Сұрасаң, бата берейін

Бата беру – ат ерттеп, атан қомдаған бабамыздың беріге дейін жеткен, қанға сіңген салты. Өмірдің әрбір кезеңі, тұрмыстың әр сәті батадан бастау алып, сонымен тәмамдалатыны белгілі. Күнделікті ақ дастархан басында үлкеннің бата жасауы, ас қайыруы – байыпты іс.
Иә, әу бастан «батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген тәмсілді көкейге түйдік. Жасы мен жолы үлкеннен бата сұрау, сұрағанға ықыласыңды жеткізу үлкенге құрметтің, кішіге ізеттің көрінісі. Әрбір істің қайырын үлкеннің разылығынан күтетін халық үшін бұдан асқан ықылас жоқ.
Осы бір қазынамыздың бүгінде мән мағынасы мен қадір-қасиетіне терең бойлай алмай жүрген сыңайлымыз. Қасиетті қара сөздің қадірін түсіріп алдық-ау, шамасы. Тәуелсіз ел болғалы ширек ғасырдан асты. Кеткенімізді келтіріп, кемтігімізді толтыратын уақыт бұл. Жиын, той, дүбірлі сәттегі бата беруді айтпағанда, күнделікті ас қайырудың өзі жетім баланың күйіндей. Үлкеннің бата бере алмауы – атына сын. Көп жерде біріне бірі сілтеп, бата беруден қашқақтаған ата мен әжеден қандай өнеге болмақ? Мұндайда сүбелі сөзбен өлең өрнектемей-ақ, дайын батаны жаттап алса қайтеді деген де ой келеді кейде. Қалай дегенмен аға буын өкілдері өскелең ұрпаққа үлгі болар із қалдыруы керек шығар. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, біз айтып отырған мәселе ел ішінде бар екенін жасырмауымыз керек.
Елдігімізді сақтап, мәңгілік елге айналамыз десек салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарихымызды тереңнен тани түсуіміз керек-ақ. Бұл жолда осындай қарапайым дүниелер де ескерусіз қалмауы тиіс.
Айдана СЕЙІЛ