Әбігер әлем
«The New York Times»
«Төбеден түскен» төртеу
«Гонконгтағы демократияның соңғы сарқыншағы саналатын заңгерлерге қысым көрсету қаланың саяси кеңістігі мен қауіпсіздігіне орасан өзгеріс әкелуі мүмкін. Бұған дейін демократия көшбасшыларын құрықтаған Қытай билігі енді Гонконгтағы тәуелсіз сот жүйесі мен ақпараттық агенттікке ауыз салды. Бұрынғы Британия боданындағы шаһар «Бір ел, екі жүйе» саясатын берік ұстануы қажет еді. Қаладағы заң шығарушы органы мен Заң шығару кеңесіне жасалған қысым осы келісімді бұзумен пара-пар. Деннис Квок, Квок Ка-ки, Кеннет Люн және Элвин Юнг есімді төрт шенеунік Қытайды қаланың экономикалық-саяси өмірін өзгертуге тырысты деп айыптаған. Бейжіңнен келген ресми өкіл бұл көзқарас үшін төрт азаматты жұмыстан шеттетті. Мұндай әділетсіздікке мойынсұнбаған тағы 15 қызметкер бірнеше сағаттан соң өз еркімен жұмыстан шыққан».
Сонымен қатар мақалада өз еркімен жұмыстан шыққан шенеунік У Чи-вайдың оқиғаға қатысты пікірі жарияланған. Саясаткер қаланың болашақ дамуы мен саяси бет-бейнесіне алаңдаушылық білдіріп, демократияның толық орнамағанын ашына жеткізген:
«Авторитаризм кезеңінде демократияға барар жол ұзақ әрі азапты болары белгілі. Алайда біз қысымнан қаймықпай, міндетті түрде тығырықтан шығар жолды табамыз. Маған айту қиын, гонконгтық азаматтардың көбі бүгінгі күнді көмескі деп ойлайды. Бірақ еркіндік, теңдік, әділдік жолындағы күресте тайсалмай тойтарыс берсек, күндердің күнінде өзіміз қадір тұтқан асыл құндылықты қайтаратынымыз анық».
Расында, Гонконгта өткен қарсылық шарасының дені «материктік Қытайдың» батыс ықпалын тежеу салдарынан орын алатын. Себебі шаһар Қытай иелігінде болғанымен, заңнама мен ережелер жүйесі алабөтен, елдегі ортақ заңнамаға сәйкес келмейді. Тіпті Қытай азаматтарына қалаға кіру талабы да қиын. Мұның барлығы өзара ықпал жарысына айналып, елдегі ахуалды шиеленістіре түскен. АҚШ демократияшыл қоғамды қалыптастырып, Азиядағы батыс қаласын орнатуға тырысса, Қытай ұлттық ерекшелік пен ортақ заңнаманы еңгізуді арман етеді. Міне, осындай айла-шарғы, айғай-сүрең, қуғын-сүргін сипатындағы әрекет шаһардың локалды жүйесінің берекесін кетіруде.
«Джо Байден Трамптың бұл әрекетін «абыройсыздық» деп бағалап, еш нәтиже бермейді деген пікірде. Себебі Трамп «Ақ үйді» босатпағанымен, Байденді маңызды ресурс пен құпия ақпаратқа иелік құқығын айыра алмайды. Сейсенбідегі конференцияда Джо Байден командасы бұл ресурстарсыз-ақ амалдауға болатынын және Трамп әкімшілігіне өзін президент деп мойындату туралы сотқа арыз бермейтінін жеткізді».
Республикандықтар мен демократтардың текетіресінде Байденнің асығы алшысынан түскені белгілі. Сарапшылар Трамптың ендігі әрекеті еш нәтиже бермейтін бос әурешілік деген пікірде. АҚШ азаматтары да бұл қадамға қарсылық білдіріп, наразы екенін ашық айтуда.
«Қос тарап бітімге келді, Таулы Қарабақтағы жанжал шешім тапты. Нәтижесінде Армения 15 қарашаға дейін Кельбаджар ауданын босату керек; 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданынан кетуі қажет; жанжал орны мен Лачин дәлізінде Ресейдің бітімгер әскері уақытша орналасатын болады. Міне, келісім осылай. Дерек бойынша, бітімгер әскер 1960 адамды құрайды. Оған қоса, 90 бронетранспортер, 380 автокөлік пен арнайы техника жеткізіледі. Қоныстанушыларды қайтаруды БҰҰ-ның босқын ісі жөніндегі жоғары комиссары бақылауға алады деп хабарланды. Сондай-ақ Нахчиван дәлізін салу бастамасы да жоспарланған».
Таулы Қарабақтағы соғыс өрті тұтанғалы әлем назары осы аумақта болғаны белгілі. Бұған дейін «BBC», «CNN» арналарының оқиға орнынан түсір¬ген бейнематериалы ақпаратты бүкпесіз беруге септігін тигізсе, бұл жолғы хабар ақпаратты жедел әрі нақты таратуда мүмкіндік берді.
Өткен апта «CNN» арнасында Джесси Юнгтың Жапония ханзадасы Акисиноның тақ мұрагері атану шарасына байланысты «Жапония тақ мұрагерін тағайындады» атты арнайы хабар жарық көрді. Хабарда патша сарайында өткен шараның мән-маңызы сараланып, жоралғының жөн-жобасы баяндалған.
«50 адам қатысқан салтанатты шараға патша әулеті мен премьер-министр Ёсихидэ Суга және шет мемлекет елшілері қатысты. Барлығы қауіпсіздік шарасын сақтап, бетперде таққан. Шара барысында тақ мұрагеріне асыл мұра саналатын «қанжар-қорған» табысталды. Нарухито патша Акисино ханзадаға келер тақ мұрагерін сайлауға ерік беретін қылышты берді. Акисино: «Мен жауапкершіліктің салмағын сезінемін және өз міндетімді абыроймен атқарамын» деді. Негізінде салтанатты шара сәуір айына жоспарланған болатын. Алайда пандемия салдарынан кейінге шегерілген».
Ерсін ШАМШАДИН