109 тыңдап тұр…
Бүгінде тұрғындар үшін «109» қызметі тиімді болып тұр. Қандай да бір мәселе болмасын, 109 нөмірін тере қалсаңыз, телефонның ар жағынан «109 тыңдап тұр» деген дауысты естисіз. Байланыс орталығы тыңдап ғана қоймай, мәселенің шешімін табуына жедел әрекет етеді.
Анығын айтқанда өңірде өткен жылдан бастап 109 бірыңғай байланыс орталығы құрылды. Аймақ тұрғындары үшін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, кері байланыс сапасын жақсартуды көздейтін орталықта «Көмек-109» ақпараттық жүйесі, операторларға арналған call-орталық бар. Мұнда тәулік бойы 24/7 режимінде 28 диспетчер-оператор қоңырау қабылдайды. Өтініштің орындалу процесін жіберуші диспетчерлер өтініш жабылғанға дейін бақылайды.
Тарқатып айтқанда, бүгінде «Көмек-109» жүйесіне «Қызылорда автобус паркі» ЖШС, «Ақнұр Авто» ЖШС, «Кызылорда Тазалығы» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ», «Қызылорда су жүйесі», Жылу электроорталығы, Энергосервис, Ветеринариялық орталығы секілді барлық коммуналдық қызметтер қосылған.
Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, биыл жыл басынан бері бірыңғай байланыс операторына 64341 өтініш келіп түскен. Оның 3162 «Қызылорда Тазалығы» ЖШС-не, 17732-ы «Энергосервис» ЖШС-не, 10991-і «Қызылорда су жүйесіне», 14713-ы «Ақнұр Авто» ЖШС, 2084-і ПИК мәселелері бойынша, 13444-ы әртүрлі мәселелерге бағытталса, 2215-і кеңес беру және басқа бағыттарына арналды.
Айта кетейік, бірыңғай байланыс орталығы енгізілгелі коммуналдық мәселелер бойынша тұрғындардың өтінімдерін орындауын бақылау жасау жақсарған.
«Ақмешіт-ақпарат»