Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Су жүйесіндегі мәселе неден туындады?

Су жүйесіндегі мәселе неден туындады?

Жақында Facebook әлеуметтік желісінің Алинур Бекшин атты қолданушысы Қызылордадағы «Су жүйесі» мекемесіне қатысты бірнеше мәселені жазған. Әзірге нақты кім екені белгісіз жанның жазбасында мұндағы қызметкерлердің қыркүйек айынан бері жалақы алмағаны айтылған.


«Қызылорда Су жүйесі мекемесенің басшылары жұмысшылардың жүйкесін тоздырды. Жалақыны қарапайым жұмысшылар қыркүйек айынан бастап алмаған, тек контордың ішінде отыратын жемқорлар алып отыр. Мына басшысы Жәмиев Марат алаңсыз бассыздық жасап отырғаны, жұмысшы өз айлығын жалынып сұрап жүр» ─ делінген жазбада.












 
Жалпы қаладағы «Су жүйесі» мекемесіне қатысты дау-дамай бұрыннан бар. Оның бірден-бір себебі ретінде ауыз судың сапасын, ғимараттың ескі екенін, тіпті жұмысшылардың 5-6 айлап айлықтарын кешіктіріп алуын атап өтуге болады. Бұған тұтынушылардың ауыз суға уақытылы қарыздарын төлемейтінін қосыңыз. Мәселенің мәнісі осында жатыр.


Көтерілген мәселенің анық-қанағын білу үшін «Су жүйесі» мекемесіне барып, басшысы Марат Жәмиевпен кездестік. Ол қызметкерлердің айлығы кешігіп жатқанын, әзірге тек қыркүйек айының жалақысы берілгенін жеткізді.

─ Біздің мекеменің жұмысы халықпен тікелей байланысты. Қазіргі таңда «Су жүйесіне» жеке тұлғалар 599 млн 451 мың теңге қарыз болса, заңды тұлғалар 29 млн 500 мың теңге ақша төлемеген. Сол себептен қызметкерлерімізге уақытылы жалақы төлеудің мүмкіндігі болмай отыр. Халықтан қарыз ақшаны алу үшін ескертпе парақ таратып, смс-хабарлама мен автодозвон жіберу жұмыстары жүргізілуде. Нәтиже жоқ емес, қарыздарын төлеп жатқандар бар. Әйтсе де, кейбір тұрғындар біздің тараппен келіспей жатады. Сол үшін олар қазір абоненттік бөлімге келіп есептесуде. Дегенмен мекеменің қызметін толықтай қамтамасыз етуге бұл қаражат әлі де жеткіліксіз, ─ дейді мекеме басшысы.


Негізінен мекеме басшысы Марат Жәмиев аталған орында 1991 жылдан бастап 18 жыл қызмет еткен. Одан кейін қызметтік сатылардан өтіп, басқа мекемелерде жұмыс істеген. Өткен жылдың наурыз айынан бері «Су жүйесін» басқарып отыр. Жастайынан осы жерде қызмет еткен азамат өз қызметкерлеріне жанашырлық білдіруден де кенде қалмаған. Оларға арнайы киім тіктіріп, жұмыс істеуге жағдай жасауды қолға алған. Соның ішінде мекеменің ауласынан арнайы жуынатын душ салуды қолға алған. Жоғарыда аталған жазбада бұл іс те назарсыз қалмай «... ауласын асфальттап қорасынан САУНА соғып жатыр, кім үшін екенін де айтқан.» деп жазған.


─ Жалпы біздің қызметкерлер жұмыс барысында бұзылған құбырларды жөндеумен айналысады. Лас жұмыспен айналысатын олар жұмыстан кейін тек аяқ-қолдарын жуып үйлеріне қайтады. Бұл дегеніміз қай жағынан қараса да дұрыс емес. Сол үшін мекеме ауласынан ұзындығы 24 метр, ені 6 метр болатын шағын ғимарат саламыз деп шештік. Оның ішінде жалпы саны 10 дана душ кабинасы болады. Айта кетерлігі, оның құрылысына мемлекеттен ешқандай қаражат қарастырылмаған, мекеме жұмысшыларының көмегімен «асарлату» арқылы саламыз. Десе де мұндай істің өзін теріс бұрмалап, халық арасында керағар пікір қалыптастыратындар табылуда, ─ дейді мекеме басшысы.


