“Даму” демеген жобалар
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы АҚ жаңа өндіріс орындарын ашып, халық тұтынатын тауарлар шығаруға мықтап ден қоя бастады. Сол сияқты қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуда. Кәсіпкерлерге бизнеспен, өндіріспен айналысуға даңғыл жол ашып берген «Даму» қорының аймақтық филиалы жақында бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген бірқатар кәсіпорындарға БАҚ өкілдері мен кәсіпкерлер үшін баспасөз турын ұйымдастырды.
Әрине, қордан қолдау тапқан ұжымдардың бәрін аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен «Жақсыны – көрмекке» демекші, осы шара барысында көптеген кәсіпорындардың бұл қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырғанына куә болдық. Сондай-ақ өз ісін бастаймын деп жүргендер үшін пайдалы тәжірибе болды десек артық емес. Қай жағынан алып қарасақ та бұл бағдарламаның ұтымды тұстары баршылық. Тек соны белгіленген заң аясында, үлкен сеніммен, табандылықпен іске асыра білу қажет. Ал ондай іскер адамдардың қатары бүгіннің өзінде аз емес.
Өз көйлегімізді киеміз
Қаламыздағы «DALATEX» – компаниясы бүгінде нарыққа отандық өнімді шығарып отырған бірден-бір тігін фабрикасы. Отандық киім тігуді қолға алған компания қазіргі уақытта өз өнімін шет елдерге экспорттауда. Сыр өңірінің даңқын асқақтатып жүрген тігін фабрикасының өнімдеріне деген сұраныс күннен-күнге арта түсуде. Осы уақытқа дейін ерлер жейдесін шығарып, танымал болған «DALATEX» компаниясы жаңа өнімдерді тігуді ойға алған. Фабриканың іші қызу тірлік. Тігін машинасының сырт-сырт еткен үні ғана естіледі. Тігіншілер басын көтерместен өз істерін жасауда. Өз істерін жақсы көретіндері сыртынан байқалып тұр, жұмыстарын ынтамен жасауда.
Жеңіл өнеркәсіптің қиындығына қарамастан өз көйлегімізді киюге мүмкіндік жасап келе жатқан «DALATEX» тігін фабрикасы 2016 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Әдепкіде ерлер жейдесін тіккен фабрика бүгінде өнім түрлерін көбейтті. Фабрикада әйелдер мен балалар жейдесі және арнайы киімдер тігуді қолға алған. Жылына 70-80 мың жейде тігетін фабрика 45-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Тігін фабрикасы жұмыспен қамтып ғана қоймай, маман даярлауға да үлес қосуда. Бұл саланы дамытудағы кедергінің бірі кадр тапшылығы болса, бұл мәселені өз күшімен шешуді қолға алған фабрика отандық өнім шығарумен бірге жергілікті жерде жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарын даярлауға үлесін қосуда.
Майра Асылбекқызының 1997 жылдан бері тігін машинасы қолынан түскен емес. Осы тігін фабрикасында ашылғаннан бері еңбек етіп келеді.
– Тігіншілік – қашанда сұранысқа ие мамандық. Әсіресе бүгінгі күні бәріміз сәнді әрі талғаммен киінгіміз келеді. Қанша мамандық болса да бұл өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше. Сол үшін әлі күнге дейін киім тігіп, құрақ көрпе құраудан бір қадам да алыстамадым. Ертеден бері өзінің өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде нарыққа ұсынып жүрміз, – дейді тігінші Майра.
Ерлер мен қоса әйелдер көйлегін тігіп, мектеп оқушыларын формамен қамтамасыз еткен фабрика жүгі ауыр жеңіл өнеркәсіп саласын өрге сүйреп келеді. Айта кетейік, пандемия кезінде де халыққа бетперде тігіп, тегін таратты. Тіпті бетперде тапшы облыстарға да жөнелтіп отырды.
