Көпке үлгілі мектеп
Жеткіншектің жұлдызын жағып, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтуде білімғылым мен тәлім-тәрбиенің ықпалы ерекше. Себебі бүгінгі дамыған заманда өркениеттің өлшемі, елдің кемел келешегі оқу-ағарту саласындағы оңды бастамалар арқылы жүзеге асуда. Ал оның қайнар көзі – мектеп пен ұстаз дейтін егіз ұғымнан бастау алады. Шәкірт жүрегіне нұр құйып, жан-жақтылыққа баулитын киелі шаңырақ қоғам үшін қай кезде де маңызды. Осындай талап үдесінен шығып, адам бойындағы ізгілік атаулыны қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қаладағы №10 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің орны бөлек.
Білім ұясының іргетасы 1962 жылы 250 оқушыға арналып қаланған. Алғашқы оқу жылында мектепті 18 шәкірт бітірген. 1963-1964 оқу жылынан бастап бүкілодақ бойынша қосымша мамандық беру саясатына байланысты барлық мектептер 11 жылдық білім беру жүйесіне көшеді. 1964-1965 оқу жылында мектепті 28 оқушы бітіріп, олардың 11-і тас қалаушы, 17-сі сылақшы деген қосымша мамандық алып, көпшілігі мектеп бітірген соң өндірісте бір жыл жұмыс жасап, келер жылы өздері қалаған жоғары оқу орындарына түседі. 1965-1966 жылдары целлюлозды картон комбинатының кейбір цехтарына картон шығаруға керекті мамандар даярлау мақсатында оқушыларды сол мамандықтарға дайындау жұмыстары жүргізілді. Сол оқу жылы мектепті 39 оқушы бітіріп шығады.
Білім ұясының іргетасы 1962 жылы 250 оқушыға арналып қаланған. Алғашқы оқу жылында мектепті 18 шәкірт бітірген. 1963-1964 оқу жылынан бастап бүкілодақ бойынша қосымша мамандық беру саясатына байланысты барлық мектептер 11 жылдық білім беру жүйесіне көшеді. 1964-1965 оқу жылында мектепті 28 оқушы бітіріп, олардың 11-і тас қалаушы, 17-сі сылақшы деген қосымша мамандық алып, көпшілігі мектеп бітірген соң өндірісте бір жыл жұмыс жасап, келер жылы өздері қалаған жоғары оқу орындарына түседі. 1965-1966 жылдары целлюлозды картон комбинатының кейбір цехтарына картон шығаруға керекті мамандар даярлау мақсатында оқушыларды сол мамандықтарға дайындау жұмыстары жүргізілді. Сол оқу жылы мектепті 39 оқушы бітіріп шығады.
БІЛІКТІ БАСШЫ
2013 жылғы қыркүйек айынан бастап білім ұясы Ыбырай Алтынсарин атындағы № 10 мектеп-лицей атанды. Бұл кезеңдерде мектепті елге белгілі азаматтар басқарды. Мектептің алғашқы директоры Гажданбек Ибраев болды. Одан кейін 1964-1965 жылдары Әбдіғали Ахметов, 1965-1966 жылдары Бақытжан Есбаев, 1966-1973 жылдары Серікбай Қырықбаев, 1973-1978 жылдары Қожан Нұрпейісов, 1978-1982 жылдары Камал Есетова, 1983-1986 жылдары Айтмағанбет Жылқыбаев, 1986-1992 жылдары Алдан Қожамұратова, 1992-2013 жылдары Марат Төкен, 2013-2017 жылдары Берік Бекенов басқарды.
2017 жылдан бастап Асылбек Мақашев басқарып келеді. Асылбек Бақытбекұлы білім беру саласында қажырлы еңбек етіп, түрлі қызмет сатысынан өткен басшы.
ЖАҚСЫ ЖОБА ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ
Ыбырай Алтынсарин атындағы № 10 мектеп-лицейінде оқушыларға арналған бірнеше жоба қолға алынған. Киелі шаңырақ өрендерді тереңдете оқытып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау, қоғамға бейімдеу, түрлі деңгейдегі мәдени-рухани іс-шараларға белсене атсалысу істеріне де дағдыландырады. Өйткені әрбір көзі қарақты ата-ана баласының толыққанды білім алуымен қатар, олардың ой-өрісі, дүниетанымының кеңеюін де қалайды. Осы орайда аталған білім ордасында ғылыми-шығармашылық бағытта ізденімпаз, жаңашыл оқушы тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінген. Асылбек Бақытбекұлының бұл жобалары бүгінде қаладағы басқа да білім ошақтарында жүйелі түрде жалғасын табуда. «Жас бітімгер», Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Тарихи өлкеге Марғұлан ізімен» жобасы және «Бәрін таста, кітап оқуды баста», «Жалын», «Өз өміріңді өзгерту өз қолыңда», «Жас медиатор», «Ән мен әнші», «Жас қаламгер» атты жобалар бар.
«Тарихи өлкеге Марғұлан ізімен» жобасында оқушылар қаладағы музейлерге саяхат жасаған. Олар қаланың тарихына қанық болып, ескі жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ, қалалық білім бөлімінің қолдауымен Түркістан қаласына саяхат жасап, Сығанақ қаласына танымын кеңейтуге мүмкіндік жасады.