Бұл құрылыстың қазіргі жай-жапсарын өз көзімізбен көріп те қайттық. Әзірге тек іргетасы қаланған. Одан бөлек, жазбада жазылған мекемені жаңғырту жұмыстарын да көрдік. Өткен ғасырдың 64 жылы салынған ғимаратқа осы кезге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қыс мезгілінде мекеме суық, ал ауласын батпақ басатын болған. Оны біз басшының жөндеу жұмыстарына дейінгі түсірілген мекеме суреттерінен көрдік. Қазір мекеме «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы жаңғыртудан өтіп, расымен де ауласы асфальтталған. Цех, гараж және бас ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, заман ағымына сай жабдықталған. Мұның нәтижесінде қызметкерлерге жұмыс істеуге және тұтынушыларға төлем төлеуге жағдай жасалған. Қызметкерлердің игілігі үшін жасалған істердің маңыздылығын білу үшін бірінші болып кездескен осында слесарь болып қызмет ететін Мақсат Алмағанбетов есімді азаматпен тілдестік:

─ Бүгінгі кездегі мекеме жұмысына көңілім толады. Бұрынғыдай емес, жалақымызды көп кешіктірмей алып отырмыз. Бүгінге дейін қыркүйек айының жалақысын алдық. Бұйыртса енді келесі айдың да айлығы түсіп қалар деген үміттеміз. Ал душқа келер болсақ, оның бізге аса қажет екені айтпай-ақ белгілі. Таза болып жүргеніміз өзімізге жақсы, ─ деді Мақсат Алмағанбетов.


Желідегі жазбада қызметкерлердің зиянды жұмысы үшін берілетін сүт өнімін басшы мен оның жақындары арасында бөліскені, ал қаладағы КНС-ті жөндеу жұмыстарын басшының өз компаниясы жүргізгені жазылған. Басшы бұл мәселеге де жауап берді:

─ Қазір барлығы заң жүйесінде жүргізіледі. Қандай нәрсені ұйымдастырсақ та ең алдымен «мемлекеттік сатып алуда» конкурс ұйымдастырылады. Мәселен, бізге сүт өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының «СвязьСтройСнабСервис-2008» компаниясы жеткізсе, КНС-тің жөндеу жұмыстарын Павлодар қаласының «В и К ЛТД» ЖШС жүргізді. Олар мұның барлығын конкурстан жеңіп алған, яғни жазбадағы деректерді рас деуге келмейді, ─ дейді Марат Жәмиев.

Қысқасы, келгеніне бір жарым жылдай болған басшының мекеме игілігі үшін атқарған істері аз емес. Оның ішінде осы кезге дейін құрылғылар кәсіпкерлерде жөнделіп, қазіргі таңда цех жұмысы қайта іске қосылғанын да айтуға болады. Одан бөлек «Су жүйесі» мекемесіне «көгілдір отын» кіргізіліп, жылу жүйесі жаңғырған. Алдағы уақытта ауланы абаттандыру, душ құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал желіде жазылған жазба иесінің көздеген мақсаты бізге белгісіз. Бізге белгілі болғаны басшы мекемедегі мәселені түгелдей шешпегенімен, бүгінгі күнге дейін аз іс атқармаған.

P.S.
Мекемеде бүгінгі таңда 696 қызметкер жұмыс істейді және 43 арнайы техника бар. Бұған дейін «Су жүйесіндегі» жұмысынан айырылғандар, яғни жұмыстан қысқартылғандар бар. Оған аттестациядан өте алмау, сынақты тапсыра алмау себеп болған.








(Бұрынғы гараж)

(Қазіргі гараж)
 



Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ



21 қараша 2020 ж. 446 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам