ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ: әліпбидің жаңа жобасы ұсынылды
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өтті.
Жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасын ұсынды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа әліпбидің мектептер мен білім беру ұйымдарына жүйелі түрде енгізудің алдын ала дайындық кезеңдері, ұстаздарды, оқулықтарды даярлау мен әдістемелік құралдарды жаңарту мәселесі бойынша ақпарат берді.
Мамандардың айтуынша, жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.
Қазақстан Президенті әліпби жобасын ғалымдармен бірге толық зерделеп, Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды.
Шынтуайтына келгенде, латын қарпіне көшу жайы кеше басталған жоқ. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай күн тәртібіндегі мәселеге айналып келеді. 2006 жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес» – деген еді. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз жайлы кесімді сөз айтылған.
Қазақ әліпбиінің тарихына үңілсек, Ұлы далада осы уақытқа дейін бірнеше жазу түрі қолданылыпты. VІ-VІІ ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы қолданылған. Мұны адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі деп атауға да болады. V-ХV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Ислам дінімен бірге араб әліпбиі қатар келді. Біртіндеп руникалық жазулар қолданыстан шыға бастады. Қазақстан аумағындағы халық ХХ ғасырға дейін араб әліпбиін пайдаланды. 1929 жылы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Призидиумы латындандырылған жаңа әліпби «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Содан 1940 жылға дейін латын әліпбиі негізінде жасалған жазу қолданылды. Ал 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Содан бері Қазақстан азаматтары кириллица нұсқасындағы жазуды пайдаланып келеді.
Дүйім жұрттың арасында «латынға көшсек осы кезге дейін жеткен жетістігімізді, әдебиет пен ғылымдағы табысымызды жоғалтып аламыз ба?» деген қорқыныш бар екені жасырын емес. Дегенмен мұндай пікірге жөнсіз жол беруге болмайды. Жазушы Төлен Әбдікұлының республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында жаңағыдай ойдың жетегінде жүргендерге былайша жауап береді. «Жетпіс жыл бойы жасалған мұрамыз далада қалып қоймай ма деген де пікірлер айтылуда. Оған – араб әрпінен латын қарпіне, одан кириллицаға көшкенде қай асыл мұрамыздан айрылдық деген қарсы сұрақпен жауап беруге болар еді», – дейді жазушы. Бұдан артық ешқандай дәлелдің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сонда да «Attila group» интернет компаниясының өкілі Біләл Қуаныштың: «Абай жолын» 3 секундта жаңа әліпби жүйесіне аударуға болады» – деген пікірін назарларыңызға қайта салып қоюды жөн көрдік. Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ Қазақстандағы әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп екендігін алға тартады. Ол: «Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар. Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Біз әліптің артын бақтық. Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек» – дейді ғалым.
Рухани жаңғыруға ден қойған елімізде латын әліпбиі қолданысқа енсе, ана тіліміздің тамырына қан жүгіретіні анық. Ол кезде біздің тіліміз ғылым мен техниканың тіліне де айналады.
Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