайыстарға қатысу арқылы сынып арасындағы достық қарым-қатынасты арттыра түсті, – дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Малика Искакова.
Ата-аналар 3 кезеңде бақтарын сынады. Викториналық сайыста қатысушы отбасылар ұяшықты таңдау арқылы оңай, орташа және қиын сұрақтарға жауап берді. Келесі ойында берілген суреттер бойынша жасырылған мақал-мәтелдерді табауға тырысты. Мұнда қатысушылардың логикалық ойлау қабілеттері мен нақыл сөздерді білу деңгейі бағаланды. Соңғы кезеңде топтар ұсынылған әуендердің 10 секундын тыңдай келе жасырылған ән мен күйді тауып балл жинады.
– Тапсырмалар қызықты әрі көңілді болды. Зияткерлік мектебінің басқа сынып ата-аналарымен танысып, қашықтан араласқанымызға қуаныштымыз. Өзге отбасылар мықты болды, дегенмен, біздің жанұямыз жеңіске жете алды. Осындай сайыстар алдағы уақытта жиі өткізіледі деген үміттеміз, – дейді «Зияткер отбасы» атанған 7 «В» сыныбының ата-анасы Айман Тауекелова.