Ал «Жас бітімгер» жобасында оқушылар заңмен танысады. Мектепке арнайы медиатор бөлінген. Ол аптасына бір рет оқушылармен кездесіп, құқықтық сауаттылыққа үйретеді. Асылбек Бақытбекұлы бұл жобаның оқушылар үшін пайдалы екенін айтты. Олардың тәртіп бұзбауы үшін, болашақта заңды білуі үшін жобаның маңызы зор.
Сондай-ақ «Бәрін таста, кітап оқуды баста» жобасы да қызық. Әр жұма күні оқушылар кітап оқиды.
– Бұл сәтті жоба болды. Оқушылар кітапханаға барғанда керек кітабын таба алмайды. Кітапханашы апайларға айтуға ұялады. Осының бәрін ескеріп осы жобаны ойладық. Оқушылармен қатар тіпті ұстаздар да бұл жобаның тиімді екенін айтуда. Олар да өзіне қажетті кітаптарды алып оқуда, – дейді Асылбек Мақашев.
Бұрын мектепте арыз-шағым жәшігі болатын еді. Алайда жәшік үнемі бос тұратын. Ал Асылбек Бақытбекұлы оны «Оқушы үні» деп өзгертіпті. Оның себебін де сұрадық.
– Арыз-шағым дегенді оқушылар дұрыс түсінбейді. Арыз деген сөздің өзі құлаққа жағымсыз естіледі. Сол себепті «Оқушы үні» етіп өзгерттік. Жәшікті аптасына бір рет ашып оқимын. Содан түрлі ұсыныстар келе бастады. Ең қызығын білесіз бе? Бір оқушыдан «мектепке айна орнатып бересіз бе?» деген ұсыныс түсті. Шынында мектепте айна жоқ екен. Сөйтіп айна орнаттық, – дейді мектеп директоры.
Қай мектепке де бұл жобалардың керегі анық. Білім ошағын аралау барысында ұстаз бен оқушы арасындағы байланыстың жақсы екенін түсіндік. Асылбек Бақытбекұлы оқушылар үшін барлық жағдайды жасауға дайын екенін жеткізді.
ҰСТАЗЫ МЕЙІРЛІ, ШӘКІРТІ ПЕЙІЛДІ
Ұстаздық – ұлы қасиет. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейеді. Алайда оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек.
Шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу ұстаздың басты парызы. Ұстаз болу үшін үлкен жүрек, жайдарлы мінез, адами қасиет керек. Бойында осының барлығы табылған адам ғана шәкірттің шырағын жағатын, білімде де, ғылымда да ұшпаққа шығаратын нағыз ұстаз бола алады. Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейінің ұстаздары оқушы бойындағы дарынды байқап, оларға жол көрсетіп жүрген бірден-бір бағдар. Бүгінде білім ошағының оқушылары түрлі сайыстардан жүлделі орындардан көрініп жүр.
Әр оқу жылы сайын «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерінің қатары көбеюде. Оқушылар республикалық, облыстық олимпиадаларға, байқауларға қатысып жүлделі орындар иеленіп жүр. Республикалық ғылыми жоба конкурсының облыстық кезеңінен биология пәнінен 9 сынып оқушысы Лауласын Бүркітбай ІІ орын, ағылшын тілі пәнінен Аружан Молдадин ІІІ орын, математика пәнінен Рауан Байбол ІІІ орын иеленген.
Математика пәні бойынша халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Жас ғалым-2018» республикалық ғылыми жоба конкурсында 10 сынып оқушысы Рауан Байбол І орын иеленсе, республикалық ғылыми жұмыстар конкурсының облыстық кезеңінен физика пәнінен 11 сынып оқушысы Дильназ Жұмабек ІІІ орын алған.
«Цифрлы технология – болашаққа батыл қадам» облыстық ғылыми жобалар байқауында физика пәні бойынша 11 сынып оқушылары Рахат Орынбаев, Дидар Сәрсенбек І орын алған.
2020-2021 оқу жылында 11 сынып оқушысы Айжан Болатова «Мамандықтар әлемін ашамыз» қалалық байқауына қатысып І орын иеленіп, енді республикалық кезеңіне жолдама алды.
Адам өз еңбегінің аз да болса жемісін көрсе, қуанышқа бөленері анық. Себебі әрбір жетістік бақыттың қайнар көзі. Шәкірті биікке көтерілсе, ұстаз еңбегінің еш кетпегені. Бар білгенін балаға үйретуден жалықпаған мұғалімдер қандай марапатқа да лайық. Осы тұста аталған білім ордасының тәлімгерлері біраз асуларды бағындырған. Мәселен, мұнда республика көлемінде танымал мұғалімдер де қызмет атқарады.
Білім ордасынан қанат қаққан түлектердің қатары жыл санап көбеюде. Олардың ішінде көптеген қоғам қайраткерлері мен мәдениет саңлақтарымен қатар, түрлі салада елімізді халықаралық деңгейде танытып жүрген тұлғалар да бар.
Білімнің биік мінберінен ойып орын алған мектеп ұжымы осылайша өркениетті заманның талап үдесінен шығу жолында әркез талмай еңбек етуде. Себебі мұнда өз ісіне адал майталман мамандар мен кемел келешегім – білімде деп ұғынатын ынталы шәкірттер бар.
Жарасхан ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