– Тігін фабрикасы бастады, өзгелер қоштады. Сыр өңірінің халқы қайырымды екендерін тағы бір дәлелдеді. Ел басына күн туған шақта, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халыққа жанашырлық танытты. Мүмкіндігінше көмектерін аямады. Соның бірі – бетперде тігіп, тегін тараттық, – дейді «DALATEX» тігін фабрикасының атқарушы директоры Нұргүл Кусаева.
«Жан-Арай» жемі
«Жан Арай» агрокешені 18 жылдан бері облыста жұмыс жасап келеді. Зауыт құрама жем шығарумен айналысады. Ал 2016 жылы кәсіпорында қаз фермасы ашылған болатын. Қазіргі уақытта агрокешен 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тәулігіне 150 тоннаға жуық күріш, 170 тоннаға жуық ұн және 80 тоннаға жуық жем өндіруде.
«Жан Арай» мекемесі – заманауи талаптарға сай ауқымды агроиндустриялық кешен. Кәсіпорын өңірлік экономикаға инвестиция салудың және тұрақты жұмыс орындарын құрудың тағы бір жарқын көрінісі. Бүгінде агрокешен жанынан жаңа оқу орталығы бой көтерген.
– Мұнда оқу семинарлары мен шеберлік дәрістері, басқа да іс-шаралар өткізуге болады. Жақында ауыл әкімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өтті. Ауылшаруашылығы қызметкерлері үшін кәсіпорында көрнекі тәжірибелік оқулар өткізуге өте ыңғайлы, – дейді «Жан-Арай-Жем»ЖШС директоры Мұрат Айменов.
Жем шығару, күріш өңдеу жұмыстары халықаралық стандартқа сәйкестендірілген. Зауыт аумағында шикізатты, дайын өнімді сақтайтын қоймалар, автотаразы, арнайы зертхана, қаптау цехы мен диірмен орналасқан. Зауыттан шыққан күріш Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанға экспортталады. Жемге деген сұраныс та жоғары.
– Биыл екінші деңгейлі банк арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде. Пандемия кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге алған несиесін 6 процентке дейін түсіріп беру жұмысы жасалуда. Біз кәсіп ашамын деген азаматтарды әрдайым қолдауға дайынбыз, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының бас маманы Арман Үсенов.
Ұлттық өнердің насихатшысы
Өзгелерді әлемдік брендтермен таң қалдыра қою екіталай. Ал ұлттық нақыштағы киімдер әрқашан сәнде. Ұлттық киім тігіп қана қоймай, насихатына айналған Аида Керімқұлова – жиырма жылдан аса тәжірибесі бар кәсіби тігінші және білікті дизайнерлердің бірі.
Бүгінде қаладағы «Сапа Ка» ЖК ұлттық киімдер орталығы көпке танылып үлгерді. Бір ерекшелігі, мұнда отбасын құратын жастар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті қыздың жасауына дейін дайындап береді. Аиданың тігін шеберханасында киіз үй орналасқан. Оның іші ұлттық киімдермен, ұлттық жәдігерлермен жабдықталған. Шаңырақ көтеретін жастар осында келіп фотосессия жасайды екен.
– Біз әлі күнге дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлілігі мен әдемілігіне таңғалумен келеміз. Ұлттық өрнектердің көптеген техникасы мен мазмұны бар. Тіпті ертеректегі ою-өрнекті алғаш шыққан күйінде қолдансақ та маңыздылығын жойған емес. Ұлттық, этникалық киімдер осынысымен де қызық. Бүгінде жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу өзекті болып отыр. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи сұранысқа сай етіп тігу арқылы ұлттық рухты оятамыз деп білемін. Сәнге жету қиын, алайда ұлттық нақыштағы киімдер әрдайым өзектілігін жоғалтпайды, – дейді Аида Керімқұлова.
Шебердің инесі де, түймесі де – алтын демекші, тапсырыс берушінің талғамына сай келетін ұлттық киімді дайындауда Аида әрқашан сапаны бірінші орынға қояды.
Жарасхан Қуанышбайұлы